Әлеумет

Қоршаған ортаға деген құрметіміз төмендемеуі керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: ісқимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткен еді. Президенттің сондай-ақ бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.

Елімізде орман қоры небәрі төрт-ақ пайызды құраса, орман алқабы алты миллион гектардан аспайды. Ал, оның дені Жамбыл облысында орналасқан. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың 34 гектар, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2 миллион 357 мың 123 гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс жер аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр. Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5000 гектар жерге орман ағаштары көшеті және тұқымы өсірілуде. Жалпы соңғы кездері тал отырғызу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, тиянақты мән берілуде.

Мұның өзі қоғамға пайдасы зор игі бастама. Бұл бағытта көптеген жобалар қолға алынып, жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтауда табиғаты көркем Жамбыл облысында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл шаруамен облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы өзіне міндеттелген қызметті табысты жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда аталған басқарманы Олжас Елебекұлы басқарып келеді.

Бұл бағытта облыс жұртшылығы игі бастаманы жалғастырып, өз үлесін қосып келеді. Дана халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек», «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген қағидалары тал егудің адамзат тіршілігі үшін аса бір маңызды, қажетті іс екендігінің дәлелі. Облысымыздың құмды алқаптарының басым бөлігінде сексеуіл ағашы өседі. Мұндай ормандардың ерекшелігі – олар құмдардың басталуын тежейді, топырақты жел эрозиясынан қорғайды, шаңды дауылдарды кешіктіреді, тұзды батпақтардың қозғалысын тежейді және экологиялық тепе-теңдікті сақтайды. Тек бір сексеуіл бұтасы 4 тонна көшкінді тоқтатып, 10 шаршы метр құмды ұстайды. Осылайша, бұл қарапайым көрінетін бұта шөлейттенудің алдын алады. «Облысымызда 2021-2027 жылдарға арналған орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарына сәйкес, орман қоры аумағында 143 миллион дана ағаш отырғызу жоспарлануда.

Мәселен, 2021- 2023 жылдары 67,2 миллион ағаш отырғызылды. Осы жоспарды орындауға орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері орман молықтыру ісшараларын орындау барысында стандартты көшет өсіру мақсатында барлық мемлекеттік орман қоры жерлерінен ағаш тұқымдарын жинап, оны зерттеуге жіберіп, уақытша тұқымбақтарда өз күшімен өсіріп, орманды молықтыру жұмыстарында едәуір қызмет атқаруда. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты барлық орман шаруашылығы мекемелері өздерін тұқымбақтарында өсірілетін көшеттермен, оларды себетін тұқымдармен, барлық іс-шараны орындайтын техникамен толықтай қамтамасыз ете алады. Мәселен, биыл 13,387 миллион көшет отырғызылды», дейді басқарма басшысы. Орман шаруашылығы мекемелерінің өртке қарсы материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында соңғы 4 жылда 977 миллион теңге бөлініп, тиісті техника мен жабдықтар алынды.

Биыл да материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 280 миллион теңге қаражат қарастырылып, өртке қарсы техника, патрулдік автокөліктер мен агрегаттар сатып алынған. Соңғы 4 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 49,8 пайыздан 78,5 пайызға жеткен. Сонымен қатар, өрт сөндіруге арналған техникаларды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы лизингке 8 жылға бөліп төлеуге 1,597 миллиард теңгеге регламентпен айқындалған экологиялық талаптарға сәйкес келетін 60 техника алу жұмыстары жүргізілуде.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