Тұрақты комиссия отырысы өтті
Облыстық мәслихатта экология, өнеркәсіп, құрылыс, табиғи ресурстар, агроөнеркәсіпті және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті. Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, тұрақты комиссия мүшелері, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармалары, Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас, Т.Рысқұлов және Шу ауданы әкімдерінің орынбасарлары мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Басқосуда Әбілхайыр Ғалымұлы биыл асыраушы салада мол өнім жиналғанын атап өтті. Ол өз сөзінде 370 мың тонна өнім күтілгенін, ал 600 мың тонна өнім алынғанын жеткізді.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі «Жамбыл облысында қант қызылшасын тасымалдау, зауыттарға өткізу және субсидиялауға» қатысты туындап отырған, сондай-ақ «Кіші Қаратау геопаркін құру» мәселесі және «Тараз қаласындағы Зербұлақ көлінің су қорғау аймағын белгілеу, құрылыс салуға тыйым салу және құрылыс салуға берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы» мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселелері бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл өңірімізде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 46,1 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, есепті кезеңде облыстың 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 20,3 миллиард теңге субсидия төленген.
Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Кіші Қаратау геопаркін құру туралы» бойынша Қазақстан Республикасындағы геоғылымдар және ЮНЕСКО геопарктері жөніндегі халықаралық бағдарламалар жөніндегі Ұлттық комитеттің төрайымы Саида Нигматова мәлімдеме жасады.
Сонымен қатар, жиын барысында күнтәртібіндегі үшінші мәселе де қаралып, спикерлер тиісті ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Бұдан кейін, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сулайманов өз пікірін ортаға салды.
Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары Серік Қойбақов пен Фарида Жүнісова хабарлама жасады. Жиын соңында халық қалаулылары баяндамашыларға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Есен ӨТЕУЛІ