Сан саладағы серпіліс
Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың әлауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі саналады. Бұл бағытта әлеуметтік инфрақұрылымды дамытып, құрылыс, энергетика, тұрғын-үй, көлік саласы бойынша жұмыстар да жүйелі түрде іске асуы қажет. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері мен облыс әкімінің тапсырмасын жүзеге асыру бойынша облыс орталығында да осы мақсатта бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.
Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жандос Рүстембаевтың айтуынша, қазіргі таңда қалада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 91 миллиард 363,9 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 129,5 пайызға орындалған. Ал, өнеркәсіп өндірісінде сегіз айдың қорытындысымен 310 миллиард 649 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, бөлшек сауда тауар айналымының көлемі қаңтарқыркүйек айларында 266 миллиард 670 миллион теңгеге жеткен. Бұдан бөлек, Индустриялықинновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қала аумағында биыл жалпы құны 20,7 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар іске асырылғанда 714 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Жандос Темірханұлының айтуынша, индустриалды-инновациялық бағдарламадан бөлек, құны 14 миллиард теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба – «South Holiday» ЖШС – Зербұлақ демалыс орталығы мен «ОРЦ Тараз» ЖШС көкөніс қоймасының екінші кезеңін іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, бүгінде «Тараз» ӘКК» АҚ-да сенімгерлік басқаруымен «Тараз» индустриялық аймағы ЖШС-і жұмыс істеуде.
«Тараз» индустриялық аймағының жалпы ауданы 185 гектар болатын 11 жер телімдерінен құралған. Бүгінгі таңда қатысушылар ретінде 74,1 миллиард теңге сомасын құрайтын 7 жобаны іске асыру көзделген. Олардың қатарында «НУР ХИМ 2021» ЖШС-нің трикотаж және тігін бұйымдарын өндіруге арналған зауыты мен минералды тыңайтқыштар зауыты, «Мамешова Айгуль Бекеновна» жеке кәсіпкерлігінің машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіретін зауыты, «Нурсеитова Нагима Аманхожакызы» жеке кәсіпкерлігінің шаруашылық-тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіру бойынша цехы, «Eco Energy Plant» ЖШС-нің қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу, «Эко РБК» ЖШС-нің қауіпті қалдықтарды басқару кешенін құру, «КАЗ ПРО ТЕМИР» ҚЖС-нің қара металды балқыту, шаршы дайындамаларды шығару және полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат пен болатты өндіру бойынша металлургиялық зауыт салу жобалары бар.
Сонымен бірге, Тараз қаласында шағын және орта кәсіпкерлік дамуының көрсеткіштерінде айтарлықтай өсім байқалады.
Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйектегі статистика басқармасының есебі бойынша шаһарда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандардың жалпы саны 44171-ге жеткен. Былтыр бұл көрсеткіш 43958 болатын. Оның ішінде нақты жұмыс істейтіндер саны 37 838 болса, шағын кәсіпкерлік – 5 336, орта – 40, жеке кәсіпкерлер – 31 479, шаруа қожалығы – 983 бірлікті құраған. Осылайша, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандардың саны 213 бірлікке өскен.
Биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысына назар аударсақ, шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 70030 адамды құрап, осы санаттағы кәсіпкерлік субъектілері 314,9 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Жеке кәсіпкерлік қызметін кеңейтуге, өз ісін ашуға ниет білдіруші азаматтарға шағын несие берумен «KazMicroFinance» Микрокредиттік Ұйым» ЖШС қорының Тараз филиалы айналысады. Олар жылына 23-26 пайызбен 2 айдан 5 жылға дейін несие береді.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында шаһар кәсіпкерлеріне 4 миллиард 6 миллион теңгеге 3351 несие берілген. Сондай-ақ, қалада шағын кәсіпкерлік субъектілеріне ғимарат, құрылым, өндірістік жай, пәтерді өндірістік қызметтерге, жертөлелерді қайта жобалау жөніндегі жеңілдіктер жалғасуда. Осы мақсатта қаңтармаусым айларында 0,05 шаршы метр алаңда 6 пәтерді дүкен, 1 пәтерді тіс емханасы және 1 пәтерді кеңсе ретінде қайта құрып, жапсарлас құрылысқа рұқсат берілген.
Осы аралықта «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде «Бизнестің жол картасы – 2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасымен жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 16 миллиард теңгеге 362 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігімен: 14,3 миллиард теңгеге 291 жоба, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы бойынша 4,2 миллиард теңге кредит соммасының 1,7 миллиард теңге көлемінде 71 жоба кепілдендірілген. Аталған жобалар «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жүзеге асырылып, мемлекеттік бағдарламаларды қала кәсіпкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Шаһардағы сауда базарларындағы жаңғырту жұмыстарына тоқталсақ, бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеуде. Оның 12-і әмбебап, 3-і арнайы мамандандырылған. 2022-2023 жылдары қаладағы 3 сауда базары мен 1 сауда орталығында модернизация жұмыстары жүргізіліп, «Доснар» сауда орталығы, «Нұралы» және «Ақсай» базарлары жаңартылды. Бұдан өзге Тараз қаласы бойынша 2026 жылға дейін жеті сауда базарында модернизация жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Олар: «Арзан» сауда орталығы мен «Ауыл Береке», «Жібек жолы», «Береке», «Якка Сарай», «Нұралы» және «Салтанат» сауда базарлары.
