Жаңалықтар

Тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Биыл өңірде жылыту маусымы 15 қазанда басталды. Өкініштісі, нәбәрі екі күн ішінде газбен уланудың 3 фактісі тіркелген. Өрт сөндіру саласының қызметкерлері әр науқан қарсаңында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескерту қағаздарын таратыпақ келеді. Алайда, кей адамдардың қауіпсіздік ережесін сақтамауы осындай қайғылы жағдайларға әкеліп соғып жатады.

Апта ортасында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «ГРЭС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде, атап айтқанда, «Шөлдала» тұрғын алабында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жылыту маусымында қатты отынмен немесе табиғи газбен жұмыс істейтін қазандықтардың мұржаларын уақытында тазарту қажеттігі туралы алдын алу жұмыстарын жүргізді. Рейдке өрт сөндіру қызметі, «QasaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының мамандары, полиция қызметкерлері және еріктілер қатысты.

Өрт сөндіру қызметкерлері мен басқа да рейдке қатысушылар межелі жерге келген бетте бірнеше топқа бөлініп, қауіпсіздік ережесі жазылған қағазды көше-көшелерге таратуға кірісті. Мәселен, «Шөлдала» тұрғын алабының Арна көшесінде шамамен 50 шақты түтін бар. Өрт сөндіру қызметкерлері мен газ саласының мамандары әр шаңыраққа кіріп, газ құрылғысының жағдайын бақылап, үй иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қауіпті жағдайда тұрған мұржалар мен газ құбырларын қалпына келтіруді де ескертті.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Тараз қаласы