Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынына назар аударып, өмір болған соң түрлі қиындық та кездесетініне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұның бәрін қоғамның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп бағалап, апат салдарын жоюға атсалысқандарға, әсіре с е, құтқарушыларға, еріктілерге, кәсіпкерлерге және басқа да жанашыр азаматтарға алғыс айтты.

Президенттің айтуынша, ауқымды саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалды. Конституциялық реформаны іске асыру нәтижесінде биліктің негізгі институттары қайта құрылымдалып, орнықты саяси жүйе қалыптасты. Бұл саяси жүйенің негізі – ашықтық пен әділдік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік. Ең бастысы, халыққа қызмет ету қағидасы қамтылған. Мемлекет басшысы осындай құндылықтар негізінде біздің қоғамдық-саяси өмірімізде іргелі өзгерістер болып жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Елдің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылып жатыр.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев биылдың өзінде ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатқанын еске салды. Әсіресе, аймақтардағы жолды жақсартуға баса назар аударылып отыр. Оның айтуынша, Батыс Қазақстанда сонау Кеңес заманынан бері қараусыз қалған жолдар бар. Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы бағытындағы жол биыл толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, әуе қатынасын дамыту бағытында нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жақында Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар ашылады. Президент экономиканы әртараптандыру үшін қабылданып жатқан жан-жақты шаралар туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Оның үштен бірі – күрделі технологиямен өңделген өнімдер. Қазір 17 серпінді, яғни озық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының даму қарқынына тоқталды.

Президент еліміздегі кәсіпкерлік саласының өркендеу жолына түскенін, шағын және орта бизнес халықтың экономикадағы белсенді бөлігін жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы елдің іскерлік ахуалы мен инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту мақсатында мамыр айында Экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын жеткізді.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдердің тікелей міндеті – бизнесқауымдастыққа жан-жақты қолдау көрсету, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас жасау екенін айтты. Президент елімізде басымдық беріліп отырған әлеуметтік салаларға тоқталды.

Мемлекет басшысы ғылымы және техникасы дамыған елдердің әлем көшін бастап тұрғанын тілге тиек етіп, осы үдерістен қалмау үшін технократ ұлт болуымыз қажет екенін алға тартты. – Бұл – уақыт талабы. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық. Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Елімізде шетелдің беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Білім-ғылымның сапасын жақсартуға қатысты басқа да шаралар қолға алынды. Жақында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті озық ұлт болуымыз үшін өте маңызды деп ойлаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өзінің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы басталғанын, бұл халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге арналған жалпыұлттық жоба екенін атап өтті. Елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әлауқатына мемлекеттің сыртқы саясаты тікелей әсер етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл салаға да ерекше мән берді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы бейбітшілік пен дамудың түп негізі отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан, қоғамдағы бірліктен бастау алатынына назар аударып, неліктен Заң мен Тәртіп үстемдігі туралы ұдайы айтатынын түсіндірді.

 Президент бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның жетістіктері барша халқымыздың ортақ табысы екенін атап өтіп, ұлық мейрам – Республика күніне орай елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады. Жиында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған тұлғалар – Президент жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев, Қарағанды облысындағы «Шахтерское » жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Георгий Прокоп, сондай-ақ Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Құлбек Ергөбек, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері», «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры Абай Байгенжин, «Шапағат» медалінің иегері, «Haileybury Astana» мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Озода Маннопова сөз сөйледі.

 

Akorda.kz