Жамбылда «Адалдық сағаты» аясында кездесулер өтті
Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерімен және мектеп оқушыларымен «Адалдық сағаты» аясында кездесулер өткізді.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев өз сөзінде: «Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет» - деп адалдық қасиетінің маңыздылығын атап өткен болатын. «Адалдық сағаты» аясында өткен кездесулерге оқу орындарының студенттері, әкімшілігі мен ұстаздар қауымы қатысып, іс-шаралар барысында қатысушылардың назарына елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттары жеткізілді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен кездесуге департамент басшысының бірінші орынбасары Д.Омаров, университеттің проректоры А.Тұрлыбек қатысып, қоғамда адалдық, әділдік, парасаттылық қағидаттарын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып өтті.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары, өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы, «Бизнеске жол» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобаларының іске асырылу барысы, агенттіктің 1424 колл-орталығы туралы, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жұмысқа орналасу тәртібі бойынша ақпараттар айтылды. Сонымен қатар, арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілімі ұйымдастырылды.
Осы бағыттағы іс-шаралар Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында және колледждер мен мектеп қабырғаларында да ұйымдастырылып, департаменттің басшылық құрамы қатысты. Ұйымдастырылған іс-шараларға 2000 мыңға жуық оқушылар мен студенттер қамтылды.
Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысында «Адалдық сағаты» жалпыреспубликалық акциясы аясында М.Х.Дулати, Ж.Жабаев, К.Әзірбаев, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза, А.Асқаров, Ж.Үшкемпіров мұраларына арналған бейнедәрістер әзірленіп жастар арасында таратылды. Қала, аудан әкімдіктермен бірлесіп, пікірсайыс турнирлері, ақындар айтысы, интеллектуалды ойындар, тед-икс форматындағы конференциялар, сурет, эссе байқаулары және тағы сол сияқты басқа да ауқымды жұмыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар муралдар, бейнероликтер, билборд пен баннерлер, таратпа материалдары және театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобасы аясында әлеуметтік нысандардың құрылысына қоғамдық бақылау жүргізу, бюджет қаражатын үнемдеу, тегін заңгерлік көмек көрсету, таза сессия акцияларына қатысу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге волонтер ретінде 144 белсенді азамат тіркеліп, 200 млн-нан астам бюджет қаражаты үнемделді.