Барлық қолдау – халықтың игілігі үшін
Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіледі. Бұл сала қоғамның әлсіз өкілдеріне көмек көрсететіндігімен де маңызды. Тағдырының бұйыртуымен қамкөңіл күй кешкен жандарға жүрек жылуын сездіріп, барынша көптің қолдауын сезіндіруге қызмет көрсететін бұл саланың мамандарын халықтың жанашырлары десек те болғандай.
Бүгінде облысымызда 45571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 4586 адам 1-ші топтағы, 16534 кісі 2-ші топтағы болса, 3-ші топта 17629 адам бар, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6822 жасөспірім. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларының орындалуы 97,9 пайызды құраған. Порталда 27089 өтініш тіркеліп, 26512 өтініш қанағаттандырылыпты.
Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1008 адамға 1488,6 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Есепті кезеңде 1008 адамға грант беру туралы комиссияның оң шешімі қабылданып, қаражаттары толығымен игерілген. Қоғамның әлсіз тобына жұмыссыздар да кіретінін ескерсек, облысымызда жұмыспен қамту іс-шаралары қалай жүргізіліп жатқанын да аталған басқарма басшысынан сұрадық.
Елімізде жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмыссыз азаматтарды қоныстандыру шаралары да жүзеге асырылып келеді. Бұл тұрғыда айтар болсақ, облысымыздан 123 отбасы, яғни 376 адам өзге өңірлерге көшірілген. Атап айтсақ, Павлодар облысына 54 отбасы, 175 адам, Солтүстік Қазақстанға 45 отбасы, 126 адам, Шығыс Қазақстанға 11 отбасы, 34 адам, Абай облысына 5 отбасы, 13 адам, Қостанайға 5 отбасы, 21 адам, Ұлытауға 3 отбасы, 7 адам қоныс аударған. Қоныс аударушы отбасылары толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленіп, жалдамалы тұрғын үймен қамтылған. Ал, атаулы әлеуметтік көмекке келсек, биыл облысымыздың 55423 тұрғынын қамту жоспарланып, оларға барлығы 4,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда көмек алушылар саны 9517 адамға азайыпты.
Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда ай сайынғы қосымша төлемге 980,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, 15786 баланы қамту жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 қазанына осы көмекті алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 9320 балаға 328,3 миллион теңге тағайындалып, 9278 балаға 295,9 миллион теңгесі төленген.
Қамар ҚАРАСАЕВА