Қоғам

Қала аумағы кеңейіп, халық саны артып келеді

Шаһардың әсем келбеті қала тұрғындарының мерейін өсіреді. Одан бөлек тарихи өңірге арнайы келуші туристердің қарасы жыл өткен сайын көбейетіні де белгілі жайт.

Оларды қаланың сыртқы бейнесі, архитектуралық ерекшелігі бей-жай қалдырмайды. Қазіргі таңда Тараз қаласында осындай бағытта көптеген жұмыстар атқарылып, инфрақұрылымды жаңарту шаралары тұрақты әрі белсенді жүргізіліп келеді. Әсіресе, тұрғын үй қорын жаңарту – халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың маңызды міндеттерінің бірі. Осыған орай, облыс орталығында тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламалары сәтті жүзеге асырылды.

Бұл қатарда шаһар төріндегі Төле би даңғылы бойындағы 11 көпқабатты тұрғын үй де бар. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, көне шаһардың шырайын одан әрі арттыру мақсатында тұрғын үйлерді жаңғыртуға ерекше ден қойылып отыр. – Бүгінде 11 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін, шатырларын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Сонымен бірге балкондар бірыңғай сәулеттік стильде жабдықталды.

Аталған үйлердегі жұмыстар облыс орталығына бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатымен қолға алынды. Осыған орай, «Күмбез-Тас» ЖШС жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген еді. Қазіргі таңда «Қаратау құрылыс – 2030» ЖШС-нің мердігерлігімен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар Тұрғын үйкоммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында атқарылды. Айта кетейік, жөндеу жұмыстары қаланы көріктендіру мақсатында жасалып жатқандықтан, тұрғындардың қалтасына ешқандай салмақ түскен жоқ. Құрылыс жұмыстарына 150 жұмысшы жұмылдырылды.

Сонымен бірге 8 арнайы техника жұмыс істеді. Жалпы, маусым айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйек айында жоспар бойынша аяқталды. Әрі 2025 жылғы жоспар бойынша «Тараз – киелі мекен» жобасы аясында облыс орталығындағы Абай, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің қасбеттерін абаттандыру жұмыстары жоспарлануда, – дейді Қайрат Әбілханұлы. Айта кетейік, бүгінгі күні қаланың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес болса, 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Сондай-ақ, шаһар аумағындағы 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614- ін алдағы уақытта жаңғырту жоспарлануда.

Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны да артып келеді. Соған байланысты жаяу жүргіншілер жолын салуға деген қажеттілік те өсуде. Бұл бағытта биыл шаһар аумағында жеті жоба қолға алынып, он сегіз шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолы салынуда. «Жол – экономиканың күретамыры» деп бекер айтылмаған. Өңірдің экономикалық әлеуеті жолдардың жағдайымен де өлшенетіні белгілі. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар да ерекше қарқын алып отыр. Айталық, қазір облыс орталығында 1 445 көше болса, оның 902-сіне асфальт, 543-іне шағал тас төселген.

Былтыр 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселіп, Саңырық батыр мен Д.Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Осының нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61-ден 65 пайызға дейін артты. Ал, биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көше және 18 шақырым жаяу жүргіншілер жолы орташа жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол да жаңғыртылуда. Осының арқасында қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 70 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Сондай-ақ, көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, былтыр «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің 13-і асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. Ал «Барысхан» тұрғын алқабында биыл 8 көше асфальт жолдың игілігін көреді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы қала көшелері мен шағынаудандардың ішкі жолдарына ағымды жөндеу жұмыстарына да қаржы 5 есе көбейтіліп, мердігерлер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысын салу да жоспарланған. Олардың біріншісі – «Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу» жобасы. Құны 16,9 миллиард теңгені құрайтын ірі құрылыс бойынша қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған.

Екіншісі – «Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу» жобасы. Оның құны 24 миллиард теңгені құрайды. Бұл бойынша да қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылды. Әрине, көне шаһардың көркін ашқан жобалар тек бұлармен шектелмейді.

Айталық, қазіргі таңда Тараз қаласында 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 50 үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Оның ішінде 34 тұрғын үй №15 шағынауданда, 16 тұрғын үй А.Асқаров көшесінің соңындағы алқапта орналасқан. Бұдан бөлек, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 669 пәтер сатып алынады. Сондай-ақ, биыл облыс орталығында 9 алаңша ел игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, биыл қала аумағында 14 спорт алаңшасы қалпына келтірілді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.