Әлеумет

Жер жұмағы – Алатау

Алатау сілемінің баурайында жатқан Жуалы өңірі Жаратқан иенің құдіретімен жұмыр жерде мыңжылдықтар бойында қалыптасқан ерекше орындардың бірі. Ерекшелігі сол Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан осынау ұядай өңірдің табиғаты іргелес жатқан аймақтардан мүлде бөлек: оңтүстіктің аптабы апшы қуырар жазында мұнда қашанда қоңыр салқын, кей жылдары қыста іргелес жатқан аймақтарда қар жаумай сілені қатырса, мұндағы ел қашанда сықырлаған аяз бен дүлей бораннан көз ашпайды.

Өзінің туған жері туралы Шерхан Мұртаза Мәскеуде білім алып жүргенінде Қазақстан жайлы түрлі болжам жасаған курстастарына студенттік күнделігінде былай деп жазба қалдырыпты. «Бірде Москвалық достарым маған «Ой, Шер, саған қонаққа бару қиын-ақ қой, өйткені біз, москвалықтар онда барып, күннің ыстығына Кавказ шұжығындай шыжылдармыз», – дегенде мен: – Япырау, құлақ естігенімен, көз көрмеген жердің көңілге жұмбақ болып тұратыны осы-ау. Неге сендер Қазақстанды ұсқынсыз ыстық, кең, қиыры жоқ сахара деп есептейсіңдер? Тыңдасаңдар қазақ даласы туралы менің халқымның аузында мынадай аңыз қалыпты: Құдіретті Құдай жер жаратып, оған керекті табиғат түрлерін орнатып, жануарлар дүниесін қыбырлатып, оларды меңгеруші адамды да жасап шығарады. Бірақ, қателік Құдайдан да кетіп, Қазақстан есінен шығып, жалаңаш жаратылған күйінде табиғат байлығына бөленбей қалып қойыпты. Қазақстан кейін, үлестің бәрі таусылған кезде ғана есіне түскен Құдай мынадай амал тапты. Африканың сахарасынан бір бөлік, Россияның көгершін жерінен бір кесік, ұлы Сибирьдің біразын, Қап тауының (Кавказ) тең жартысын алып, құрастыра салыпты. Міне, достарым, менің елімнен жаратылыстың барлық түрі табылады, оны қате түсінуге болмайды. Онсыз мені өкпелетесіңдер, – деген едім», – депті Шерхан Мұртаза.

Бұл балаң Шерханның ойтолғауы – туған жеріне, атамекеніне, еліне деген сүйіспеншілік, құрмет, мақтаныш сезімдерін сыйғызған осынау қысқа аңыз. Осындай аңызға бергісіз Алатау сілемдерінің бойында Алатау деп аталатын ауыл ғасырға жуық жасап келеді. Осы өлке сұлу табиғатымен, ғажап көркімен, таза ауасымен, қызыл алмасымен, жылап аққан бұлағы, күрілдеп соққан өзенімен, тауды жарған сай-саласымен де ерекшеленеді. Алатау ауылы тұсындағы Көксай, Құттыбұлақ, Қорым, Ақсай, Тышқансай, Қарасай, Жалманбай және Тобышақты сайлары Алатаудың бойында қатар орналасқан. Олардың кейбіріне бұған дейін тоқталған да болатынбыз. Алатау ауылының қариясы Тоқан Райымқұловтың айтуынша, Алатау ауылы бұған дейін Ресейден қоныс аударған Андреев есімді кулактың есімімен аталып келген. Елді мекенге 1992 жылы ғана орналасқан жерінің табиғи-географиялық ерекшелігіне қарай Алатау деп ат қойылыпты.