Қазіргі таңда «Жібек жолы» базары, «Арзан» сауда орталығы және «Ауыл Береке» базарларында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Жібек жолы» және «Арзан» базарларында құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі жыл соңына жоспарланған.
Сонымен бірге «Нұралы» базарының жаңарту жұмыстарының екінші кезеңі бойынша жұмыстар атқарылуда. Жобалық құны 200-250 миллион теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары келесі жылдың сәуір айында аяқталады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, «Береке» базарының басшысы ауысуына байланысты модернизация жұмыстарына қажетті құжаттары рәсімделіп, модернизация жұмыстары енді басталған. «Салтанат» сауда базарының екінші блогының эскиздік жобасы бекітілген. Қаржылық қиыншылықтарға байланысты құрылыс жұмыстарын жүргізу уақытша тоқтап тұрған көрінеді. Ал, «Якка сарай» базарының басшылығы модернизация жұмыстарына қажетті құжаттар рәсімдеуде.
Базардың құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастауды жоспарланған. Модернизация жұмыстары маңызды міндеттің бірі саналады. Сауда базарларында модернизация жұмыстары жол картасына сәйкес жүзеге асырылуда.
2026 жылға дейін модернизация жұмыстары жүргізілмеген жағдайда бөлім мамандарымен базарлардың қызмет көрсетуі тоқтатылатындығы туралы базар басшыларына ескертілген. Бөліммен базар басшылары мен сауда жасайтын кәсіпкерлермен сауда орындарын ретке келтіру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз сауда жасаған азаматтарға ескертулер берілген.
Сонымен қатар, аталған саудагерлерге бөлім тарапынан қаладағы бос сауда орындары бар «Ауыл Береке», «Grand Bazaar» және «Орталық» базарларына көшуге ұсыныс жасалған.
Тараз қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің мәліметі бойынша, алты айдың қорытындысымен ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204 бабы бойынша 1700 тұлғаға хаттама толтырылып, оның ішінде 1667 тұлғаға ескерту жасалған.
Сондай-ақ, 33 тұлғаға 701480 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 323050 теңге мөлшерінде 20 айыппұлдың соммасы өндірілген. Жүргізілген жұмыстар нәтижесі көрсеткендей, заңсыз саудасаттық орындарын жою үшін учаскелік полиция қызметкерлері сатушыларға айыппұлдар салу есебінен өз нәтижесін берген. Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Бұл жайында Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды.
Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн», деген болатын.
Бүгінде Тараз қаласын туризм орталығына айналдыру бағытында ілкімді істер қолға алынған. Айталық, шаһар бойынша қазір 106 қонақ үй, 8 туристік ұйым, 12 туристік нысан, 15 туристік маршрут жұмыс істеп тұр. Саланың негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ, биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша қалаға келген ішкі туристер саны – 49431, шетелден келгендер – 849 адамды, орналастыру орындарындағы бөлме саны 2779 төсек-орынды құраған. Сондай-ақ, Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жандос Рүстембаев аталған бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Бөлім басшының айтуынша, қазір бизнес өкілдері туристік қызмет объектілерінің құрылысын жүргізсе, олардың шығындарының 10 пайызы өтеледі. Аталған қолдау бойынша өткен жылы Тараз қаласынан жалпы сомасы 178,9 миллион теңгеге «Турист» қонақ үйі, «Зербұлақ» аквапаркі, «Кабыкбаева А.», «Байназарова И.», «Айтурсынова», «Пак С.», «Абдраманова» жеке кәсіпкерліктері нысан құжаттарын тапсырған. Бұған қоса туристік бизнес субъектілері туристерді тасымалдауға арналған автобустар сатып алатын болса, сол шығындарының 25 пайызы қайтарылады.
Жалпы сомасы 15 миллион теңге болатын қолдауға «Марвентур» ЖШС, «АйшаДелюкс» ЖШС нысандары ниет білдірген. Осы шығындарды өтеу бойынша облыстық комиссияда қаралып, хаттамасы шығып, облыстық кәсіпкерлік басқармасы тарапынан бюджеттік өтінім ұсынылған. Бүгінде «Зербұлақ»демалыс орнының екінші кезеңі бойынша екі қонақ үй салу жоспарлануда. Аквапарктің аумағынан бір қонақ үйдің құрылысы басталып, 2025 жылы іске асыру көзделген. Ал, екінші қонақ үйдің құрылысы жер телімін жекешелендіргеннен кейін басталмақ.
Сонымен қатар, шаһарда ағымдағы жылы 264 төсек-орынды «Бурса», «Керуен», «Iris Lux», «Grand Way Hotel», «Jetisy Complex» қонақ үйлері ашылған.
Нұрболат АМАНБЕК