Әдебиет

Кененді көпшілікке танытқан Балуан Шолақ

Биыл белгілі ақын, композитор Кенен Әзірбаевтің 140 жылдығына орай, әйгілі тұлғаның өнерін бағалап, елге танылуына себепкер болған Балуан Шолақ жайлы сөз етсек дейміз.

Әуелі олар қалай кездесті дегенге тоқталайық. Арқаның арда серісі Балуан Шолақ, яғни Нұрмағамбет Баймырзаұлы ел аралап жүріп, Шу бойындағы нағашысына, одан Жетісуға өтіп, Алатау атырабын аралайды. Ол жолшыбай кездескен елден әнші-күйшілерді өзінің өнерпаз тобына қосып алып, думандатып «дала гастролін» құрады. Шудағы Сәмбеттерден Байболат, Бектербек, Қайрақбай, Бармақ, Баймұқамбет, Ғаббас, Сиқымнан Сауытбек, Жидебай, Мұстафа ереді. Балуан Шолақ Қасқарау еліне барып, Еркебайдың үйіне түседі. Олар ән мен күйдің ажарын келтіріп отырғанда орталарына Жамбыл келеді. Үйде отырғандар оны тік тұрып қарсы алады. Жамбыл мен Балуан сырттай бірін-бірі естігені болмаса, жүзбе-жүз кездескені осы екен. Екеуі кәдімгі сағынысқан туыстарша құшақтарын айқара ашып амандасады. Балуан ән салады, Жамбыл жыр төгеді. Сол жиында үй иесі Еркебай қой соңында жүрген Кененді шақыртып алады.

– Мынау Кенен деген жас әншіміз, даусы зор-ақ. Әттең, жалшылықтан күтімі болмай жүр, – деп таныстырады. Балуан сері қойшы балаға қарап:

– Ә, әлгі «Бозторғайды» шырқайтын бала осы ма? Мен оның әндерін жолшыбай әр елден естіп келемін. Кәне, шырқашы, қалқам, – дейді. Кенен өзінің «Бозторғайын» айтып береді.

– Пәлі, нағыз әнші өз ауылдарыңда екен ғой, – деп Балуан оған тәнті болады. Кенен осы жолы батыр, ақын, әйгілі әнші ағасына арнау айтып, жай-жағдайын білдіреді.

Мен келдім сәлем бере, батыр аға,

Атағың кең жайылған Сарыарқаға.

Бала едім жаңа талап іздеп келдім,

Өзіңнен сұрайын деп ақыл аға.

Атағыңа ардақты аға, құмар едім,

Нашарға саяң түскен шынар едің.

Қасыңда тоғыз жігіт жолдасың бар,

Жақтырсаң мені де бірге ала жүргін.

Көзіңнің қырын салшы Балуан аға,

Даңқыңыз талай елге барған аға,

Бала едім, жаңа талап, ақын, әнші,

Әніңді үйренейін алуан, аға?

Балуан бұған келісім береді.

Сөйтіп, Кенен енді мал бағудан біржолата құтылып, Балуан Шолақтың тобына қосылады. Сол жолы Кенен және басқа да Жетісу ақындары Балуанның жанында бір жаздай болып, бірнеше ай бойы Жетісу елін аралап, ойын-сауық, сән-салтанат құрады. Қалың елді өлең-жырға, ән-күйге кенелтеді. Балуан Шолақтың көпке беймәлім «Құлан кісінес» деген әні бар. Патшалық Ресейден көп қуғын көрген Балуан Шолақ Жетісуда Кененді ертіп, біраз ел аралайды. Жетісуда Кенен Балуанның 11 әнін үйреніп қалады. Сол 11 әннің ішінде «Құлан кісінес» деген ән де бар еді.

«Құлан кісінес» әнінің қайырмасында «Өй, гөй-гөй» деп келетін жерлері бар. Ол өзі аңға шықпаса, сері болмаса құланның кісінегенін қайдан біледі? Ол кісінес құланның бір-біріне белгі беріп шақыруы ма? Сондағы жануардың адам біле бермейтін дауысын әнге қосқан секілді. Бір тың дүние – осы.

Балуан Шолақта және «Сұрша қыз» әні бар. Кеңес өкіметі кезінде Балуанның әндерін Жаяу Мұсаға теліп жіберген. Бұрыннан айтылып жүрген «Сұрша қыздың» Балуанның әні екені дәлелденді. Ол Кененнің естелігінде де, кітабында да айтылады.

Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың «Ащылы[1]айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Діңкілдек», «Көкшетау», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр» және де Арқаның басқа да әндерін Жетісу өлкесіне жеткізген ақын. Халық арасында кеңінен тараған әндері – «Ғалия» мен «Сентябрь». «Ғалия» – нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы болса, «Сентябрь» – бірден-ақ кең тыныспен асқақтата шырқалатын жігер-күшке толы қаһармандық ән. Тыңдаушыға оның мелодиясындағы батыл да өршіл қайрат бірден әсер етеді. Балуан Шолақтың әндерін шебер орындаушылар Ж.Елебеков, М.Көшкімбаев, М.Тырбаев, Н.Әбішев, Қ.Бабақов, Т.Арғынбаев, М.Қалапбергенов, К.Әзірбаев, И.Елібаев, М.Өтебаев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов болды. Балуанның әндерінде өзінің мінезіне сай батылдық, ержүректік, адуын мінез басым, кесек-кесек, сом-сом дүниелерді тудырған.

 

Мұрат КЕНЕНОВ,

Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің әдіскері.