Жылдар бойы Жуалы өңірінде мектептің машақатын тартқан жалғыз ғана ауыл болса, ол осы Алатау ауылы болар. Тау алқабындағы аталған елді мекенде 1940 жылы бастауыш мектеп ашылған. Бұл білім ұясы біресе 3, енді бірде 4 жылдық мектеп болып қайта-қайта өзгеріп келді. Оны бітірген балалар оқуын одан әрі жалғастыру үшін шалғайдағы «Күйік», «Теріс-Ащыбұлақ», одан беріректе он жеті шақырым жердегі Түктібай ауылындағы мектепке арбамен, шанамен, тіркемелі трактормен, жүк автокөлігімен тасымалданды. Ал сонау 40-50 жылдардың балалары мектепке есекпен қатынағанын да аға ұрпақ әлі ұмытқан жоқ. 1995 жылдан бері Алатау ауылының балалары 7-8 шақырым жердегі Қызыларық ауылына жаяу барып оқып жүрді. Сол тұста мектеп машақатын әбден көріп зарыққан Алатау ауылының тұрғындары Парламент депутаты Шерхан Мұртазаға да, аудандық мәслихат депутаты Мырзахан Ахметовке де хат жазып, көмек сұраған еді. Сөйтіп, бұл мәселе 2000 жылы оң шешімін тапты.

Алдымен ауылда орталау мектеп ашылды. Оның ашылуына мектеп директоры Жұмахан Ахметовтың еткен еңбегі зор. Ал ауыл тұрғыны Алтынбек Мамытқұлов совхоздан ала алмаған айлығының өтеуіне тиген бөлімше кеңсесінің 3 бөлмесін мектепке сыйлады. Келесі жылында Алатау мектебі орта мектепке айналды. 2020 жылы ауылға 180 орындық жаңа мектеп салынып, ел игілігіне берілді. Мұндағы ауыл маңының табиғаты да ғажап. Талайдың таңдайын қақтырған Көксай, Құттыбұлақ, Қорым, Ақсай, Тышқансай, Қарасай, Жалманбай және Тобышақты сайларына осы ауыл арқылы барасыз. Көпшілікке белгілі жер атауларынан бөлек ел аса ескере бермейтін бірнеше кіші сайлар бар. Соның бірі – Қамалған сайы. Ол Алатау алқабындағы жан-жағы тік жартастардан тұратын терең жыра. Оны халық Қамалған сайы деп атайды. Бұл жаугершілік заманнан қалған атау. Қазақ жасақтары қолға түскен жоңғар жауынгерлерін топ-тобымен осында әкеліп қамап, жан-жағына қарулы күзет қойған екен. Екіншісі – Қисық сай. Қазақ халқы ат қоюға келгенде шебер ғой. Алатау алқабындағы бұл сайдың ирек-ирек болып жатуына байланысты атаған сияқты.

Борсық сай – Алатау аңғарында орналасқан. Жабайы борсықтар көп болғандықтан аталған сай. Тобышақты сайы – Алатау алқабындағы үлкен сай. Басталар жағында қалың тоғай, тобылғы өседі. Бұрын бұл жерде ауыл болған. Ұлы Отан соғысынан кейін оңтүстіктегі мақталы алқаптарының көлемін ұлғайту үшін Мақтаарал жағында үлкен каналдың құрылысы басталғаны мәлім. Сол кезде Тобышақты ауылының тұрғындары жаппай канал құрылысына жіберілген. Құрылыстан кейін сол тұрғындардың біразы елге қайтқанымен, көпшілігі сонда қалып қойған. «Тобышақты» сөзі сол ауылды мекендеген аз ғана елдің «шағын тобы» дегенді білдіреді-мыс. Тағы бір нұсқасы – Тобылғысы көп сай немесе тобылғы жақ деген сөзден туындаса керек. Қазір бұл сай «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының аумағына кіреді. Шоңқара сайы – ауыл маңындағы үлкен сай.

Ертеректе іргелес жатқан қырғыз елінің алып денелі, ірі тұлғалы атақты ұрысы өз елінен қашып, осы өңірге сіңісіп кеткен көрінеді. Меймандос қазақ ағайын оған жанашыр болып, жер беріп, осы сайдың басына орнықтырған. Бұл сай Шоңқара атанған. Шоң қырғыздың үлкен, дәу мағынасын білдіреді. Халық жазушысы Ш.Мұртаза «Мылтықсыз майдан» романында осы өңірдің табиғи ерекшелігін суреттей келіп, «Шоңқара» сайын «Дәуқара» сайы деп қолданған. Ал, Қопабай, Нұрғазы, Жүзбай, Пошқай сайлары ауыл аумағындағы атақты топонимдер. Бұл сайлар ілгері заманда осы сайлардың басына қоныс тіккен кісілердің атымен аталады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

\