Әлеумет

Ауған жеріне алғаш кірген жауынгер

Ауған соғысы – Кеңес одағы тұсындағы тарихтың қайғылы беттерінің бірі. 1972 жылы 12 желтоқсанда келмеске кеткен кеңестік кезең басшыларының шағын тобы Ауғанстанға әскер кіргізу жөнінде шешім қабылдайды. Осылайша, 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО әскері Ауғанстан шекарасына өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін, яғни 10 жылға жуық уақыт соғыс қимылдарын жүргізді.

Өкінішке қарай, көптеген жерлестеріміз, сол тұстағы балаң жігіттер дәл осы соғысқа қатысып, олардың біразы Ауған жерінде қаза тапты. Бұл соғыстың шарпуы Әулиеата өңірін де айналып өткен жоқ. Жамбылдық жауынгерлер Ауған жеріне алғашқылардың бірі болып енді. Солардың бірі – Жаңатай Жақыпбеков. Сарысулық азамат 1960 жылы 21 ауданға қарасты Жаңаарық ауылында дүниеге келген. 1978 жылы туған ауылындағы орта мектепті тәмамдаған ол кәсіптіктехникалық училищеде небәрі бірақ жыл оқиды. 1979 жылы сәуір айында әскер қатарына шақырылған жас жігіт Алматы қаласындағы №77800-ші әскери бөлімде алты ай дайындықтан өтеді. Ал, осы жылдың 25 желтоқсанында дабыл қағылып, әскерилер Алматыдан Термезге жөнелтіледі. Арада 5 күн өткенде олар Ауғанстан жеріне табан тірейді. Ауған жеріне Кеңес әскерлері алғаш рет кіргенде бүгінде «Халық қаһарманы» атанған генераллейтенант Бақытжан Ертаев батальон командирі болатын. Әскери шені – аға лейтенант.

Кейіпкеріміз рота командирі, Ауған соғысы батырының бірі – полковник Байғали Қоқымбаев еді. Парламент Мәжілісінің депутаты болған Бақытбек Смағұловтың «Мен көрген соғыс» атты естелік кітабында Ауған соғысының батырлары жөнінде кеңінен баяндалады. Ал, Жаңатай Жақыпбеков Ауған соғысы жайын еске алғанда жағдай ауыр әрі қиын екенін баса айтты.

Сондай-ақ, ол сол кездегі командирі болған, бүгінде отставкадағы полковник Байғали Қоқымбаев туралы сыр шертті. Айтуынша, солдаттар «Кока» деп атап кеткен командирі нағыз әскери маман бола білген. Ал, оның әскери саладағы білімі мен тәжірибесі, тың тактикалары өзінің қарамағындағы жауынгерлердің өмірін сақтап қалуға септігін тигізіпті. Командир Қоқымбаев әскер қатарына енді ғана келген, соғыс көрмеген, оның үстіне, жат жерге соғысқа барған өзі секілді бозбалаларды әскери ұрысқа тәрбиелеуге күш жұмсаған.

Жалпы, Ауған жерінде Кабул, Жалалабад қалалары, Мазар Шариф, Құндыз провинциясы, өзге де жат жердің аймақтарында болып, ұрыс қимылдарына қатысқан ардагер 1981 жылы маусым айында елге аман-есен оралады. Туған жерге келгеннен кейін Жаңатас қаласындағы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне жұмысқа орналасып, мұнда 40 жылдан аса машинист болып еңбек етеді. Өткен жылдың желтоқсан айында құрметті зейнет демалысына шыққан ол Ауған соғысының жауынгері әрі ардагері ретінде «70 лет ВС СССР», «За сомоотверженный ратный труд в ТУРКВО» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» сынды көптеген медальдармен марапатталған.

Бұдан бөлек, бейбіт өмірде талай рет шынайы алғысқа бөленеді. Қазіргі таңда Жаңатай Жақыпбеков Ауған соғысы ардагерлері ұйымының мүшесі ретінде аудандағы қоғамдық шараларға, жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстарына белсене араласып келеді. Кейіпкеріміздің өмірлік серігі Зура Есенбаева ұзақ жылдан бері кәсіпкерлікті дамытуға өзіндік үлесін қосып келе жатқан еңбекқор жан. Олар 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, 7 немере сүйіп отыр. Үлкен ұлдары Еркебұлан біраз жыл аудандық полиция бөлімінде тер төгіп, полиция капитаны атанған. Ал, ортаншы ұлы Аслан аудандық полиция бөліміндегі жергілікті полиция бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады.

Кенжелері Али Алматы қаласындағы медицина университетінің магистратурасын сәтті тәмамдап, денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Бір анығы, Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің қайқайсысы да азаматтық борыштарына адалдық танытып, қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Демек, сұрапыл соғысқа қатысқан жауынгер ағаларымыз бүгінгі өскелең ұрпақтың Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға әбден лайықты.

 

 Есен ӨТЕУЛІ