Мәдениет

Тарихы терең, тағылымы мол ауыл

Әрбір ауылдың өз тарихы бар. Олардың құрылу кезеңі Тараз шаһары іспетті екі, ер түріктің ордасы Түркістан сияқты бір жарым мың жылдық тарихы болмаса да, өңірде жүз жылдан асып жығылатын бірнеше елді мекен бар. Соның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында орналасқан Нұрлыкент ауылы. Биыл бұл ауылдың құрылғанына 135 жыл толып отыр. Жуалы ауданындағы тарихы терең елді мекеннің бірі – Теріс өзені мен Қаратау беткейінде жатқан мыңға жуық түтіні бар осы ауыл.

Бұл ауылдың жалпы жер көлемі 9974 гектарды құрайды, тұрғын саны – 4559 адам. Нұрлыкент ауылдық округіне Нұрлыкент пен Түктібай елді мекендері, Қосбастау теміржол бекеті қарайды. Ондағы ірі шаруашылық – «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы, Нұрлыкент ауылында ұзынды-қысқалы жиырмадан аса көше бар. Нұрлыкент – ауылдың жаңа аты. Бастауын ХІХ ғасырдың 88- ші жылынан алатын елді мекеннің бастапқы атауы «Бурное» болған. Одан кейін ауыл атауы сол тұстағы саяси жүйеге байланысты бірнеше қайтара өзгеріске ұшыраған. Осы ауылдың көнекөз қариясы Нұржігіт Бәйдібековпен сөйлескенімізде, ол бізге ауылдың өткен тарихынан біраз сырды ақтарған болатын. «Мен өзім Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында қазақ ауылда туып-өстім.

Медициналық оқу орнын бітірген соң жолдамамен 1960 жылдың басында 5100-ден аса тұрғыны бар Бурнооктябрьское селосына жұмысқа тұрдым. Бұл ауылдың басқа ауылдардан өзгешелеу тұстары көп еді. Ол өзінің болмысы, мәдениеті, тұрғындарының тыныс-тіршілігі, тарихи қалыптасуы арқылы мені бірден баурап алды. Жолдама мерзімі біткен соң, осында тұрақтап қалып қойдым. Оған басты себеп, Жуалының сұлу табиғатына деген қызығушылығым болар. Өзім тұрып, қызмет атқарған ауылдың тарихы тереңде жатыр. 1987 жылы ауылдың 100 жылдығын тойладық. Сол кезде округ әкімі Қалдан Назаров, партия мүшелерінен құрылған комиссия ауылдың тарихын терең зерттеп, жастарға танытуды ұйғарды. Сөйтіп 100 жылға толады деген Бурнооктябрь селосының іргетасын қашан, кімдер қалағанын, одан бергі тарихын нақты фактілермен анықтауға кірісіп кеттік. Талай құжатты ақтарып, архивтерді көтеріп, ауыл тарихына қатысты көп деректерді таптық.

Сондай-ақ, ауылға алғаш қоныстанған адамдардың ұрпақтары Мария Савченко, Григорий Ходеев, Анна Кононенко, тағы басқалардан естеліктер, қолжазбалар, мағлұматтар алдық. Музей мен мұрағаттардан бірді-екілі құжаттар табылды. Соның бәрін жинақтау арқылы ауылдың нақты құрылу тарихын, жасын анықтап алдық», – дейді Нұржігіт Бәйдібеков. Тарих парақтарына қарайтын болсақ, XIX ғасырдың соңына таяу патша өкіметінің отарлау саясатымен Қазақстанның әлі игерілмеген табиғаты сұлу да құнарлы өңірлеріне орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру басталды. Ақсақалдың айтуынша, 1887 жылдың мамыр айының басында Ресейдің Воронеж губерниясынан шыққан 9 орыс шаруа отбасы, Кононенко, Ходеев, Савченко, Вакулин, Щербаков, Гаголев, Кираченко, Воскобойников балаларын, азық-түлік және ең қажетті киім жамылғыларын қос аттан жегілген үш арбаға артып, елсізде аңызақ сары даламен ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып күзде Жуалы үстіртіндегі Теріс өзенінің сол жағалауына жетеді. Тыныстап отырғандарында, өзеннің қарсы жағынан дөңгелектері серіппелі, қос ат жегіп, әсем безендірілген күйме бұларды көріп тоқтайды. Жабық күйме ішінен әдемі киінген орта жастар шамасындағы екі орыс түсіп, шаруалардан жөн сұрайды. Орыс шаруалары қайдан шыққандарын айтып, қайда тоқтайтындарын білмейтіндерін жеткізеді.

