Ауруханаларда сүндеттеу акциясы жалғасты
Ертеден-ақ халқымыз ұл баланы сүндеттеудің денсаулыққа пайдасын білгендіктен мұны дәстүрге айналдырды. Оның түрлі аурулардың алдын алатын артықшылығы ғылыми түрде дәлелденген соң, бұрын ауыл молдалары жүзеге асырған бұл іс қазір дәрігерлердің қолымен жалғасын тауып келеді.
Дауасы көп дәстүр қазір аудандық ауруханаларда жалғасып, көпшіліктің көңілінен шығуда. Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасында ұйымдастырылған акция аясында аудандық аурухана қызметкерлерінің балалары сүндеттелді.
Акция барысында медициналық ұйымның білікті дәрігерлері Бахытжан Ментаев, Одилжон Бобохонов балаларға хирургиялық көмек көрсетті. Бір күнде 10-нан аса бала тегін сүндеттелді. Аудандық аурухананың дәрігерлері әр жылдың тамыз айында осындай сауапты іс-шараны өткізуді тұрақты дәстүрге айналдырғандарын айтады. Онда тек медициналық қызметкерлердің балалары ғана емес, көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар да қамтылады.
Дәл осындай сауапты іс Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбековтың бастауымен жүзеге асырылды. Онда 9 ұл сүндетке отырғызылды. Аурухана әкімшілігінің тарапынан әр балаға ойыншықтар мен тәттілер таратылды.
Аталған іс-шараның ойдағыдай орындалуына аудандық орталық ауруханасының хирургтары Н.Джаксымбаев, Э.Хазиев, Р.Арифов, Н.Абдуллаев, А.Арифов, А.Қалтаев және медбикелер атсалысты.
Қамар ҚАРАСАЕВА