Әлеумет

Халық қаһарманының ерлігі жастарға үлгі

Тәуелсіз еліміздің егемендігін берік ұстап, халықтың амандығы мен тыныштығын сақтау – ер азаматтарға міндет. Мемлекетіміздің әскери күші әрдайым сақтықта болу үшін де құрамы жас сарбаздармен толығып отыратыны бәріне белгілі. Ал, жеткіншектердің әскер қатарына барудан бас тартпай, Отан алдындағы борышын өтеу азаматтық парызы екенін жан-жүрегімен ұғынуы кішкене күнінен бастап бойына жиған тәліммен қалыптасады.

Әрине, балаларды тәрбиелеп, оқытатын мекемелерде патриоттық тәрбие басты назарда болады. Оны толықтыра түсу үшін Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталық та «Жас сарбаз» әскери-патриоттық үйірмесінде жасөспірімдермен тыңғылықты жұмыс жүргізіп отыр. Биыл Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл.

Осыған орай біздің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық үйірмеміз бірқатар іс-шараларды өткізуде. Жас ұрпаққа өз елін, жерін, Отанын қорғауда және оның дамуы үшін аянбай еңбек етуде перзенттік парызын сезіндіретін патриоттық тәрбие беру мақсатында орталығымыз «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» Тараз қалалық филиалымен меморандумға отырған. Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орт а лықтың директоры Балдай Ертуғанованың қолдауымен жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуде бірлесе қызмет атқаратын әскери-техникалық мектепте Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған кездесу ұйымдастырылды. Біздің «Жас сарбаз» үйірмеміздің курсанттары аталған мектепке барып, ондағы әскери қызметте тәжірибелі мамандармен ашық пікірлесті.

Кеңестерін тыңдап, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Осы кезде суде қатысушылар үйірменің жас сарбаздарына әскери өмірдің қыр-сырын әңгімелеп, тыныштықты күзетудегі қырағылық пен шапшаңдықтың үлгісін көрсеткен «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» Тараз қалалық филиалының директоры Қанат Бошайға алғысын жеткізді. Сонымен қатар, аталған мектеп директорының патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасары Тархан Базарбаев пен нұсқаушы тәрбиешісі Нұрлан Нұрбеков мектептегі жұмыстармен таныстырды. Жас сарбаздарымыз осы мектептегі әскери техникаларды көріп, қолдану әдістері туралы да мағлұмат алды. Кездесу барысында Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ел қорғаудағы ерлігі туралы деректер де жан-жақты назарға ұсынылды. Оның 1945 жылдың 30 сәуірінде жауынгер Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа Кеңес одағының туын тіккені, сол арқылы бес жылға созылған сұрапыл соғысқа нүкте қойылғаны балаларға ерекше әсер етті. Ерлік туралы әңгімелесу барысында жас сарбаздарымыз да өз мақсаттарын айтып, ойларын ортаға салды.

 

Жалғас ИСАКОВ,

Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Жас сарбаз» әскери-патриоттық үйірмесінің жетекшісі.