Биотермиялық шұңқыр – індеттің таралуына тосқауыл
Облыс аумағында қазіргі таңда 41 типтік жобадағы биотермиялық шұңқырлар пайдаланылуда. Оның ішінде, Тараз қаласында – 3, Жуалы ауданында – 4, Сарысуда – 3, Таласта – 6, Мойынқұмда – 2, Т.Рысқұловта – 3, Меркіде – 4, Шуда – 1, Қордайда – 4, Байзақта – 2, Жамбыл ауданында 9 биотермиялық шұңқыр бар.
Бүгінгі таңда адам мен жануарларға тән 200-ге жуық ауру түрі бар екен. Сондықтан, арнайы талаптарға сай жасалған мал өлексесін көметін немесе өртейтін орындар осы індеттердің таралуына тосқауыл бола алады.
Десе де, мал ауруларының алдын алмайынша, адам ағзасын түрлі дерттен сақтау мүмкін емес. Кейбір аурулардың қоздырғыштары спора түрінде 100 жылдан артық сақталады. Ал, мал өнімдері тіршіліктің негізгі көзі болып есептеледі. Олай болса, ол қалыпты түрде, ветеринарлық заңға сай іске асырылуы керек. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді халқымыз.
Аталған ағаттықтар орын алмас үшін осындай мал қорымдарды жасау аса қажет. Ал, қорымның құрылыс жұмыстарының жобасын дайындау аудан әкімдерінің құзырында. Биотермиялық шұңқырлар арнайы жобамен салынады.
Биотермиялық шұңқырлар құрғақ, жерасты сулары тереңде орналасқан және тұрғын үйлерден алшақ жерде салынуы тиіс. Биотермиялық шұңқырларға өлекселерді тастаған соң, 20 тәуліктен кейін, терофильді микрофлораның дамуы нәтижесінде ондағы температура 65 градусқа жетіп өлекселер шіріп, күлге айналады.
Мал қорымына (биотермиялық шұңқырға) арналған санитариялық-қорғаныш аймағының өлшемі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне және «Өндірістік объектілердің санитариялыққорғаныш аймағын белгілеу бойынша с анит ариялық-эпидемиологиялық талаптар» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің санитариялық қағидаларын бекіту туралы 2015 жылғы 20 наурыздағы № 237 бұйрығына сәйкес бекітілетін Өндірістік объектілердегі санитарлық-қорғау аумағына белгіленген Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес айқындалады.
Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың аумағында мал қорымы (биотермиялық шұңқыр) қо салқы құрылыстар құрамына кіреді. Мал қорымының (биотермиялық шұңқырдың) аумағының биіктігі 2 метрден кем емес, кіру қақпасы бар саңылаусыз дуалмен қоршайды. Дуалдың ішкі жағынан тереңдігі 0,8-1,4 метр және ені 1,5 метрден кем емес белдік құрылғысымен қазып алынған топырақтан ор қазылады. Мал қорымы (биотермиялық шұңқырды) салу кезінде жер учаскесінің ортасынан ұзындығы мен ені 3 метр, тереңдігі 10 метр болатын шұңқыр қазады.
Шұңқырдың қабырғасын су өтпейтін материалмен қалайды және қорғаныш құрылғысымен жер беті деңгейінен 40 сантиметр жоғары шығарады. Шұңқырдың түбін реттеп, бетондайды. Шұңқырдың жабынын екі қабаттан жасайды.
Қабат арасына жылу өткізбейтін төсеніш салады. Жабынның тығыз жабылатын қақпағымен орта жағынан өлшемі 30х30 сантиметрде саңылау қалдырады. Шұңқырдан диаметрі 25 сантиметр және биіктігі 3 метр болатын ауа өткізетін мұржа шығарады. Шұңқырдың үстіне биіктігі 2,5 метр, ұзындығы 6 метр, ені 3 метр болатын қалқа салады.
Қасынан жануарлардың өлекселерін союға, дезинфекциялаушы құралдарды арнайы киімдерді және құралсаймандарды сақтауға арналған үй-жайды жалғастыра салады. Мал қорымын (биотермиялық шұңқырды) тазалағаннан кейін қабырғасымен түбінің бүтіндігін тексереді, қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мал өлекселерін уақытша жинау және утильдеу – малдың жұқпалы ауруларын алдын алуда аса маңызды шара.
Барлық малдың өлексесі топырақты, суды және ауаны ластайды. Сөйтіп, мал мен адамның арасында індет ауруының таралуына себепкер болады. Жұқпалы аурудан өлген мал өлексесі мен ішкі ағза ларында потогенді микроорганизмдер ұзақ уақыт сақталады. Өлексені бірнеше тәсілмен жояды.
Атап айтқанда, жергілікті жердің жағдайына және аурудың түріне байланысты мал өлекселерін өртейді, биотермиялық шұңқырда залалсыздандырады немесе ветеринариялық-санитарлық утильдеу заттарында өртейді.
Өлексені көмген дұрыс емес. Өйткені, өлексе және басқа да биологиялық қалдықтар потогенді қоздырушылармен, токсиндермен, радионуклеотидтермен, химиялық және басқа да улы заттармен зақымдануы мүмкін. Сондықтан, олар эпизотологиялық және эпидемиологиялық тұрғыдан өте қауіпті саналады.
Лесбек ТОЙБЕКОВ
облыс әкімдігі ветеринария басқармасының бас маманы.