Билік пен бұқараны байланыстырған бірыңғай қызмет
Еліміздегі саясаттың ашықтығын қамтамасыз етіп, цифрландыру саласында сең жүргізген Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы екені баршаға мәлім. Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамдағы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапты. Осыдан бастап билік пен бұқара арасын жақындата түсетін тетіктер қарастырыла бастады.
Соның бірі – Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласында «IKOMEK» Бірыңғай диспетчерлік қызметінің құрылуы болатын. Халықтан түсетін өтініштерді қабылдап, шешімін табуға бағытталған қызмет тәжірибесі 2019 жылдан бастап Тараз қаласында «Jambyl 109» деген атаумен жалғасын тапты. Ал, бір жыл өткен соң облыс әкімінің бұйрығына сәйкес, «Jambyl 109» қызметінің аймағын өңір бойынша кеңейтудің жол картасы әзірленіп, қызметтің регламенті кеңейе түсті. «Jambyl 109» қызметі – «109» қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы облыс тұрғындары мен қонақтарының тұрмыстық сипаттағы жергілікті коммуналдық қызметтер мәселелері бойынша түрлі байланыс құралдары арқылы өтініштерін қабылдау, өңдеу, облыстық мемлекеттік мекемелермен бірле с е отырып өтініштердің орындалуын жүзеге асырады. Сондайақ, бірыңғай диспетчерлік қызмет сумен жабдықтау, қоғамдық даму, жол инфрақұрылымы, қаланы электр қуатымен жабдықтау, құдықтар мен люктер, өндірістік жұмыстардан кейін қалпына келтіру жұмыстары, аула аумағын абаттандыру, қоғамдық көлік, көшені жарықтандыру және білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй жөндеу жұмыстары, аудан тұрғындарының тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ету бойынша барлық сала түрлері жіктеліп жүйеге енгізілген.
Диспетчерлік қызмет басшысының мәліметіне сүйенсек, аймақтар бойынша ең көп өтініш Тараз қаласынан түскен. Мұндағы қызметке жүгінген тұрғындар саны 70 мыңнан асып түседі. Бұдан кейінгі кезекте қалаға жақын орналасқан Жамбыл, Байзақ аудандары жайғасқан. Тізім соңын шалғайдағы Мойынқұм ауданы түйіндеген. Өтініш берушілердің басым көпшілігі лифт қызметі, қоғамдық көлік, жол инфрақұрылымы, көше жарығы, сумен қамтамасыз ету, ветеринариялық қызмет, жарықпен қамтамасыз ету мәселелерімен жүгінген. Бірыңғай диспетчерлік қызмет басшысының айтуынша, тұрғындар тарапынан иесіз иттерге қатысты өтініштер көптеп түседі екен. Орталық жұмысын бастағалы бері жүйеге осы мәселеге қатысты 7 155 өтініш түскен.
Халықтың өтініші мен биліктегілерді құлағдар еткен жүйенің жетістігі де жоқ емес. Өтініштердің орындалу барысы бойынша тиісті органдарға сурет пен бейнежазба тіркемелер міндеттеліп, тұрғындарға жасалып жатқан жұмыс сапасын көрсету мақсатында әлеуметтік желілерде «дейін/кейін» айдары іске асып келеді. Атқарушы органдарды халықпен байланыстыратын берік көпірге айналуды мақсат тұтқан «Jambyl 109» қызметі құрылған жылы 69 мекемемен байланыс орнатқан болса, бүгінде үш жүзден астам мекемемен тығыз жұмыс істейді.
«Jambyl 109» қызметінің жүйесінде халыққа 5600-ден аса қызмет түрі ұсынылуда. Мұнда меморандумдық келісімге сәйкес жауапты орындаушылар яғни, жауапты атқарушы органдар мен жекеменшік кәсіп орындар тарапынан атқарылған жұмыстар туралы дәлелді фото-бейне есептерді тіркеу ісі міндеттеледі. Өз кезегінде атқарылған тиімді жұмыстардың орындалу барысы бойынша сурет/бейнежазба тіркемелер міндеттеліп, тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыс сапасын көрсету мақсатында «дейін/кейін» айдары тұрақты назарда.
Сонымен бірге биылдан бастап «Jambyl 109» қызметі «Komek Stop Bullying» жобасы аясында, оқушыларға арналған буллингке қарсы сенім телефонының жұмысын ұйымдастыру тапсырмасын жүзеге асыруды бастап кеткен. Қазіргі уақытта жүйе бойынша психологиялық көмек орталығы мен білім басқармасы интеграцияланып, түскен өтініштер бойынша бірдей жұмыс істеу мүмкіншілігі енгізілген. Аудандық және қалалық орта білім беру ұйымдарына «Jambyl-109» қызметі туралы ақпараттар орнатылған. Маңызды әлеуметтік немесе коммуналдық мәселелерді шешу биліктің күш-жігерін ғана емес, азаматтардың қатысуын да талап етеді. Атқарушы органдар мен халықты байланыстыратын берік көпірге айналған қызмет түрінің пайда болуына әуелде тұрғындардың мемлекеттік органдарға үнемі бара бермейтіндігі, көбінесе қайда жүгінетінін білмеуі себеп болған. Қазір диспетчерлік орталық осы мәселелердің барлығын бір ортадан қабылдап, өтініштерді қа лай және қайда жіберу керектігін өз міндетіне алған. Ол үшін тұрғындар толғандырған мәселесімен жүгінсе болғаны. Атап өтейік, «109» қызметі жылына 365 күн және тәулігіне 24 сағат демалыссыз жұмыс істейді.
Нұрболат АМАНБЕК