Мәдениет

Тарих пен тағылым тұнған Тараз

Талайғы тарихтың куәсі болған Тараз қаласы ұлттық діңгегіміздің алтын қазығы саналады. Мұнда екі мың жылдан астам уақыт аралығында елдігіміздің тірегі болған құндылықтарымыз бен төл тарихымыз, мәдениетіміз бен өркениетіміз қалыптасты. Мыңжылдықтар аралығында дін мен ділдің, тарих пен тағылымның, сауда мен қолөнердің астанасы болған шаһар тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқан тұста да қайнаған тіршіліктің өрнегін танытып келеді.

Тараз өлкесін мекендеген халықтар мен олардың тұрмыс-тіршілігі, тағдыр-талайы туралы жазылған ең алғашқы деректер Қытай жазбаларында кездеседі. Солардың бірі – біздің заманымызға дейінгі 104-91 жылдары жазылған Цыма Цянның «Тарихнама» еңбегінде ғұн билеушісі ЧжиЧжидің (Шөже) қытай басқыншылығынан сақтанып, Талас маңына ығысқандығы, жергілікті тайпа қаңлылармен бірлесіп күш жиып, бекініс іргесін қалағаны айтылады.

Ал, VI ғасырда Тараз арқылы өтетін Жібек жолының сырдариялық және тяньшандық бағыттары қалыптасып, шаһар әлемдік өркениеттің бір бөлшегіне айналды. Тіпті, осы ғасырдың бел ортасында, яғни 558 жылы Түркі билеушісі Естеми қаған мұнда Византия елшісі Земархты қабылдады. Кездесуде екі ел арасында сауда байланысы жайында келісім және Иранға қарсы шарт жасалды. Кейіннен тарихи мекен қытай басқыншылығына дейін Түркештерге астана болды.

Дәл осы тұста Тараз маңындағы 751 жылы арабтар мен қытайлар арасында өткен Атлах шайқасы күллі түркі халықтарының тағдырын шешті. Орыс тарихшысы А.Бернштам археологиялық еңбектерінде қанды қырғын өткен мекен жайлы «Атлах қаласының орны Тараз қаласына таяу жердегі Жуантөбеде» деп көрсетіледі. Осыдан кейін қытайлар Жетісу өлкесінен шығарылып, Талас маңы түркінің келесі бір заңды мұрагері қарлұқтар қарамағына өтті.

Ал, X ғасырда мұнда Қарахан мемлекеті қалыптасып, 940 жылы Ислам діні мемлекеттік дін деп жарияланды. Осылайша, Тараз шаһары еліміздегі алғашқы Ислам дінін қабылдаған аймақтардың бірі ретінде жаңа дәуірге қадам басты. Тарихта Ерте Ислам кезеңі деп аталатын аралықта Тараздың көші ілгеріледі. Мұны күні бүгінге дейін сақталып, ұрпаққа мұра болып жеткен Айша бибі, Қарахан баба, Бабаджа хотун, Дәуітбек кесенелері мен Жүніс-Қали моншасы, еліміздегі ең алғашқы мешіт саналатын Ерте Ислам мешіті, керуен сарай сияқты жауһар жәдігерлеріміз айғақтай түседі. Осы тұста Тараз көпестердің жиі қатынайтын сауда орталығына айналды.

Бұл туралы ІХ ғасырдың бірінші жартысында математик, географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Тараз бұл көпестер қаласы» деп жазса, X ғасырдағы араб географы Әл-Мақдиси: «Тараз – бақтары қыруар көп, халық тығыз қоныстанған, орлары, төрт қақпасы мен адамдары мекендеген қамалы бар үлкен бекіністі қала. Екінші шепте үлкен өзен, оның ар жағында шаһардың бір бөлігі, оның үстінен өтетін көпір бар. Базар ортасында мешіт үйі тұр», деп дерек қалдырған.

Қараханидтер кезеңінде гүлденудің шарықтау шегіне дейін көтерілген Тараз маңында Жікіл, Төрткүл, Шелжі, Оххум, Хамукет, төменгі Барысхан секілді кіші қалашықтар да бой көтерді. Бұл шаһарлар да маңызды стратегиялық, сауда-саттық, әскери міндеттерді атқарды. Мәселен, Жікіл қалашығы әуелде өзі аттас тайпаның әскери қосыны ретінде бой көтерсе, Шелжі күміске бай мекен ретінде аймақтағы алғашқы металлургиялық орталықтың бірі болған. Сол секілді Баласағұн да Таразбен бір деңгейде дамыған шаһарлар қатарына енді.

Дәл осы алтын ғасырда Тараз теңгелер мен шырағдандар шаһарына айналып, шыны жасау ісі де қарқынды дамыды. Қаланың әлеуметтік-экомикалық тұрғыдан дами түсуі ғылым мен білімнің, мәдениет пен өркениеттің қанат жаюына себепкер болды. Осы кезеңде сұлтан Бейбарыс салған аз-Заһирия медресесінің меңгерушісі болған Һибатулла ат-Тарази, алғашқы ортағасырлық ақындардың бірі Әбу Таһир Мұхаммед ат-Таразилер бастаған Бадр ад-Дин Һибатулла, Мұхаммедхан әл Хусейн ат-Тарази, Әбул Футух ибн Исраил ат-Тарази, Имам Әбул Қасым Махмуд ат-Тарази сияқты Тараздан түлеп ұшқан алғашқы ойшылдардың шоғыры қалыптасты.

