Тифломузей бұрышы ашылды
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Қолмен ұстап, жүрекпен сезін» атты тифломузей жобасының QR-код арқылы ұйымдастырылған арнайы бұрышы ашылды. Игі іске облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұжымы зор үлес қосты. Бұрыштың ашылуына байланысты лентаны аталған университеттің әлеуметтік және мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек пен «Болашақ» мектеп-интернатының директоры Эльмира Жақсылықова қиды.
Ал, кітапхана директорының орынбасары Зарина Дүкенбаеваның айтуынша, мұнда зағип студенттердің дүниетанымын арттыру, рухани дамуына арналған 300 жәдігер қойылса, оның 82-сінен QR-код арқылы мәлімет алуға болады. Аталған оқу орнында 200-ге жуық зағип студенттер білім алады екен.
Университеттің студенті Рахила Жаңабаева: «Біздің арманымыз орындалғандай болды. Осындай музей бұрышы болса деп ойлап жүр едік. Міне, ойымыз жүзеге асты. Біз қуаныштымыз», – деді. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бірлесе ұйымдастыруымен әйгілі тарихшы, ұлы ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулатидің 525 жылдық мерейтойы аясында «М.Х.Дулати мұрасы: тарих пен тағылым» тақырыбында оқу конференциясы өтті. Жиын М.Х.Дулатидің образындағы сахналық көріністен бастау алып, өмір деректеріне қатысты қысқаша шолу ретінде бейнероликпен жалғасын тапты.
Сонымен қатар, тұлғаның «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінің зағип жандарға арналған Брайль қарпіндегі жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Лентаны облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ қиды. Кеш барысында зағиптарға арналған кітапхананың кітапханашысы Жұмахан Бегалы Дулати рөлін, «Болашақ» мектеп-интернатының оқушысы Шархат Бәйгібек уәзір рөлін керемет ойнап, елдің алғысына бөленді. Бұл ретте кітапханадағы «Инклюзия және театр» жобасының жетекшісі Гүлзада Қырықбаеваның еңбегін айта кеткен жөн. Ғасыр данасы атанған тұлғаға арналған конференцияда ғылыми зерттеуші ғалымдар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалым ұстаздары Сәмен Құлбарақ, Темірбай Мұқашев және Бақытжан Махашев сөз сөйледі.
Олар М.Х.Дулати өмірінің беймәлім тұстары мен артында қалған мұралары жайлы құнды ой-тұжырымдарымен бөлісіп, әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан үлесіне қатысты зерттеулер төңірегінде пікір алмасты. Тағылымды басқосуда облыстық білім басқармасына қарасты Тараз қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектеп мұғалімі Мереке Абитова, Жамбыл ауданындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлнар Канаева және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне қарасты Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің оқытушысы Ғалия Абдыханова Дулати іліміндегі рухани құндылықтарды негізге ала отырып, тұшымды баяндамалар жасады.
Ғалия Тұрарқызы ұлы ғалымның аталған еңбегіндегі жер-су атауларына тоқталды. Аталған шара соңында тарихи өтпелі кезеңде халықтың азаттығы жолында ерен еңбек еткен ата-бабаларымызды жадымыздан шығармау перзенттік парыз, азаматтық борыш екені айтылып, қорытындыланды. Есімі әлемдік тарих пен мәдениетте «Тарих-и Рашиди» еңбегі арқылы мәңгі сақталған ұлы тұлғаның асыл аманаттарын ардақтау мақсатында өткізілген оқу конференциясы жоғары деңгейде өтті. Іс-шараны облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева қорытындылады.
Есет ДОСАЛЫ