Жамбылда не жаңалық?

Облыс орталығында оңды істер жетерлік

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының бүгінгі бейнесі де көз тоятындай көрікті. Күн сайын түлеп жаңарған, сәт сайын заманның талабына жауап беретін кәсіпорындармен, жаңа шағын аудандар, еңселі ғимараттармен толығып отырған Әулиеата шаһарының қарышты қадамы көңіл қуантады. Әлі де жасалып жатқан, жаңғыртылып жатқан қала ішінде жұмыс көп-ақ. Сонымен бірге, шаһардың туған күні де билік назарынан тыс қалып қоймай қазан айында жыл сайын аталып өтілуде.

Биыл бұл мерекені өткізу 12 қазанға белгіленіп, кеш бағдарламасын көңілді өткізу де алдын ала жоспарланып қойған. Жалпы, қала күні бір күнде аталып өтетін ісшара. Ал, шаһардың гүлденуі мен дамуы ұзақ жылдарға жоспарланған бас жоспар арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Осы айтулы мереке қарсаңында Тараз қаласы әкімі Бақытжан Орынбековті сөзге тартқан болатынбыз.

Тараз қаласының үш жылдық даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар аз емес. Мәселен, биыл шаһарда жалпы құны 6,9 миллиард теңгені құрайтын «Alina Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрғақ құрылыс қоспалар зауытын іске қосып отыр. Зауыттың жылдық қуаты 350 мың тоннаны құрайды. Осының есебінен 35 жаңа жұмыс орны ашылған. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, биыл бұдан бөлек, жобалық құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ол жобалар іске асырылған жағдайда жаңа 944 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Бұдан бөлек, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істеуде. Бұл индустриялды аймақта жұмыс істейтін 7 жоба айқындалған. Жалпы оның қатысушылары 74,1 миллиард теңгеге инвестиция салады деп жоспарлануда. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп келеді. Бұл Президенттің биылғы Жолдауында да көрініс тапқан. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыстық және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 18,7 миллиард теңгені құрайтын 386 жоба қаржыландырылған.

Бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеуде. Сауда базарларында жаңарту жұмыстары жол картасына сәйкес жүргізілуде. Ол модернизация жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Қалалық өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес биыл 21035 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күнге нақты 13 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеп отыр.

Жалпы, қазақта «Өз үйім өлең төсегім» деген жақсы сөз бар. Сондықтан баспананы бақыт шамына балайтын 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Қазіргі таңда Тараз қаласында 2522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін елу үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 миллиард теңге, 507 пәтерге «СамұрықҚазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 миллиард теңге қаралған. Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған.

Жыл соңына дейін толық аяқталуы күтілуде. Бұған қоса, 14 шағын ауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің бастамасына 5,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, конкурсқа берілген. Ал, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы