Жамбылда не жаңалық?

Кемшіліктерді жою – міндет, жол бермеу – маңызды

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет – бұл көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.

Осыған орай өңірдегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру, қызметтер көрсету кезінде туындайтын өзекті мәселелердің түйінін тарқату мақсатында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес жиында әуелі облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің басшысы Ғалия Боранбаева баяндама жасады. Ғалия Бектенқызы өз есебінде бөлімнің осы жылдың екінші тоқсанында көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша бағалау көрсеткіштері және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша бақылау шаралары туралы баяндады.

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, ҚР Президенті Жарлығының негізінд е мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бағалау әдiстемесіне сәйкес жыл сайын жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша бағаланады. Яғни, Президент әкімшілігі «Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы» бойынша бағалау рейтингісін қалыптастырады. Бағалау нәтижелері бойынша, облыстың жергілікті атқарушы органдарының көрсеткіші 95,28 балға тең. Дегенмен, аймақ тұрғындарының көрсетілетін қызмет сапасына шағымдану, мерзім бұзу, статистикалық мәліметтерді сапасыз ұсыну, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзу фактілері бағалау нәтижесіне кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді.

Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Әбдірайымов «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесін уақтылы қарамау, яғни мемлекеттік көрсетілетін қызметке жауапты мамандардың өздеріне жүктелген жауапкершілікке жүрдім-бардым қарауы және басшылық тарапынан қадағалаудың төмендігі ойландырарлық мәселе екенін айтты. Сондай-ақ, порталды қадағалау бойынша кесте құрып, жауапты маман бекіту керектігін жеткізді. Талқыға түскен кемшіліктерді жоюды тапсырып, заңбұзушылыққа жол бермеу керектігін ескерткен кеңес мүшелері баяндамашы Ғалия Бектенқызының есебін «қанағаттанарлық» деп таныды. Мұнан соң облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиев есеп беріп, басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Айтуынша, әлеуметтік салада, оның ішінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мансап орталықтары және Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту бөлімдері 24 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде басқармада тікелей 3 және басқармаға қарасты мансап орталықтарында – 4, жалпы алғанда 7 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Қалған 17 мемлекеттік қызмет түрі Тараз қаласы және аудан әкімдіктері арқылы көрсетіледі.

Сонымен қатар, басқармаға қарасты «Еңбек мобильдігі орталығы» мен оған бағынысты мансап орталықтары арқылы 4 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олар – жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу, жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы ақпарат ұсыну, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдамалар беру. Биыл 1 қыркүйекте облыс бойынша 134 696 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 511 қызметке артқан. Оның ішінде электронды түрде 106 349 қызмет көрсетіліп, өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 18 049 қызметке ұлғайған. Сәйкесінше баламалы қағаз түріндегі қызмет 7 443 қызметке азайған. Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мансап орталықтары қызметкерлеріне атқарылған жұмыс көлемі мен сапасына байланысты жалақы төлеудің жаңа пилоттық моделі енгізілмек. Бұл жоба 2026 жылдан бастап республиканың барлық өңірлерінде іске асырылып, халықтың сапалы мемлекеттік қызмет алуына тағы да өзінің оң септігін тигізетін болады.

 

Жанар ОРЫНБАЕВА,

облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы.