Экономика

Басты басымдық – экономиканы ырықтандырып, инфрақұрылымды жаңғырту

Экономиканың өсуі, бизнесті ынталандыру және мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру: Үкімет Президент Жолдауын қалай жүзеге асыруда? Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ПремьерМинистрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикалық дамудың ағымдағы тенденциялары және биылғы 9 айдағы қаржы-экономикалық блок қызметінің қорытындылары мен Президент Жолдауының жүзеге асырылуы туралы айтып берді.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, экономиканың 4 пайыз өсуіне толықтай мұнайдан тыс сектордың дамуы есебінен қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде жаңа кәсіпорындарды енгізу арқылы жақсы нәтиже көрсетуде. Биыл 180 жаңа жоба іске қосылады, оның 56-сы қазірдің өзінде өндірісін бастады.

Ауыл шаруашылығына қомақты қаражат жұмсалды. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайтумен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кредит беру бағдарламалары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жобалар іске қосылды. Осы шаралардың барлығы 11,4 пайыз жоғары өсу қарқынына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Құрылыс жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру және заманауи сауда форматын кеңейту бойынша бағдарлама іске қосылды. Экономиканың тұрақты инфрақұрылымдық негізін құруға бағытталған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар қабылданды. Жоспар шамамен 40 триллион теңге сомасына энергетикалық, көліктік, цифрлық және су инфрақұрылымының 204 жобасын іске асыруды қамтиды. Бюджеттен тыс қаражат тартылады.

Нұрлан Байбазаров Катар мемлекетімен жақында ратификацияланған үкіметаралық келісім туралы еске салды. Өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларға шамамен 20 миллиард доллар инвестиция тарта отырып, 9 жобаны іске асыру жоспарлануда. Биылғы жылы Ислам банкі тобының қаржы институттары мен Парсы шығанағы инвестициялық қорлары Қазақстанға инвестор ретінде қызығушылық танытып отыр. Жақын арада су жобаларын жүзеге асыру үшін Ислам даму банкімен құны 1 миллиард доллардан асатын қаржыландыру келісіміне қол қойылады деп күтілуде. Қазақстанда су ресурстарын басқару, көлік инфрақұрылымын салу және реконструкциялау, денсаулық сақтау, мұнай-газ, сондай-ақ білім беру сынды секторларда 7 миллиард доллардан астам сомаға 30-ға жуық жобаны қаржыландыруға алдын ала ниет білдірді.

9 қыркүйекте Moody’s Қазақстанның кредиттік рейтингін тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары деңгейге көтерді. Алынған рейтинг 2015 жылдан бері алғаш рет 1,5 миллиард доллар тарту көлемімен еурооблигациялардың сыртқы нарыққа сәтті шығуына ықпал етті. Бизнес үшін жағдайды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Бизнес жүргізу мәселелері бойынша заң қабылданды, ол заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды төмендетеді және тексерулер санын 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге дейін қысқартады.

Өңірлер мен ауылдық аумақтарды дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен шағын және моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асыру жалғасуда. 500-ден астам ауылдық елді мекенде 1400-ге жуық инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде 2024 жылы кредит мерзімі 15 жылға дейін және жылдық 0,01 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен 30 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа жас мамандар үшін 3,6 мың несие беру жоспарлануда. Бұған қоса, Үкімет қаржылық шаралармен қатар экономикада құрылымдық реформаларды жүргізуде. Мемлекет басшысы қол қойған экономиканы ырықтандыру туралы Жарлықты жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды.

Үкімет 2026 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізді. Мемлекеттің қатысуымен субъектілерді бәсекелестік ортаға беру жалғасуда. Жыл соңына дейін жекешелендіруге ұсынылатын компаниялар пулы құрылып, 2028 жылдың соңына дейін оларды жекешелендіру процесі аяқталады. Электрмен жабдықтау саласында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап реттелмейтін ЭЖҰ лицензиялары тоқтатылды және өнімсіз делдалдар алынып тасталды. Нәтижесінде еліміздің 12 өңірінде шағын және орта бизнес субъектілері үшін тарифтің төмендеуі орта есеппен 9,8 пайызды құрады. Үкімет мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтердің сатып алуы арқылы отандық тауар өндірушілерді ынталандыру саясатын жүргізуде.

Сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге және бәсекелестікті дамытуға бағытталған Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қабылданды.

Бұл жергілікті бюджеттердің борыштық міндеттемелерін: республикалық бюджетке берілген бюджеттік кредиттерді, МЖӘ міндеттемелерін немесе борыштық бағалы қағаздарды мерзімінен бұрын өтеу есебінен бюджеттердің артығымен орындалуын пайдалану. Министр Ұлттық қор өзінің тұрақтандыру функциясын орындап отырғанын атап өтті. Үкімет алып қою көлемін азайту үшін шаралар қабылдауда. Бюджет шығыстарына және Ұлттық қордан түсетін трансферттерге қатысты бюджеттік ережелер қолданылуда. Кепілдендірілген трансферттің көлемі жыл сайын 2 триллион теңгеден аспайтын мөлшерде «кесімдік бағасы» бойынша айқындалады.

Алайда, мысал ретінде келесі жылы 277 миллиард теңгеге артық пайдалануға болады. Нысаналы трансферт экономикалық қайтарымы бар ұлттық ауқымдағы жобаларға бағытталатын болады. Ол үшін мұндай жобаларды сараптау және Ұлттық қорды басқару кеңесінде бекіту процесі күшейтілді. Мұның барлығы Парламентте талқылаудың соңғы сатысында тұрған жаңа Бюджет кодексінің жобасында нақты жазылған. Жаңа Салық кодексі әзірленуде.

Негізгі өзгеріс – бұл цифрландыру және әкімшілендіруді жақсарту арқылы салық төлеушілерге қызмет көрсету бойынша салық органдарының сервистік тәсілі. Сонымен қатар, салықтар, төлемдер мен алымдарды азайту ұсынылады.

Салық есептілігінің санын 30 пайызға қысқарту, тиімсіз жеңілдіктерді 1,3 триллион теңгеге қысқарту. Қайта өңдеу салалары үшін ынталандыру шараларын күшейту. Барлық ұсынылған шаралар шамамен қосымша 1,8 триллион теңге мемлекеттік бюджетке түсім алып келеді деп күтілуде.

Қаржы-экономикалық блоктың одан әрі жұмысы мен күш-жігері құрылымдық реформаларды жүргізуге, өсудің жаңа нүктелерін іздеуге, инвестицияларды одан әрі тартуға, экономиканы ырықтандыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын болады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП