Әлеумет

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Кеңес Одағы тұсындағы тарлан тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі – Ауған соғысы. 1979 жылдың 12 ақпанында сол кездегі одақ басшыларының шағын тобы «интернационалдық әскери көмек береміз» деген желеумен Ауғанстандағы ахуалға араласу туралы шешім қабылдайды. Соның салдарынан барар бағытын білмеген бозбалалар қан майданның ортасына тап болып, амалсыз қолдарына қару алуға мәжбүр болды. Сөйтіп, КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.

Он жылға созылған соғысқа Қазақстаннан 22 мыңға жуық адам қатысып, 780-і қаза тауып, 22 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қолдағы дерек бойынша сол жылдары өзінің Отан алдындағы және интернационалистжауынгер ретінде борышын өтеуге 150 шулық аттанған. Өкінішке қарай, солардың ішіндегі 7 жерлесіміз туған жерге табытпен оралды. Жыл сайын 15 ақпан күні өтетін ерлікке құрмет шарасы биыл да жалғасын тапты. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудан басшылығы, ауған соғысының ардагерлері, боздақтар мен батырлардың туыстары мен аудан тұрғындары ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан «Қызыл жұлдыз» орденінің иелерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұдан кейін, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев жиналғандар алдында сөз алып, мыңдаған адамның жүрегіне жара салған соғыстың зардабына тоқталып өтті. Сондай-ақ, ол арамызда жүрген 70-ке жуық ардагердің өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне қосып жүрген елеулі үлестері үшін алғыс айтып, аға буын өкілдеріне жылы лебізін жеткізді.

Сонымен қатар, жиын барысында Шу аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Жандос Әбиев жалындаған жігіттік шағында қан майдан көрген жаужүрек жауынгерлер жөнінде өз ой-пікірін ортаға салды. Ал, Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Бұралқы Шынарбеков 7 ардагер медициналық ұйымдарда тиісті ем-шара қабылдағанын жеткізді. Жиын соңында Ауған соғысының ардагерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Бұл күні 70-ке жуық ардагер мерекелік медальдарға ие болса, жат жерде жан тапсырған боздақтардың жақындарына құрмет көрсетілді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Шу ауданы