Әлеумет

Дәстүрлі ән дәріптелген дода

Биыл белгілі композитор Кенен Әзірбаевтің туғанына 140 жыл. Қазақ-қырғызға бірдей танылып, Алатаудың дүлділі атанған ақын атын жаңғырту мақсатында елімізде бірқатар мәдени-танымдық іс-шаралар жалғасын тауып, композитор мұралары кеңінен насихатталуда. Осы мақсатта Таразда Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым» ХІІ Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Сонау 2001 жылдан бастау алған конкурсқа осы жылы еліміздің әр аймағынан 45 өтініш түсіп, соның ішінен 18 бен 35 жас аралығында 18 үміткер сайысқа жолдама алған.

Конкурстың шымылдығын салтанатты түрде Кенен Әзербаевтің ұлы, қазылар алқасының мүшесі Бақытжан Әзірбаев пен облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ережеге сай екі кезеңді қамтыған байқауда ҚР Халық артисі, әншікомпозитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Әзірбаев, Мәдениет саласының үздігі, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі Бағлан Бәбіжан мен әнші Саят Медеуов төрелік етіп, әншілер өнеріне баға берді.

Сонымен бірге, конкурсты тамашалауға «Кенен Ата» қорының төрағасы Кенен Әзірбаевтің мұрагер-немересі және насихаттаушысы Мұхтар Әзірбаев пен композитордың келіні Бақытжан Сағынбекқызы арнайы келді. Айтулы кеште Кенен мұраларымен бірге өзге дәстүрлер кеңінен дәріптеліп, ұлттық өнер салтанат құрды. Айта кетейік, байқаудың екінші кезеңіне үздік өнер көрсеткен 9 өнерпаз ғана жолдама алып, ақтық сында бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі үшінші орын жамбылдық Бекарыс Көштаев пен қостанайлық Айбике Таңатароваға бұйырса, екінші орынды алматылық Нұрдана Сәлімхан мен қостанайлық Жасұлан Өтемұратов иеленді.

Сонымен бірге, бірінші орынды жамбылдық Мерей Абуева иеленсе, бас жүлде түркістандық Аружан Сағындыққа бұйырды. Жүлде иегерінің марапатын облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев арнайы табыстап, жас талантқа сәттілік тіледі. Бұдан өзге бірқатар қатысушыларға арнайы жүлде мен естелік сыйлықтар табысталып, марапаттау рәсімінің соңы галаконцертке ұласты.

 

Нұрболат АМАНБЕК