Жамбылда не жаңалық?

Облыс әкімі Тараздағы бірқатар жөндеу жұмыстарының нәтижесін тексерді

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты.

Облыс әкімі әуелі М-1 жылу желісін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жылу желісінің жалпы ұзындығы 6,1 шақырымды құрайды десек, соңғы мәрте 1990 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеуге дейін тозу деңгейі 82 пайыз болатын. Ағымдағы жылы жылу желісінің 4600 метрі жөндеуден өтсе, келер жылы 1500 метрден астам бөлігі қайта жаңғыртылады деп күтілуде. Аймақ басшысы жобаның маңыздылығына айрықша тоқталды. Бұдан соң «Түйте» каналын абаттандыру барысын көрді.

Канал «Ұлы дала» шағынауданы мен «Бурыл» алабы аумағында орналасқан. Бүгінге дейін «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС каналдың 1 738 шақырымын ретке келтірді. Алдағы уақытта тұрғындар үшін қолайлы демалыс орнына айналады деп күтілуде. Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы сегіз каналды кезең-кезеңімен осылай ретке келтіру бойынша бес жылдық жоспар құруды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында Төле би даңғылының бойындағы 11 көпқабатты тұрғын үйді жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен танысты. Жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асқан. «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС-нің мердігерлігімен құрылысқа 110-нан астам жұмысшы мен 8 арнайы техника жұмылдырылды. Бүгінде жұмыстар аяқталған. Алдағы уақытта тағы осы бағытта 16 үйді жаңғырту жұмыстары қарастырылған.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.