Әлеумет

Жемқорлықтың алдын алу жұмысы жүйелі жүруде

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында өңірде жемқорлықтың алдын алу және осы саладағы қоғамды толғандыратын мәселелерді шешу мақсатында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілгенін хабарлады.

Жүргізілген талдау және мониторингтің нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 147,1 миллион теңге қаражат өндірілген. Оның ішінде денсаулық сақтау саласынан 119 миллион, спорт саласынан 17,9, әлеуметтік саладан 3,8 және субсидиядан 6,4 миллион теңге негізсіз төленген қаражаттар қайтарылды. Сонымен қатар, өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген 11 бағыттың 9-ы бойынша нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылды.

Баяндамашы жол саласындағы сыртқы талдаудың нәтижесінде 28 жүйелі жемқорлық тәуекелі анықталғанын атап өтті. Өз кезегінде, өңірдегі автожолдарды салу және қайта жөндеу жұмыстарының сапасын жақсарту мақсатында олардың кепілдік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған. Сондай-ақ, кепілдік міндеттемелері бұрын көрсетілмеген орташа жол жөндеу туралы 26 шартқа өзгеріс енгізіліп, екі жылға кепілдік мерзімі бекітілді. Өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған 9 ауылдық округ әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жамбыл ауданының 3090 гектар егістік жерін сумен қамтамасыз ететін ұзындығы 32 километрді құрайтын «Райс» каналын қайта қалпына келтіруге 1,8 миллиард теңге бөлінген. Алайда, жобадағы сәйкессіздіктер салдарынан каналдың 2,8 километр құрайтын аумағында ені 3,5 метрді құрауы тиіс болған жері 2 метрге дейін кішірейген. Бұл судың сыртқа төгілуіне және кейіннен канал қабырғаларының бұзылуына әкелген. Департаменттің ұсынысына сәйкес мердігер мекеме тарапынан 180 миллион теңгеге қосымша жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 62 шаруа қожалығы суармалы сумен қамтамасыз етілді.

Облыстың ауыл шаруашылығында субсидиялар кезексіз беріліп келген. Аталған салаға жүргізілген мониторинг барысында субсидия төлеу кезінде кезектілікті жүйелі түрде сақтамау, субсидияны уақтылы төлемеу және жекелеген шаруаларға артықшылық көрсету түріндегі жемқорлыққа алып келетін тәуекелдер анықталған. Департаменттің ұсынысынан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы субсидия төлеу бойынша төлем құжаттарын қарау алгоритмін бекітті. Сонымен қатар, департамент тарапынан мал және тұқым шаруашылығына байланысты субсидия алу шарттарын сақтамаған және өтінімдерінде жалған деректер көрсеткен шаруалардан 80 миллион теңгеден аса қаражатты қайтару туралы ұсыныс енгізілді. Оның 6,1 миллион теңгесі қайтарылса, қалғанын жыл соңына дейін өндіру көзделуде. Облыста «Бизнеске жол» жобасы аясында субсидияланатын жұмыс орындарын қаржыландыру бойынша заңсыз бас тарту фактілері де орын алған. Жылдың бірінші тоқсанында келіп түскен өтінімдердің 1294-і мақұлданып, 515 кәсіпкерге заңсыз бас тартылғаны анықталды.

Департаменттің ұсынысымен кәсіпкерлердің өтінімдері қайта қаралып, олар бойынша оң шешім қабылданды. Жер қатынастары саласында жер учаскелеріне салынған шектеулер уақтылы алынбай, қысым жасалған 53 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Сонымен қатар, өткен жылы «Бизнеске жол» жобасы аясында жүргізілген талдау салық бойынша шоттарды қолмен бұғаттау арқылы 36 бизнес субъектісінің заңды құқықтарының бұзылғаны анықталған. Департаменттің ұсынысы Мемлекеттік кірістер комитетінде қолдау тауып, салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесіне өзгеріс енгізу арқылы шотты автоматты түрде бұғаттау функциясы іске қосылды. Сондай-ақ, департамент қазіргі таңда үш құрылыс объектісіне (Жуалы ауданының Б.Момышұлы және Қордай ауданының Қарасай батыр ауылдарындағы спорттық сауықтыру кешендері, Жарлысу ауылындағы су құрылысы) сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде Жуалы және Қордай аудандарындағы спорттық сауықтыру кешендерінде жұмыстар толығымен жүргізілуде. Ал, Жарлысу ауылында су құрылысындағы орын алған су тапшылығына зерттеулер жүргізіліп, жаңа су қоры анықталды. Қазіргі таңда жаңа ұңғыма қазу процесі қолға алынуда.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП