Басты жаңалық

Тәуелсіздіктің тұғырлы тұлғалары

2022 жылы Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», деп атап көрсетті. Парламент Республика күнін ұлттық мерекелер тізбесіне енгізіп, оған Президент қол қойды.

«Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация» оңайлықпен қабылданған жоқ. Оның жобасын даярлау жөніндегі комиссияны басқару Ғылым Академиясынан Қазақ КСР халық депутаттығына сайланған академикдепутат Салық Зимановқа жүктелген еді.

Кеңес өкіметі орнаған тұста дүниеге келген болашақ ғалымның жастайынан ғылымға деген қызығушылығы оның соғыстан кейінгі өмірін Ғылым академиясымен байланыстырды. Ол заң институтын екі жылда тәмамдап, аспирантураға түсіп, заң саласының қыры мен сырын тереңдете зерттеуге зейін қойды. Осы табандылығы оны құқық саласы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш профессор атандырып қана қоймай, 30 жасында институт ректоры, 46 жасында академикке айналдырды.

Жас ғалымды академиктікке өткізерде Қаныш Сәтбаев шын ықыласпен шабыттана сөйлеп, болашақ академиктің ғылыми еңбектері Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуына оның басқа жұрттармен теңесіп өмір сүруіне жол ашады деп айрықша атап өткен. Осыған қарап-ақ болашақты арыдан бағамдайтын таланттардың бірін-бірі алыстан танитындығына тағы мәрте көз жеткізе түсесің. Тарихтан белгілі, тоқсаныншы жыл Кеңес одағы тарихына «егемендік шеруі» деген атпен енді. Дәл осы жылы 25 мамырда – Грузия, 12 маусымда – Ресей, 20 маусымда – Өзбекстан, 23 маусымда – Молдова, 16 шілдеде – Украина, 27 шілдеде – Беларусь, 22 тамызда – Түрікменстан, 23 тамызда – Армения, 24 тамызда – Тәжікстан, 25 қазанда – Қазақстан, ең соңында 15 желтоқсанда Қырғызстан өз егемендіктерін жариялады.

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясының 1990 жылдың 25 қазанында өткен ертеңгілік отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Бірнеше ай бойы талқыланып, толықтырулар мен өзгерістерге ұшыраған құжаттың соңғы нұсқасын даярлауға құрылған парламенттік комиссияның төрағалығына С.Зимановтың кандидатурасы мақұлданды. Комиссия 10 күнге жуық қызу жұмыс істеді. Парламенттің пленарлық мәжілісі де шақырылды. Комиссия төрағасының екі сағаттық таныстырылымы өткен соң 4 сағатқа созылған талқылау өтті. Айтулы күні әйгілі заңгер Салық Зиманов мінберде аяғынан тік тұрып, берілген 50-ден астам сұрақтарға мүдіріссіз жауап берді.

Бұл сол кезде жасы жетпіске таяп қалған академик үшін ерлікпен пара-пар әрекет еді. Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болса, сол күнгі сессияға 281 депутат қатысып, 79 депутат түрлі сылтаумен жиынға келмеді. Қатысқан депутаттардың 261-і құжатты қолдап, 18 депутат қарсы болса, 2 депутат қалыс қалды.

Осылайша маңызды құжат 25 қазан күні сағат 18:55-те қабылданып, мерейлі дата Республика күні деп жарияланды. Дегенмен, құжат 25 қазанда қабылданса да, оның БАҚ-та жариялануы үш күнге кешігуінің өзі көп нәрсені байқатады.

Бұл Одақты соңына дейін сақтап қалуды қолдаған Қазақстанның тарихи шешімді қабылдауына Кремль коммунистері дайын болмағандығын көрсетеді. Бұрын КСРО конституциясында әрбір одақтас республика оның құрамынан шығуға құқылы деген бап болған болса, осыны ескерген Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев секілді академиктер өз әріптестерімен бас біріктіріп, декларация мәтінін даярлады. Қабылданған құжат осыған дейін елімізде күші жүріп келген барлық кеңестік заңдардың құзыретін жойды.

Қазақстан бірінші рет өзін біртұтас территориясы бар ел ретінде әлемге паш етті. Заңды түрде отандастарымыздың нәсілдік, діндік еркіндігін орнықтырды. Декларацияда елімізде биліктің президенттік формасы қарастырылатыны, одаққа кіру мен шығу құқығын өзінде сақтайтындығы, халықаралық байланыстарда дербес субъект болып табылатыны, ішкі армиясы болатыны, одақтық меншіктен өз үлесін алуға құқылы екендігі үлкен табандылықтың арқасында көрініс тапты. Сонымен бірге құжатта қазақ халқына қатысты маңызды төрт қағида жарыққа шықты. Онда Қазақ ССР қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауаптылығы көрсетілді.

Қазақ ССР ұлттық мемлекеттiлігімізді сақтау, қорғау және нығайтуға қатысты шаралар қолданатындығы тайға таңба басқандай жазылды. Қазақ халқының, елде тұратын басқа да диаспоралардың тілін, мәдениетін дамытуға міндетті екендігі атап айтылды.

Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайтыны көзделді. Осылайша, дербестігімізді әлемге паш ететін декларация тәуелсіздігіміздің тұғыртасына айналды. Салық Зиманов – тәуелсіздігімізді алғанға дейін де қазақ қоғамындағы заң саласының тереңдей қалыптасуына, дамуына елеулі үлес қосты. Әрбір заң баптарының мәнісін мерзімді баспасөз беті арқылы түсіндіруге тырысты, қарапайым халықтың талқысына салды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі адам құқығы және конституциялық заңдылықтар комитетінің төрағасы болды. Елімізде болып жатқан оқиғаларға аса жауапкершілікпен қарап, жасалынатын әрбір реформаның талқылауына қатысты. Қазақ Заңдарының өткен тарихын салыстырмалы түрде саралап, қазақ қоғамында оны қолданудың барысын нақтылады.

Шоқан, Абай сияқты қазақтың ірі қайраткерлерінің заң саласына қатысты жазылған еңбектерін, пайымдарының маңыздылығын түсіндірді. Оның терең зерттеулерінің нәтижесінде қазақ қоғамының саяси құрылымына арналған еңбектері жарық көрді.

Заңғар заңгер 1991 жылы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңды, 1993 жылы тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясын қабылдауға тікелей араласып, елімізде заң саласында өшпестей із қалдырды.

 

Нұрболат АМАНБЕК