Жаңалықтар

Микроқаржы ұйымдарының жұмысына бақылау күшейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы дәстүрлі Жолдауында халықтың банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдындағы берешегі ұлғайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген болатын. Бас құжатта ол: «Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды» деп бұқараның әл-ауқатын түзеу мақсатында нақты қадамдар жасалғанын атап өтті.

Атап айтқанда, жуырда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нормативтік акті қабылдап, оған сәйкес микрокредит беру туралы шарт жасасу тәртібіне, шартты және оның бірінші бетін рәсімдеуге қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілетінін хабарлады. Одан бөлек, микроқаржы ұйымдарына, ломбардтарға және несие серіктестіктеріне лицензия беру ережелері қатайтылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензияға өтініш беру кезеңінде тәуекелдерді басқару талаптарын белгілейді. Мінсіз іскерлік беделге қойылатын талаптар да күшейтіліп, микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айырылған микроқаржы ұйымдарының қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін құрметтеу міндеті мен жауапкершілігі күшейтілетін болады. Мұндай бастамаларды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көтерді. Микроқаржы қызметімен айналысатын ұйымдарға – МҚҰ, ломбардтар мен несие серіктестіктеріне лицензия беру ережелерін қатайту ниеті шектен тыс берешекпен күрес аясында жүзеге асырылуда. Агенттік микроқаржы нарығының өзін-өзі реттеуге дайындығын талдап, өзін-өзі реттеу ұйымдарына берілетін функцияларды анықтап, тиісті заңнамалық өзгерістерді әзірлейтіні баса айтылды.

Айта кету керек, былтырдан бері МҚҰ-ның жалпы микрокредиттік портфелінің өсу қарқыны баяулады. Ал былтырғы қаңтардан биылғы маусымға дейінгі кезеңде портфельдің орташа айлық өсімі 2,9 пайызды құрап, 1 шілдеде 1,34 триллион теңге болды. Керісінше, портфельдегі мерзімі өткен қарыздар деңгейінің орташа өсімі (1 күннен 90+ күнге дейін немесе жалпы NPL- мерзімі өткен несиелер) 6,1 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, NPL 90+ бар несиелер бойынша да осындай көрсеткіш тіркелген. Бұл жұмыс істемейтін несиелер деңгейінің микронесие портфелінің өзінен айтарлықтай жылдам өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, бір жарым жылға жуық уақыт ішінде МҚҰ портфеліндегі жалпы жұмыс істемейтін несиелердің үлесі 2023 жылғы қаңтардағы 15,4 пайыздан 2024 жылдың маусымына дейін 20,8 пайызға дейін ұлғайғаны таңқаларлық емес.

«ЖАЛАҚЫҒА ДЕЙІНГІ» КРЕДИТТЕРДІҢ КЛИЕНТТЕРІ КІМ ЖӘНЕ ОЛ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Мұндай несиелер бүкіл әлемде, дамыған және дамушы елдерде жұмыс істейді. Олар шұғыл қажеттіліктерге қаражат жетіспеген, қысқа мерзімге аз ақша қажет болған, бірақ достар мен туыстардан қарызға ақша алғыңыз келмеген кезде алынады. Мұндай кредиттерді ресми түрде жалақы алатындар пайдалана бермейді. Бұған өз кірістерін заңдастыра алмай жүрген немесе оны білмейтін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, табысы төмен адамдар және тұрақты зейнетақы жарналарын аудармайтындар кіреді. Мысалы, такси жүргізушілері, сатушылар, жүк тасымалдаушылар, тамақ жеткізушілер, ауыл тұрғындары сынды азаматтар. Көбіне оларға ресми кірістерінің болмауына немесе кредит тарихының бұзылуына байланысты банктен кредит алу қиын. Банктердің кредиттерінен айырмашылығы – «жалақыға дейінгі» кредиттер, әдетте, қысқа мерзімге – 45 күнге дейінгі мерзімге, өтеу кестесі жасалмай беріледі. Яғни, қарыз мерзімінің соңында оны есептелген пайызымен бірге толығымен қайтару қажет.

НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

«Жалақыға дейін» онлайн-қарыздар Қазақстанда ресми және заңды түрде 2020 жылы, барлық микроқаржы ұйымдары ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеу аясына кірген кезде жұмыс істей бастады. 2020 жылғы шілдеден бастап халыққа кәсіби негізде кредит беруге есептік тіркеуден өткен микроқаржы ұйымдарына ғана рұқсат етілді. Бұл аяға «жалақыға дейінгі» онлайн-қарыздар секторының компаниялары да кірді. Тіркеу және есепке алу процесі 2021 жылғы наурызда аяқталды және осы сәттен бастап олар қаржы ұйымдары ретінде ресми түрде танылды. Бірақ, мұндай компаниялардың саны екі есе азайды, бірнеше жүз «ойыншы» бірден нарықтан кетті. Оған микроқаржы нарығындағы заңнаманың күшейтілуі және кредит мөлшерлемесін шектеу себеп болды.

«ЖАЛАҚЫҒА ДЕЙІНГІ» ОНЛАЙН-КРЕДИТТЕР НАРЫҒЫ ҚАЛАЙ РЕТТЕЛДІ?

2020 жылдан бастап қарыздар бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесі біртіндеп – 30 пайыздан 25 пайызға дейін, содан кейін 20 пайызға дейін төмендеді, бірақ күніне 1 пайыздан аспайды. Мысалы, қарыз 20 күн мерзімге күніне 1 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен 100 мың теңгені құрайды. Бұл жағдайда МҚҰ 20 мың теңге сыйақы алады. Бірақ, егер адам қарызды 30 күнге алса, МҚҰ дәл сол 20 мың теңге болатын сыйақы алады, себебі бұл заңнамалық түрде белгіленген шек. 2022 жылы 50 АЕК-ке дейін және 45 күнге дейін мерзімге берілетін микрокредит бойынша артық төлемнің шекті мөлшері екі есеге – микрокредит сомасынан 100 пайыздан 50 пайызға дейін заңнамалық деңгейде төмендетілді. Бұл ретте ең жоғары өсімпұл немесе айыпақы күніне мерзімі өткен берешек сомасының 0,5 пайызын құрады. Ал 90 күн кешіктірілгеннен кейін МҚҰ-ға пайыздарды (сыйақыны), айыпақыны және комиссияларды есептеуге тыйым салынады. Мысалы, егер микрокредит 153 150 теңге сомасына берілсе, онда негізгі кезең үшін сыйақы бойынша артық төлем және мерзімін ұзартуды, сондай-ақ кешіктіру себебінен есептелген өсімпұлдарды (айыппұлдарды) ескере отырып, ең көбі 76 575 теңгені құрайды.

ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛДЫ?

Биыл 20 тамыздан бастап Агенттік пен Ұлттық Банк Басқармасының бірлескен қаулысы күшіне енді. Онда «жалақыға дейінгі» кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәні белгіленді. Яғни күніне 0,3 пайыз, бірақ жылдық 179 пайыздан аспайды. Егер бұрын ай сайынғы төлемдерді немесе қарыз бойынша сыйақыны бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5 пайызынан аспаса, енді айыпақы мөлшері күніне 0,3 пайыздан аспауы тиіс. Бұл норма 45 күнге дейінгі мерзімге, 45 АЕК-тен (2024 жылы 166 140 теңге) аспайтын және 2024 жылғы 20 тамыздан бастап рәсімделген мөлшерде қарыз шарттарына қатысты қолданылады. Бұдан басқа, мұндай микрокредиттер бойынша микрокредиттерге берілген соманың 50 пайызы мөлшерінде артық төлемнің жалпы сомасы бойынша талап сақталды. Қолданыстағы немесе жақсартатын талаптармен микрокредит шартының қолданыс мерзімін күнтізбелік 90 күннен аспайтын мерзімге ұлғайтуға жол беріледі.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