Әдебиет

Ажары – әсем, дидары – көркем Таразым!

Тарихы тағылымға толы Тараздың тек ұлтымыздың ғана емес, күллі Түркінің шежіресінде алар орны айрықша. Орта ғасырда көпестер мен шайырлардың мекеніне айналған көне шаһардың азаттық жылдары ажары ашылып, көрсе көз тоймайтын көркем қалаға айналды. Бүгінде қала тұрғындарының саны артып, осында табан тіреген туристердің де қатары көбейіп келеді. Сондықтан болар, Тараздың төл мерекесі жалпыхалықтық мейрамға айналып, кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналған. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, бірнеше апта бойына шаһарда қала күніне арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған болатын.

Қала күні мерекесі қарсаңында Қ.Рысқұлбеков саябағында «Тараз көркі» атты фотобайқауы өтті.

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласының бүгінгі кескін-келбетін фотоөнері арқылы насихаттап, жаңарып, көркейген шаһарды көпшілікке жаңа қырынан танытуды мақсат еткен байқауда 15 қатысушы өз туындыларын ұсынды. Солардың ішінен 7 үміткер үздік деп танылып, байқау нәтижесі бойынша Арнат Тоқташ «Үздік репортаж», Даурен Нысанбай «Фото минимализм», Ислам Қамшыбек пен Ұлжан Қаленова «Қас-қағым сәт» номинациясымен марапатталды.

Сондайақ, Максим Дядык «Үздік қала пейзажы», Мерей Өрнек «Мөлдір табиғат» аталымдарына қол жеткізіп, ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ, мереке мезіретінде Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен «Тараз дауысы» ән байқауында жас өнерпаздар да әннен шашу шашты. 16-22 жас аралығындағы әншілер қатысқан байқауда Орынбасар Бақытұлы «Тараздың үздік дауысы» атағын жеңіп алса, екінші орын Алуа Дәулетбергеноваға, үшінші орын 16 жастағы Перизат Асқарбекке бұйырды.

Бұдан бөлек, өзге де қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Ал, орт алықт андырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен қоғамдық көліктерде «Тараз тарихының шежірелі деректері» аталған әдеби круиз өткізілді. Жоба барысында кітапхана қызметкерлері жолаушыларға шаһардың мәдениеті мен тарихы туралы сұрақтар қойып, қатысушыларға жергілікті ақындардың Тараз туралы өлеңдерінен құралған аудиожазбаларды тарту етті.

Бұдан бөлек, Абай атындағы орталық кітапханасында кітапхана оқырмандарының шығармашылық әлеуетін көтеру, поэзияға қызығушылығын қалыптастыру мақсатында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Тарихы терең жыр шаһар» атты поэзия кеші өтіп, мерекелік шаралар жастар арасында атқа міну мәдениетін дәріптеу, кір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту, асық, ләңгі тебу секілді бұқаралық спорттық іс-шаралармен жалғасты.

Мерекелік шаралардың соңы «Көне Тараз» кешенінде өткен «Сүйікті қалам, Тараз!» атты концерттік бағдарламамен түйінделді. Көңілді думанды облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков көпшілікпен бірге тамашалады. Кеш барысында жергілікті өнерпаздармен қатар «Nomad» тобы, «Әдеміай» дуэті, Нұржан Керменбаев және Маржан Арапбаева секілді танымал эстрада жұлдыздары әсем әндерден шашу шашты.

 

Нұрболат АМАНБЕК