Асыл қазынаны сақтаушылар сынға түсті
Сатылмайтын, сарқылмайтын қазына – білім кітапта десек, сол құндылықтарды сақтап, күтіп, оқырманға жеткізіп отыратын кітапханашылар халықтың асыл мұрасын сақтаушылар екені рас. Үкіметтің 2022 жылғы 18 қазандағы № 833 қаулысымен «24 қазан – кітапханашылар күні» болып бекітіліп, үш жылдан бері бұл мереке ресми түрде аталып келеді. Осы айтулы күнге орай Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы аудан кітапханашылары арасында «Кітапхана көшбасшысы – 2024» байқауын ұйымдастырды.
Жасыратыны жоқ, қазір балалар кітап оқығаннан гөрі смартфонға үйір. Бәлкім, балалар кітапханашыларының байқауын өткізудегі мақсаттың астарында жасөспірімдердің кітапқа деген құлшынысын арттыру да бар шығар. Бұлай ой түюімізге балалар кітапханашыларының байқауда көрсеткен түрлі жобалары түрткі болды. Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тарту үшін кітапханашылар жаңаша әдістәсілдерді пайдаланып, өздері ойлап тапқан жобаларымен сынға түсті. Облыстық байқауға Байзақ, Шу, Жамбыл, Сарысу, Жуалы, Мойынқұм, Меркі, Қордай, Талас аудандарының балалар мен жасөспірімдер кітапханаларынан 9 үміткер қатысты.
Алғашқы кезең бойынша олар өздерін, жұмыстарын ұтымды әдіспен таныстырып, партфолиоларын ұсынды. Осы кезеңде өз жұмысына жасанды интеллектті қолданған Жамбыл ауданының кітапханашысы Замира Хожамқұлованың жұмысы замана жаңалығын жетік меңгере білетін талапшылдығын танытты.
Байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар «Менің мамандығым – менің мақтанышым» атауымен жаңа форматтағы үздік жұмыс түрін ұсыну керек. Яғни, өздері жас оқырмандарды кітапханаға қызықтыруда қолданатын бағдарламаларын, бір немесе бірнеше бағыт бойынша даму жобасын, еркін жұмыс түрін көрсетеді. Бірінен бірі асқан кітапханашылардың жобалары ішінде, әсіресе Сарысу ауданының кітапханашысы Әсем Тұрсынбай өзімен бірге жас оқырмандарын ерте келіп, қуыршақ театрын көрсеткені ерекше әсерлендірді.
Ертегі кейіпкерлерінің бейнесін киізден тігіп, оны балалар қолдарына киіп, қызықты театрлық қойылым көрсетті. Театр сахнасының макетін қатты қағаздан сәндеп жасағаны да көзге түсті. Алғашқы кезеңде ізденімпаздығымен көзге түскен Жамбыл ауданынан келген Замира Дүйсенғалиқызы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арнап ауданда өткізген мәнерлеп оқу жарысынан үздік болып топ жарған оқырмандарымен облыстық байқауға келіп, «Менің атым Қожа» шығармасының үзіндісін сахналады. Бұдан кейін қатысушылар үздік библиографиялық шолу, кітапханашы мамандығына қатысты сұрақ-жауап кезеңдерінде білімдерін сынап, соңында өз өнерлерін көрсетті.
Осындай сынақтардан кәсібиліктерін, білімдерін байқатқан кітапханашылар арасында Жамбыл ауданының кітапханашысы Замира Хожамқұлова озық шығып, бірінші орынға лайық деп танылды. Ал, екінші орынды Меркі ауданының кітапханашысы Айнұр Ергеш жеңіп алса, үшінші орынды Байзақ ауданының кітапханашысы Ақмарал Саршаева олжалады. Басқа қатысушылар өздері көрсеткен жұмыстарына қарай түрлі аталымдармен марапатталды.
Кітапхана ашылардың байқауда көрсеткен еңбектерінен оқырмандарды кітап оқуға қызықтыра тарту үшін үнемі ізденісте жүретіні аңғарылды. Тіпті, балалардың қызығушылығын тудырған цифрлық техниканы да кітапханашылар өз саласының жұмысына ұтымды пайдаланатындары көрінді. Байқаудың соңында облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ауданнан келген кітапханашыларға әдістемелік көмек ретінде үздік жобалар мен оның жасалу жолдары туралы кітапшалар таратылып, дәстүрлі емес үздік кітап көрмелерін көрсетіп, таныстырды.
Қамар ҚАРАСАЕВА