Әлеумет

Жолаушылар автобуста да кітап оқи алады

Осы уақытқа дейін «Aq jol» газетінің бетінде Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақта «Қолжетімді кітапхана» үйшігі орнатылғанын қуана хабарлаған болатынбыз. Бұл – Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының «Оқы! Таны! Біл!» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асқан еді. Ал, енді дәл осы жобаның екінші бағыты бойынша «Зеріктің бе? Кітап оқы да, трендте бол!» атауымен қоғамдық көліктерге арналған жылжымалы электронды кітапхана қолданысқа енгізіліп отыр.

Өңір тұрғындарының кітапқа қызығушылығын, рухани мәдениетін арттыру мақсатында қолға алынған «Оқы! Таны! Біл!» әлеуметтік жобасының екінші бағытымен жоспарлы түрде «Автопарк – 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен QR кодпен кітап оқу опциясы Тараз қаласындағы №38, 28, 46, 60 бағыттағы автобустардың салондарына орнатылды. Енді осы бағыттағы қоғамдық көлік жолаушылары QR кодталған кітапхана арқылы өздері қалаған ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің және елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың шығармаларын, еңбектерін қолындағы ұялы телефонымен-ақ оқи алады. Кітап оқу үшін жолаушылардың смартфондары ғаламтор желісіне қосулы болса жеткілікті.

Расында уақытты үнемдеп, жан азығын алуға қолжетімділікті арттырған іске қуана қолдау көрсетушілер аз емес. Енді тек аталған бағыттарда ғана емес, қаланың, аудандардың қоғамдық көліктерінде де осындай жылжымалы кітапханалар іске қосылса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА