Осал топтағылар назардан тыс қалмайды
Кез келген зайырлы мемлекеттің азаматтары алдындағы қалтқысыз міндеті – баршаға ортақ, қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру. Зайырлы мемлекетте барлық азаматтардың құқы тең, ал заң баршаға ортақ. Бұл ретте мемлекет мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың ыңғайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасауы тиіс. Алайда өзгенің табалдырығын тоздырып, баспанасыз күйде жүргендер аз емес. Тұрғын үй тапшылығы әлеуметтік әлсіреудің алғышарты болып отырғаны да рас. Оған қоса жалдамалы пәтердің өзі қолжетімсіз болып бара жатқан уақытта көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де үй алу сары уайымға айналғаны жасырын емес.
Бұл өзекті мәселе өз кезегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты да алаңдатып отырғанын халыққа арнаған Жолдауларынан аңғаруға болады. Себебі, өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырып: «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым», – деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру, мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Тараз шаһарында атқарылып жатқан шаруалар аз емес.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.