Әлгі екеуінің бірі «Соңымыздан еріңдер», деп күймелеріне отырып, ат айдаушысына «кері қайт» деген ишара білдіріп, Теріс өзенінің сол жақ бетіне өтіп, көп ұзамай тегіс, кең сазды ойпаңдау алаңға тоқтап: «Көріп тұрғандарыңдай, бұл үлкен жол бойы, бұрын-соңды ел қоныстанбаған, өзеннің арғы бетіндегідей ескі жұрт орны жоқ (ескі жұрт деп – Теріс ауылындағы ортағасырлық қала орнын айтып отыр), әзірге бұл жерді иемденген де ешкім жоқ, болашағы жақсы, осында қоныстаныңдар», – деп шұғыл бұрылып жүріп кетеді. Орыс шаруалары әлгілердің кімдер екенін сұрап біле де алмаған. Сөйтіп, Воронеж губерниясынан шыққан 9 отбасы Жуалы үстіртіндегі Теріс өзенінің сол жағындағы ойпаңға қоныс тепті. «Орыс шаруалары ертесіне-ақ кешегілердің көрсеткен жерінен кепе қазып, төбелерін жауып біткендері сол, қар түсіп, қыс та басталады. Маңайындағы қазақ ауылдары алғашында оларды аса ұната қоймайды. Десе де кеңпейіл қазақ емес пе, қақаған қыста бастау, бұлақ, қыр басында отырған қазақтар тоғайдың су ағаштарымен кепелерін жылыта алмай, суықтан бүрсеңдеп қиналғандарын көріп, жандары ашып, қыс бойы құрғақ отын, азық-түлікпен көмектесіп шығады. «Сол жылы қыс суық та ұзақ болып, қазақтардың қыс бойғы көмектері болмағанда, аман қалуымыз екі талай еді, біз қазақтарға өлшеусіз қарыздармыз» – деген ата-әжелерінің ризашылығын олардың ұрпақтары бізге жеткізді. Осылай екі ұлт арасындағы достастық, татулық, ынтымақтастық орыс шаруаларының келуінің алғашқы жылдарынан-ақ басталыпты», – дейді қария.

1888 жылы өкімет переселендерге берген уәде сінде тұрып, ерте көктемнен оларға үй-жай салуына егістік жерлерін бөліп берген. Осы жылы ауылға тағы да 5 отбасы келіп, барлығы 14 отбасына жеткен. Ал 1889 жылы күз айында өкіметтің жан-жақты берген көмегінің арқасында ауылдың қазіргі Е.Байғазиев көшесінің орта тұсынан переселендердің 14 үйі қаз қатар көрікті де сәулетті көше бойына салынып, бәрі бірге ұйымшылдықпен қоныс тойларын атап өтеді. Ол тойды атап өтуге село тұрғындары өздеріне жер бөліп берген жерге орналастыру органынан келген уездік уәкілдерді де шақырады, олардан бөлек қоныс тойына Жуалы үстіртін зерттеп жүрген орыс ғалымдары да қатысады. Қас қылғанда кешкісін боран басталып, уәкілдер үйлеріне қайта алмай қалады. «Осы уәкілдер ерте көктемде жер өлшеп беруге келгенде де дауылды жаңбыр жауып, соңы қарлы боранға ұласқан болатын. Енді тағы мынау, уәкілдердің ішіндегі біреуі, отырғандарға, «бұл жердің бораны басылмайтын, басталса қоймайтын табиғаты ерекше жер екен, ауылдарыңның атын «Бурное» деп атау керек», деп қалжыңдайды. Шындығы сол еді. Содан бастап орыс шаруалары Ұлы Жібек жолы бойымен ары-бері үздіксіз жүріп жатқан саудагерлер мен әртүрлі жүргіншілер, пошта қызметкерлері мен өлке зерттеушілері Теріс өзенінің сол жағасында орыстардың «Бурное» атты селосының пайда болғаны туралы хабарды бергісі Ташкент, Верный (Алматы), арғысы Ресей империясының орталығы Санкт Петербургке де жеткізеді.

