Қиялды ақиқатқа айналдырған
Кезінде тек фильмдерден «фантастика» деп көретін дүниелеріміз бүгін шындыққа айналуда. Адам айтса нанғысыз, жаңа технологиялар жылдан жылға емес, күннен күнге дамып жатыр. Қолыңда телефоның болса болғаны, дүниенің кез келген бұрышындағы оқиғадан хабардар боласың. Бірақ, «Білгенің тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз» деген сөз бар ғой. Әр күні әлеуметтік желіге телміріп жүрсек те, біз көрмей қалатын ғылыми жаңалықтар жетіп артылады. Соның бірі – XXI ғасырды дүр сілкіндіріп, артынша үздік жетістіктерінің біріне айналған жасанды интеллект тақырыбы
Бұл туралы әңгіме бола қалса, көз алдымызға ең әуелі қозғалатын көмекші роботтар елестейді. Жаны жоқ зат демесең, еңбегі адамның еш кем емес. Шынында, ойланып қарайтын болсақ, тәрбиенің бастау бұлағы мектептерде, адам өмірін өлімнен арашалайтын медицинада, халыққа шынайы ақпарат тарататын журналистикада, өрт сөндіру қызметінде роботтар саны өте көп екен. Онсыз заман дамымайды, тірлік өнбейді. Ал, Қазақстан жасанды интеллект саласына енді-енді аяқ басуда. Жасанды интеллект демекші, Илон Маск жақында «We, Robot» атты көрсетілімде өзінің соңғы үлгідегі өнертабыстарын әлемге паш етті.
Олардың ішінде өздігінен басқарылатын ақылды көлік – Cybercab бар. Ең қызығы, жүргізушіні қажет етпейді. Ал, жиырма адамды жеткізуге арналған шағын фургон 2004 жылы шыққан «Мен роботпын» киносын еске салады. Сол жылдары фантастика деп жүргенімізді Маск ақиқатқа айналдырды. Мысалы, фильмде рулі мен педальдары жоқ көліктер көрсетілсе, оларды қазір Tesla, Waymo тәрізді компаниялар шығарып жатыр.
Сондай-ақ, өздігінен жүретін адамға ұқсас Boston Dynamics және SoftBank Robotics техникалары да сатылымда бар. Бұл арқылы өнертапқыштар мүмкін еместі мүмкін етуге болатынын жылдар бойы дәлелдеп келеді. Кәдімгі адамдар сияқты сөйлеп, сусын ұсынатын, билейтін роботтың есімі – Optimus. Ол екі жыл бұрын сахнаға шықпақ түгілі, қозғала алмайтын. Біршама түзетулерден кейін адам танымастай өзгерді деуге болады. Бұл техниканың киім бүктеп жатқан сәтін Маск қаңтар айында әлеуметтік желіде бөліскен еді. Содан бері әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындап, машықтанып алды. Таныстырылымның басты жұлдызына айналған робот шетелдегі логистика, медицина, ауыл шаруашылығында жиі қолданылады. И.Масктың тағы бір игі бастамасы ғарышқа бағытталып отыр. Расында ғарыш ашылмаған құпияларға толы. Бұған дейін кеңістікке адам да, жануар да ұшырылды.
Жеткен жетістіктерін де атамай кетуге болмас. Дегенмен, зерттелмегені қаншама. Мойындау керек, қазіргі таңда ғылыммен айналысу көлемді қаржыны талап етіп тұр. Ғалымдар осы мәселені ескеріп, SpaceX компаниясы Crew Dragon зымыранын Үнді мұхитына қондырды. Үш рет сынақтан сәтсіз өткенімен, төртіншісінде көздеген нысанасына аман жетті. Мақсаты – су бетіне қону процесін бақылауға алу және қауіпсіздігін тексеру.
Бұдан бөлек, қолданыстағы жасанды интеллекттердің бағасын арзандату. Кәсіпкердің тарихта қалуға тұрарлықтай ғылымға үлес қосып жүргендегі себебі – пайда емес, ішкі қалауы мен қызығушылығында. Ол бала кезінен бизнеске келгенде өте шыдамсыз, баяу шешім қабылдағанды ұнатпайды. Содан болуы керек, нарықта оған қарсылас болатын компаниялар өте аз. Фантастикалық жанрдағы кітаптар мен фильмдерден шабыт алатын данышпан болашаққа қатты алаңдаушылық білдіреді. Алдағы уақытта авторлық инновациялық технологияларын тағы да ширата түспек. Оның ойынша, әр тұлға «тәуекел ет те, тас жұт» принципін берік ұстауы керек. Сонда ғана Илон Маск сықылды биік шыңдарды бағындыруға болады. Ал, Илон Маск үш ұйықтасаң, түсіңе кірмейтін жобаларды тоқтаусыз іске асырып жатыр. Бұдан жаһанды жеті айналсақ та, адамның күші мен қиялына тең келетін ештеңе жоқ екенін анық аңғаруға болады.
Әсем АСЫЛБЕК
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 3-курс студенті.