Жаңалықтар

Қант зауыты қашан салынады?...

Елімізде қант өнімдеріне деген сұраныс азайған емес. Бірақ, қант бағасының бірде жоғары шарықтап, енді бірде төмендеп қалатыны да аталған бағытта жұмыс істеп жатқан зауыттарға әсер етіп отырады екен.

Еліміздің барша тұрғындары үшін жылына 530 мың тонна тәтті түбір қажет. Жыл он екі айдың ішінде осындай көлемдегі қант өніміне сұраныс бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтқан болатын.

Министрлік өкілінің сөзінен аңғарғанымыз, қантқа сұраныс қай кезде де бар. Тұрғындарға аса қажетті қант өнімін шығаруда жамбылдықтар көш басында.

Тараз қаласы мен Меркі ауданы аумағында екі қант зауыты бар екені көпшілікке белгілі. Тараз қант зауыты жылына 250 мың тонна қант өндіріп, еліміздегі қажеттіліктің жартысына жуығын өтеп келді. Оның үстіне, зауыт 500 адамды тұрақты жұмыс көзімен қамтып отыр. Ал, Меркі қант зауытының жылына шамамен 200 мың тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндігі бар. Меркіде 300 адам осы қант зауытынан жалақы алады.

Зауыттардың қалай жұмыс істеуі, күшеюі немесе әлсіреуі осындағы адамдардың табысына, тіпті, тұрмыстық жағдайына әсер етеді. Соңғы кездері ел арасында Тараз қант зауыты сатылады екен, сатылып кетіпті деген де сөз тарап жатыр.

Біз мәселенің мәнісін білмек болып, зауыт директоры Александр Шлегельге қоңырау шалып, байланыса алмадық. Бірақ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың пікірін білдік. Бұл салада нарық бағасына байланысты да біраз түйткілдер бар екен.

Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болады. Шу – тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан. Әсіресе, егіншілікті дамытуға мүмкіндіктері мол. Мәселен, шулықтар биыл 73180 гектарға түрлі дақылдар орналастырып, мол өнімге қол жеткізіп отыр. Қажет болса, бұл көлемді ұлғайтуға да болады. Еліміздің тұрғындарын тәтті түбірмен қамту қай кезде де өзекті.

Аталған ауданнан қант зауытын салу мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Шу қаласында Кеңес Одағы кезінде қант зауыты болған. Ол кәсіпорында мыңдаған адам еңбек еткен. Қант дайындауға арналған қондырғылар да сапалы болыпты.

Бүтін нәрсенің бүлінуі оңай ғой. Кейіннен ұзақ жыл қараусыз қалып, бөлшектері шетінен сатылып, қалдығы ғана қалған көрінеді. Кезінде 7 мың адамға жұмыс көзі болған кәсіпорынның бұл күнде орны ғана жатыр. Шулық ақсақалдар сол орыннан жақсы қант зауыты салынса, жүздеген жұмысшылар еңбекпен қамтылса деген тілекте. Бұл жөнінде әуелі ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, ұзақ жыл кеңшар директоры, ауылдық округ әкімі қызметтерін атқарған Жапарқұл Тәжиевті сөзге тартқан едік. Ол саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Ал, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Гүлнар Тұрлыбекова: «Аудан бойынша биыл қант қызылшасы 1030 гектарға себілген. Оның көпшілігін қызылша өсірумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өсіріп отыр. Тәтті түбір өсіруге биыл қам жасамаған ауылдық округтер де бар. Егер қант зауыты ашылса, аудан диқандарына өте тиімді болар еді. Ол кезде қызылша өсіру көлемін кемінде үш есеге арттыруға болады», – дейді.

Еңбек ардагері Несіпхан Қоңырбаев: «Менің мамандығым – мұғалім, зейнеткермін. Бірақ, Шу қант зауыты ашылса деген тілекте жүрген адаммын. Егер біздің ауданнан қант зауыты ашылса, 10 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп, өсірер едім. Зауыттың өнімі мол болуына өз үлесімді қосатын едім. Егінмен айналысып жүрген көптеген еңбеккерлер тәтті түбір өсіруге ынталанатын еді. Ол кезде көптеген шаруа қожалықтардың еңсесі көтерілетіні айдан анық», – деді.

Міне, осылайша, зауыттың ашылуына қарапайым еңбек адамдары да тілек қосып отыр. Асыраушы саланың қыр-сырын білетіндер қандай өнімнің тиімді екенін, пайдасын ойлап, қадам жасайды. Бұл, әрине, құптарлық іс. Дегенмен, ел арасында қант зауыты салына ма, салынбай ма деген пікірлер бар. Біз облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірахым Желеубаевқа хабарласқан едік.

Ал, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков: «Ауданымызда қант қызылшасын өсіруге мүмкіндік жоғары. Қызылша өсірумен шұғылданатын серіктестігіміз бар. Бұдан бөлек, ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарды да осы іске ынталандыруға болады. Меркі қант зауытының өнім өндіру көлемі жылына 250 мың тоннадан аспайды. Сондықтан, ауданымызда ондай зауыт салынып жатса, тек қолдау білдіретін едік. Бәрі қаражатқа байланысты. Республикалық бюджеттен қолдау болса, бұл зауыт өзін-өзі ақтайды деп толық сеніммен айта аламын», – деді.

Әрине, зауыт салу оңай шаруа емес. Мұндай ірі жобаларға мың ойланып, жүз толғанып барып, құрылысқа республикалық қазынадан қаржы бөлініп жатады. Бұл жобаның республикалық комиссияда қолдау табатыны немесе таппайтыны белгісіз. Қолдау тапса да келесі жылы салына ма, әлде бес жылдан кейін салына ма, ол жағын да ешкім тап басып айта алмайды. Ал, әзірге шулық диқандар өз аудандарынан зауыттың ашылуын асыға күтіп жүр.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы