«Знамя труда» гезетінің 105 жылдығы аталып өтті
Бүгін «Aulieata - media» серіктестігіне қарасты «Знамя труда» газетінің 105 жылдығына арналған облыстық конференция өтті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Тараз қаласындағы «Достық үйінде» ұйымдастырылған басқосуға өңірдің ақпарат саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан арадагер журналистер, зиялы қауым өкілдері және көзіқарақты оқырмандар қатысты.
Конференцияға келушілер әуелі «Ғасырдан да ұзақ уақыт» атты фотокөрмені тамашалады. Мұнда «Знамя труда» гезетінде әр жылдары абыройлы қызмет атқарған қатардағы корректордан бастап, бас редакторға дейінгі еңбек сатысынан өткен мамандардың жұмыс барысындағы ескі суреттері көрініс тапты.
Дөңгелек үстелге жиналғандардың ішінде алғашқылардың бірі болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек «Знамя труда» газетінің шығармашыл ұжымын аймақ басшысының атынан құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, бірқатар сала маманына облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.
Сондай-ақ, алқалы жиынға қатысқан ҚР Журналистер Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Милллионов ғасыр шежіресіне айналған орыстілді басылымның әрлі-берлі тарихына кеңірек тоқталып, технократтық заманда да өзінің шығармашылық әлеуетін түсірмей келе жатқан басылымның жанқиярлық жұмысына оң бағасын берді. Сонымен қатар үлкен ұйымның өңірдегі өкілі Жамбыл облысының 2024 жылғы «Үздік журналисі» арнайы меделімен Лариса Губашеваны марапаттады.
Жиын барысында аталмыш редакцияда табан аудармай ұзақ жыл қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққан Көкен Оршабеков те сөз алып, газеттің шежіресіне қысқаша шолу жасады. Және де келесі сөз кезегін алған «Знамя труда» газетінің қазіргі Бас редакторы Людмила Мельник осындай кең көлемді іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған серкістестіктің Бас директоры Данияр Асқарұлына үлкен азаматтық алғысын білдірді.
Ерекше форматта өткен конференция барысында «Знамя труда» газетінің редакция алқасының барлық мүшесіне арнайы Алғыс хаттар табысталып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.