Әлеумет

Асқар таудан асыл сөз, өшпес өсиет қалды

Өмірдің өткінші екенін тағы да бір рет жан жүрегімізбен сезіндік. Барлық ұл-қызы мен немере-шөбересін ойлаудан жалықпаған, шексіз қамқорлық иесі Жаңабай әкеміз 86 жасқа қараған шағында бақиға озды.

Қазаға орай көңіл айтып келген барша қаламдастарға, рухани достарға басымды иіп рақмет айтамын. Менің әкем Мемлекет басшысы айтқандай, нағыз еңбек адамы еді. Көзін ашқалы Досалы атаммен бірге мал шаруашылығына бейім болған. Содан 7-8 жыл трактор тізгіндегенін қоспағанда, өмірінің 25 жылын қойшы, аға шопан болып өткізген. Талас ауданы «Ойық» кеңшарының экономикалық дамуына өз үлесін қосқан.

Осы жазда ғана Талас ауданы әкімінің шешімімен «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алып еді. Бұл төсбелгіні әкемнің омырауына белгілі композитор Әбиірбек Тінәлі таққан болатын. Әкем сонда мерейі өсіп бір қуанған. 35 жыл еңбек еткенде алған марапатының үлкені осы төсбелгі болды. Анамыз екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 40 немере, 35 шөбере тараған. Шүкір Аллаға, жапырағы кеңге жайылды. Сол жапырақтай жайылған ұрпағы – әкемнің байлығы. Әкемнен мал да, тал да қалған жоқ. Әкемнен жақсы ұрпақ, жақсы сөз, жақсы өсиет қалды. Бәрімізге қамқор еді. Жаны жәннатта болғай.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Талас ауданы