Жаңалықтар

Сөз қадірі – өз қадірің

Тіл – адамдар арасындағы коммуникативтік мәдениетті қалыптастыратын қатынас құралы саналады. Бірақ, әр адамның тілді орынды пайдалана білуі оның жастайынан алған біліміне, жинаған тәжірибесіне, өмір сүрген ортасына байланысты. Мұндайда Абайдың ақындарға арнап айтқан «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы...» деген өлең жолының ұлтын құрметтеген әр адамға да қатысы бар десек, артық айтқанымыз емес. Десек те, әлемдік тұтастықты ту еткен жаһандану заманында ана тілімізді қадірлеп, сауатты сөйлеу де маңызды мәселеге айналып отыр.

Лингвистика саласында тіл ұлттың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің көрінісі деген түсінік ертеден қалыптасқан. Демек, қай халықтың тілі қанық әрі шұрайлы болса, сол елдің әл-ауқаты да жоғары дегенді білдіреді. Бұған тарихи мысалдар да жетерлік. Мәселен, бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде Еуропада Франция мәдениеті үстемдік құрды. Тиісінше, өзге империалистік елдердің ақсүйектері французша сөйлеп бағуға тырысты. Мұны Лев Толстойдың «Война и мир» романы да айғақтай түседі. Соның салдарынан Англия секілді кәрі құрлықтың бірқатар елдерінде бұқара халық наразылығы туындап саяси төңкерістер де орын алды. Осыдан-ақ тілдің ел руханиятындағы маңызын бағамдай беруге болады. Ал, қазақ тілінде сөздің бұрмалану процесі саясаттан бастап барлық салада кездесетіні жасырын емес.

Мәселен, «Пленарное заседение Мажилиса» деген сөз тіркесін «Мәжілістің жалпы отырысы» деудің орынына калька түрінде қолдану кең етек жайған. Сол секілді бұл қатарда пропаганда, резолюция, программа, акимат, лидер секілді орыс тілі арқылы келген басқа да көптеген бірқатар саяси терминдердің республикалық Терминком бекіткен қазақша баламалары бола тұра, оларды түпнұсқа күйінде қолдану белең алған.

Бұдан өзге орыс тілінде «в соответствий – сәйкес» және «соответственно – тиісінше» деген сөз бар. Бір қарағанда мағынасы ұқсас сөз сияқты болып көрінеді. Бірақ, мүлдем олай емес. Өйткені, «соответственно этим районам» сөз тіркесі «сәйкесінше мына аудандарға» деп қате аударылып жүр. Дұрысы: «... тиісінше мына аудандарға» болуы керек. «Вопрос» сөзінің қазақша «сұрақ» және «мәселе» деген екі түрлі баламасын білеміз. Біле тұра «Повестка дня собрания состоит из следующих вопросов» деген сөйлемді «Жиналыстың күн тәртібі мынадай сұрақтан тұрады» деп ойланбай аудара саламыз. Ал, тәжірибелі аудармашы мұндайда: «... мынадай мәселелерден тұрады» деп тәржімалаған болар еді.

Ауызекі сөйлескенде де, аударма жасағанда да «даярлау, дайындау» деген сөз орынды қолданылмайды. Адамға қатысты «даярлау» сөзі алынуы қажет. Мәселен, кадр даярлау, дәрігер даярлау. Басқа жағдайда «дайындау» деп айту және аудару керек. Айталық, «загатовка кормов – жем-шөп дайындау ». «Са лдар және нәтиже» деген сөздің де байыбына бара білмеуден «последствия пожара» деген тіркесті «өрттің салдары» деп қазақшалаудың орнына «өрттің нәтижесі» дейміз. Ал, «Заң жобасы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен дайындалған және ұсынылған» деген аударма сөйлемді калькалаудың классикалық үлгісі деуге болады. Өз кезегінде тіл жанашырлары қоғамдағы қасаң түсінікті жою үшін қате жазудың алдын алу қажет деп санайды.

Медиатренердің айтуынша, тілде де, жазғанда да қазақ тілінің грамматикалық ережелері сақтала бермейді. «Бола ма, келе ме?» деген сөздерді «болады ма, келеді ме?» деп, «сот орындаушысын – сот орындаушы», «жүздеген адамды – жүздеген адамдар» деп айтып та, жазып та жүрміз. Сондай-ақ, осы қатарда «болып табылады», «өкінішке орай», «туған күніңмен», «ағымдағы жыл» тіркестері де бар. Сайып келгенде сөз қадірін өз қадірі деп түсінген қазақ халқы үшін тіл тазалығы маңызды мәселе. Өйткені, ұлт тарихында да бір сөзбен қанды қырғындардың алдын алып, тұтас елді сақтаған оқиғалар сан мәрте ұшырасады. Сондықтан әр азамат сөз саптарда жеке жауапкершілікті сезінген абзал.

 

Нұрболат АМАНБЕК