Сондай-ақ, Жікілден шыққан Әбу Мұхаммед әл-Жикили, меркілік Саид Мирки, баласағұндық Жүсіп Баласағұннан бөлек, Имам Мұхаммед Баласағұни, Әбу Абдаллаһ пен Аййуб әл-Баласағұнилардың есімі елге танылды. Таразилердің тізбегі өткен ғасырдың соңына дейін үзілмей сақталды. Бұл тізімде Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген алғашқы шығыстық әдебиет теориясының негізін қалаушылардың бірі саналған Шейх Ахмет Тарази, Меккеде пайғамбар мешітін басқарған Махмұд Саид ат-Тарази, өткен ғасырдың басында Ауғанстан Ағарту министрлігінің комиссия мүшесі атанып, білім жүйесін реформалау ісіне атсалысқан Мүбашшир ат-Таразилерді айрықша атап өтуге болады.

Талай тарланбозды түлеткен Тараздың таңғажайыптары шығыс шайырларының да жырына арқау болды. Парсының ұлы ақыны Фирдоуси тараздық сұлулар жайлы: «...Бой жетпеген балапандай Тараз арулары, Тәңір жаратқан әдеп пен наздан оларды»; «...Екі қасы Тараздың садағындай, Кірпіктері қаптаған қара талдай»; «...Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» десе, Рудаки: «...Михрабқа жүзді бұрғаннан не пайда, Көңілі Бұхара, Тараз сұлуларында болған соң», дейді. Сондай-ақ, Низами, Тәбризи, Әдид әлМамаликтердің мәснауилерінде тараздық тұлпарлар мен қолөнер бұйымдарын жырға қосты. Шыңғыс хан жорықтарынан кейін де Таразда тіршілік қайнап жатты.

Бұған шаһарда болған қытайлық монах Чань-Чунь мен француз елшісі Рубруктың жазбалары дәлел бола алады. Ал, 1268 жылы қала маңында әйгілі Талас құрылтайы өтті. Қазақ хандығы құрылар тұста шаһар түрлі шапқыншылықтарды бастан өткеріп, Қоқан хандығына қарсы күрестің орталығы болды. 1864 жылы мұнда патша әскерінің қолбасшысы М.Черняевпен бірге Шоқан Уәлиханов табан тіреді.

Патша қарамағына өткен Әулиеатада 60-жылдары үш шойын балқыту зауыты, тері илеу зауыты, 6 мешіт пен 1 медресе, 6 мектеп, қалалық монша мен сабын қайнату орындары жұмыс істеген. Кейіннен мұнда әр жылдары Сұлтанбек Қожанов, Ораз Жандосов, Қабылбек Сарымолдаев, Тұрар Рысқұлов секілді азаматтар қызмет атқарып, қоғамдық өмірге белсене араласты. Мәселен, Сұлтанбек Қожанов Әулиеатада теңдік мәселесі, жер бөлінісі секілді өзекті мәселерді жиі көтерсе, Ораз Жандосов Сарысу ауданының құрылуына атсалысты.

Сонымен бірге, Қабылбек Сарымолдаев пен Тұрар Рысқұловтың төңкеріс жылдардағы өмірін осы шаһарда өткізіп, Тұрар Рысқұлов Мұхаммеджан Тынышпаевпен бірге Түрксібтің маңызды торабы Шу жерімен өтуі тиістігін дәлелдеп шықты. Бұдан өзге Міржақып Дулатов жазғы демалысын Жамбыл жерінде өткізіп, қала орталығындағы Атшабар базарының қайнаған тіршілігін көріп тамсанған.

Ал, алғашқы әйел журналистердің бірі – Сара Есова Кеңестік Әулиеатадағы алғашқы әйел сотына қатысқан. Бұдан өзге Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин мен жазушы-журналист Мұхамедсалим Кашимовтер де Таразға ат басын бұрып отырған. Сол секілді белгілі этнограф, тарихшы Әбубәкір Диваев осында еңбек жолын бастаса, кейінгі жылдары Шыңғыс Айтматов зооветеринарлық техникумда білім алып, Кемел Тоқаев, Асқар Тоқпановтар Жамбылда қызмет атқарған.

Революционер-жазушы Сыдық Абланов «Мені оқытқан да Тараз, қолымды медрессе – Хусаинияға жеткізген де Тараз» десе, Әулиеатада еңбек етіп, кейіннен дүниежүзіне танылған орыс биологы Константин Скрябин қаланы гельминтологиялық ғылымның отаны деп атаған. Қай елдің тарихына қарасақ та, екі мың жылдан астам уақыт аралығында бұзылмай сақталған шаһарлар қатары аз. Тараз сол тарих өтінде байырғы тұрғынын сақтап қалған санаулы қаланың бірі. Елдігіміздің бастауы, тарихымыздың астанасы саналған шаһар бүгінде қолөнершілер қаласы атанып, тарихтың темірқазығы атауын абыроймен арқалап келеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК