Әлеумет

Доқтырхан Тұрлыбек – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

25 қазан – Республика күні қарсаңында Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

Соның бірі – жерлесіміз, облыстық «Aq jol» газетінің бұрынғы қызметкері, жазушырежиссер, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры, халықаралық Санкт-Петербург психология академиясының Құрметті академигі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы Доқтырхан Тұрлыбек.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Республика күні қарсаңында Доқтырхан Тұрлыбекұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Көзі қарақты оқырманға Доқтырхан Тұрлыбекұлының есімі жақсы таныс. Оның қаламынан туған «Түбі түскен шелек және сыпыртқы», «Сталиннің мүштігі», «Қазақ қалжыңдары», «Қалша Қожаның қалжыңдары», «Өмірдің сегіз сәті», «Бойтұмар мен ойтұмар», «Бекет Ата жолымен», «Шераға» және «Екі килә алма және сникерс» атты жинақтары жарық көрген. Ол отызға жуық деректі бейнефильмнің авторы әрі режиссері. Шығармалары орыс, ағылшын тілдеріне аударылған.

Жерлесіміз, «Aq jol» газетінің бұрынғы қызметкері, жазушы-режиссер Доқтырхан Тұрлыбекұлын «Aq jol» газетінің ұжымымен жамбылдық оқырмандары айтулы марапатымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылық табыс тілейді.

Жалпы, биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілген.

Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