Жол-көлік апатын азайтудың жолдары қандай?
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде жол-көлік апаты күн өткен сайын көбейіп келеді. Ал, тас жолда зардап шеккендер саны бойынша Алматы, Шымкент қалаларымен бірге Жамбыл облысы көш басында тұр. Сондай-ақ, көлік апаты салдарынан орын алған өлім-жітімге сәйкес, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды және Атырау өңірлері алғашқы орында. Жалпы, біздің елде жыл сайын кем дегенде екі мың азамат жол-көлік апатынан көз жұмады екен. Адам капиталына үлкен шығын әкеліп отырған мемлекеттік деңгейдегі осынау мәселе Президент Жолдауында да айтылды.
«Жол апатт ары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол- көлік оқиғасынан 1 300-ден аса адам қаза болып, 16 мыңнан аса азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Қазіргі күні ел аумағындағы көлік жүргізу құқығына ие азаматтардың саны 5 миллион 800 мыңнан асады. Демек, әр жыл сайын шамамен 120 мың азамат көлік жүргізу құқығына ие болуда. Ал, тұрғындардың жартысынан көбі ескі көліктерді тізгіндейді. Мамандар тозығы жеткен техника жолдағы көлік апаттарына жиі себеп болады деген пікірде. Мәселен, қоғам белсендісі Елназар Ахметбек дамыған елдерде мұндай көліктердің жүруіне мүлде рұқсат берілмейтінін алға тартады.
Байқап қарасаңыз, жыл сайын көлік апатына тап болып, адамдардың мерт болу факторлары автокөлік санының өсуімен бірге көбейіп келеді. Оқыс оқиға қаза тапқандардың жақындарының жанына жара салып, тіпті, кейбір ата-аналар болашағынан зор үміт күткен ұл-қыздарынан айырылуда. Қынжылтатыны, қанша дабыл қағылса да өлім-жітім азаймай тұр. Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітімнің үш түрлі себебі кең тарағанын мәлімдеді. Олар – қарама-қарсы жолаққа шығып соқтығысу, жаяу жүргіншілерді қағып кету және көліктердің аударылуы. Осы үш себеп – жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың 56 пайызын құрайды екен. Әрбір бесінші оқиға жылдамдықтың артуына байланысты болса, әрбір алтыншы оқиға маневр жасауға қатысты тіркелуде.
Ал, өңірде соңғы 8 айда жамбылдық полицейлердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша атқарған кешенді іс-шараларына қарамастан, тас жолдағы апат 614-тен 1018-ге дейін өссе, дене жарақатын алғандардың саны 931-ден 1591-ге дейін ұлғайған. Бұдан бөлек, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің қатысуымен бас-аяғы 25 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның салдарынан 10 адам қаза тауып, 79 азамат түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған. Атап өтерлігі, жол-көлік апаттарының орын алуына масаң күйде көлік тізгіндейтіндер, қауіпсіздік белдігін тағуды ескермейтіндер мен көлікті басқарып келе жатып ұялы телефонмен тілдесетіндер себепкер болуда. Нақ осындай қарапайым ережелерді қаперден шығарған кейбір жүргізушілер қайғыға душар болатыны да содан. Сол себепті, әлеуметтік желі қолданушылары мас күйінде көлік басқарғандарды 7 жылға ғана емес, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру керек деп есептейді.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Сингапурда мас күйінде көлік тізгіндегендер жүргізуші құқығынан айырылып, үлкен көлемде айыппұл төлегені өз алдына, мемлекет заңын сыйламағаны үшін оған дүре соғылатын көрінеді. Ал, Қытай мен Тайландта мас күйде көлік тізгіндеп, кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаты үшін жүргізуші өлім жазасына кесілуі мүмкін. Жапонияда ішімдік ішкен жанның көлігіне отырған кез келген жолаушыға үлкен көлемде айыппұл салынады екен. Әйтсе де, ережені мың жерден күшейтсек те, еліміздің әрбір азаматы жауапкершіліктің салмағын шын сезінбесе, бұл жағдай өзгермейтіні тағы шындық.
Есен ӨТЕУЛІ