Сүйекпен сәнделген сандық
Халықтың көне заманнан келе жатқан өнерінің бір түрі – сүйек бетіне бедерлеп ою түсіру. Сүйек өңдеу – қолданбалы өнердің ең ежелгі түрі. Сүйектен шебер ойылған тоғалар, қапсырмалар, ат әбзелдері, әйелдердің әшекей бұйымдары және еңбек құралдары ел аумағында қола мен ерте темір дәуірінен белгілі. Ұлттың таным-түсінігінен хабар беретін өнер түрімен тұрақты айналысқан халқымызда ХIХ ғасырдың аяғына дейін дәстүр жалғастығы үзілген жоқ. Мұны өңірімізден табылған жәдігер де айғақтайды.
Беті сүйекпен көмкерілген сандықтарды жасау тәсілі әрқилы болған. Мысалы, Шу ауданынан табылып, облыстық тарихиөлкетану музейінде сақталған кебеже ХІХ-ХХ ғасырлардағы қолөнер туындысының ең озық үлгісі саналады.
Шеберлер үшін сүйекті өңдеп, бұйым жасау да оңай іс емес. Ол үшін әдетте шебер ірі қара малдың қабырғасын жақсылап қайнатып алады. Одан соң ортасынан жарып, ыстық суға сала отырып, балғамен ұру арқылы теп-тегіс, түзу етіп алып, бетіне үшкір құралдармен өрнек түсіреді. Көп жерлерде өзінің мазмұнына қарай өрнектелген пластинкалар қысқа болғандықтан көрген көзге жақсы шығу үшін күміспен безендірілген шегелермен бекіткен.
Нұрболат АМАНБЕК