Әлеумет

Әлеуметтік нысандарға жылу берілді

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындық және оны өткізу бойынша штаб отырысы өтті. Жиында қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, Тараз қа ласы бойынша бүгінде 5 жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорын жұмыс істейді. Орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы 1730 нысан жылумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, шаһардағы жылу жүйесіне қосылған 1345 көппәтерлі тұрғын үйлер де толығымен жылыту маусымына дайын. Сонымен қатар, денсаулық сақтау нысандары бойынша әзірлік паспорттары жинақталып, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілген. Білім беру мекемелері бойынша да әзірлік паспорттары алынып, екі нысанның жапсарлас құрылысы және жылыту жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Барлық жылу беруші кәсіпорындар газ жеткізу қызметі бойынша «QAZAQGAZAIMAQ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалымен келісімшарт жасалған. Бұған қоса кәсіпорындарда резервтік отын қоры ретінде 1815 тонна көмір, 13 279,6 тонна мазут қоры дайындалды», – деді ол.

Қайрат Әбілханұлы баяндамасында қала бойынша орталық жылу магистралінің құрылыс жұмысы мен жеке секторларға қатты отын жеткізу барысы қалай орындалып жатқанына тоқталды.

«QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалының мәліметіне қарайтын болсақ, қалаға қарасты Құмшағал және Шөлдала шағынаудандары мен 28 саяжай алаптарында жалпы 2989 тұрғын үй газдандыру жүйесіне қосылмаған. Ал, көмір сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде теміржол тарифі тұрақты болған жағдайда, көмір бағасын қымбаттатпайтынын айтып отыр.

Дегенмен, «Қазгидромет» мекемесінің қазан айына арналған ауа райы болжамына қарайтын болсақ, 16-23 қазан аралығында орташа ауа температурасы 5 0С-ге төмендейді екен. Осыған орай, білім беру және денсаулық сақтау нысандарына 7 қазаннан бастап жылу беріле бастаса, ал көпқабатты тұрғын үйлер мен басқа да нысандарға 15 қазаннан бастап жылу беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылатындығы айтылды. Жиында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков жылыту маусымына салғырт қарауға болмайтынын баса айтты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