Сондай-ақ, ол осы өңірді зерттеушілердің негізгі тірек мекеніне айналады. Комиссия мүшелерінің тиянақты да сауатты іздену нәтижесінде, алға қойылған мақсат орындалып ауыл, аудан тұрғындары 1987 жылдың 17 қазанында Бурное (қазіргі Нұрлыкент) ауылының 100 жылдық мерейлі мерекесін ерекше шаттықпен, переселендердің алғашқы келгендерін театрландырылған көрініспен атап өткен болатын», – деп еске алды Нұржігіт ақсақал. Жуалы жеріне, табиғатына, ауа[1]райының өзгешелігіне қызығушылық танытқан Ресей патшалығының бас геофизикалық обсерваториясы осы үстірттегі жалғыз пайда болған селоның атымен, қазірге дейін жұмыс істеп келе жатқан ауылдағы «Бурненская метеорологическая станция» негізін 1890 жылы қалап, өңірдің ауа-райына, топырағына, өсімдігіне бақылау жүргізе бастады. Айта кету керек, бірсыпыра жерлерде «Бурное» атауының тарихын 1917 жылы ауданға жеткен темір жолдың келуімен байланыстырады. Бұл шындыққа келмейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің «Желсаз» кітабында «...кейінірек бораны мен дауылды желін бағалағандай «Бурное» деген. 1917 жылы Жуалы жеріне теміржол келгенде жаңадан салынған стансаның атын, осы жерде ең жақын елді мекен Бурноеның атымен қоя салған. Бастапқы Бурное «Ескі Бурное» деген атауға ие бола беріпті. Мұны мұрағат құжаттарынан аңғаруға болады», деп жазған. Сондай-ақ, облыстық «Ақ жол» газетінің №85-86, 2007 жылдың 29 мамыр күнгі санында Сүлеймен Өтешовтің «Әкем Сәуірәлі 91 жасап, 1995 жылы өмірден озды. Әкем үнемі былай деп айтып отыратын: «Мына әскери совхоз «Бурнооктябрь» деп Қазан төңкерісінен соң атала бастады.

Біздің қазақтар оны «Бурнооктябрь» деп атамай, «Ескі Бурный» дейтін» деген тұстары ауылдың қай уақыттан бері «Бурное» аталғанын дәлелдей түседі. Ауыл жыл санап қанатын жая түсті. Олар канал қазып, Теріс өзенінің мол суымен егістіктерін суғарып, мол өнімге қол жеткізіп отырған. Әрі әл-ауқаты тез көтеріліп, Жібек жолы бойында керуен сарай салып, табыс табады. 1890-1900 жылдар аралығындағы тартылған канал арық толығымен біткен соң, қазіргі сорғы стансасының төменгі жағынан арық бойына алғашқы қоныстанушының бірі – Воскобойниковтар отбасы су диірменін орнатады. Бұл Жуалы үстіртінде бытырап отырған қазақтарға да тиімді болады. 1907 жылы 20 жыл бойы «Бурное» атанып, көп жерге танымал болған ауыл аты Николай Иванов есімді кулактың құрметіне орай «Бурно[1]Ивановское» болып өзгертіліп, Сырдария губерниясының жер қатынастары органында арнайы мемлекеттік тіркеуден өтеді. Ауылға қамқор осындай игілікті істерді жасаған Түркістан өлкесі тұрмақ, Ресей аумағына белгілі, елдегі ірі жер иеленуші және ірі кәсіпкердің Қазалыда манифактура және галантерия кәсіпорны, Ташкент, Шымкент, Әулие-Ата, Верный, Жаркент қалаларында 6 сыра, 5 шарап, 8 спирт зауыты болыпты. Бұлардан өзге мемлекеттік істермен де шұғылданған Н.Иванов (1836- 1906) 70 жасында қайтыс болған. Оның қаржысымен 1907 жылы үш бөлмеден тұратын үш жылдық мектеп (Церковноприходская) ғимараты салынып, пайдалануға берілген екен. Алғаш ондағы оқушы саны 20 болған. Бүгінгі ауылдағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің құрылған жылы ретінде осы дата алынған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1924 жылғы 5 қаңтарда Бурное Ивановск болыстығы Бурно-октябрь, Бурно-Ивановское селосы Бурно[1]октябрь селосы болып өзгертіледі. 1920 жылдары бұл өңірді зерттеген орыс ғалымдары Бурнооктябрь ауылы маңындағы таулы алқаптардан шөлге төзімді тау сағызының мәдени түрін өсіріп, оны каучук өнеркәсібіне шикізат ретінде пайдалануға болады деп шешкен. Сөйтіп, 1928 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жарғысымен «Бурнооктябрь» с ело сында каучук өнеркәсіп шаруашылығы, каучук промхозы ашылады.

Бұл шаруашылықты Кеңес өкіметі өз қамқорлығына алып, оны техникамен, қаржы-қаражатпен қамтамасыз етті. «Бурнооктябрь» каучук сағызын өсіретін алқаптардың көлемін жылдан жылға ұлғайтты. Дақылдың жаңа сорттарын орналастырып, өнімділігін арттыра отырып, одақ көлемінде аса зор абыройға ие болды. 30-жылдары бұл жерде агрономдар дайындайтын техникум ашылды. Онда аудан, облыс көлемінен білімгерлер оқып, агроном мамандығын алды. Сондай[1]ақ балалар үйі жұмыс істеді. 1953 жылы «Каучук промхоз» орнына «Бурный» кеңшары құрылып, ол енді тау сағызы орнына картоп дақылын өсірумен шұғылданады. 1958 жылы бұл шаруашылық ТуркВО әскери ведомство құрамына беріледі. Кеңес Одағы тараған соң, ауданға қайтарылды. Бұрынғы кеңшар орнына жүздеген ұсақ шаруа қожалықтары құрылады. Соның ішінде ең ірісі «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сонау патшалық Ресей заманынан басталған орыс шаруаларының шұрайлы өлкелерімізге қоныстануы Кеңес Одағы тұсында да жалғасты. Әр кезеңде түрлі сылтаумен қоныс аударушылар легі толассыз жүріп отырған. Оның ішінде неміс және шешендер де көп болды. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының 80-90 пайызы өзге ұлт өкілдерін құраған еді.

Еліміз тәуелсіздік алуымен шетжұрттықтар өз тарихи Отанына үдере көшкенде, олардың орнын Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан, Түркіменстаннан келген қандастарымыз басты. Осылайша, мұнда жаңадан қалыптасқан халық орнығып, атажұртпен сіңісіп үлгерді. Бурнооктябрь ауылы 2008 жылы ауыл азаматы Нұржігіт Бәйдібековтің бастамасымен Нұрлыкент ауылы болып, жаңа атауға ие болды. Бурнооктябрь ауылдық округі Нұрлыкент ауылдық округі болып өзгертілді. Бүгінде Нұрлыкент ауылында 16 көше бар. Оның төртеуі кісі есімімен аталады. Бір көшеге ұлы ақын Абай Құнанбаевтың есімі, қалған екі көшеге Социалистік Еңбек Ерлері Мүсірепбек Бектаев пен Еламан Байғазиев, Ауған соғысының жауынгері Нұрлан Замбаевтың есімі берілген. Бүгінде ауылда кәсіпкерлік нысандар көбейіп, жаңа нысандар көптеп бой көтеруде. Соның ішінде 25 келушіге арналған ауылдық дәрігерлік амбулатория, 180 орындық Мәдениет үйі, ашық спорт кешені, кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтерген 150 орындық мешіт, одан бөлек онға тарта дүкен мен дәріхана, жол бойы сервистері жұмыс істеп тұр.

 

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы