Саясат

Идеологиялық кеңестің алғашқы отырысы өтті

Кез келген елдің өркендеуі үшін рухани фактордың маңызды рөл атқаратыны түсінікті. Ал, бұл саладағы жұмыстар әр мемлекетте идеологиялық саясат арқылы реттеліп отырады. Кейінгі жылдары елімізде тарихымызды түгендеп, ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыру бағытында идеологиялық серпін сезіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде де жалғасын тапқан. Мәселен, облыс әкімдігінің жанынан құрылған идеологиялық кеңестің алғашқы отырысы соның дәлелі.

Жақында ғана құрылған кеңес құрамына облыстың әлеуметтік саласында ерен еңбектерімен із қалдырған белгілі зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мәдениет пен білім, әскери сала мен БАҚ, салаға жауапты мемлекетік орган қызметкерлері мен жастар санатының өкілдері енген. Ал, аталған кеңеске облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов төрағалық етеді. Кеңестің алғашқы отырысында өңірімізде идеологиялық бағытта бірқатар жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын атап өткен Серік Жақсылықұлы қатысушыларға сөз тізгінін беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өз кезегінде кеңес мүшелері тарапынан алғаш болып сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев аймақ ардагерлерінің қоғамдық өмірде белсенділік танытып келе жатқандығын алға тартып, азаматтық қоғам құндылықтарын қалыптастыруда қариялардың үлес салмағы басым екендігіне баса мән беріп өтті.

Сонымен бірге кеңесте ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов БАҚ саласындағы бірқатар мәселеге тоқталып өтті.

Бұған қоса ардагер журналист облыс әкімінің есептік жиынында Саудакент қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу жайлы ұсынысын назарға алып, Сарысу ауданына жұмыс сапарында арнайылап тарихи мекенге барғанымен, бұл жайында облыстың БАҚ беттерінде ешқандай материал жарияланбағандығын да айтты.

Ал, жазушы-драматург Елен Әлімжан идеологиялық жұмыстың деколонизациялық процестен басталу керектігін жеткізді.

Елен Әлімжан. Бұдан бөлек жиында бала тәрбиесі, мектеп жасындағы балаларды қоғамдық еңбекке баулу, патриотизмді қалыптастыру секілді өзекті мәселелер айтылып, кеңес ережесін қалыптастырып, жұмысшы топ құру қажеттігі де айтылды. Еске сала кетейік, бүгінде идеологиялық кеңес құрамында 32 адам бар.

 

Нұрболат АМАНБЕК