Айтыстың өзін емес, кей ақындардың сөзін сынаған жөн
Қазақ халқының көне мұраларының бірі – ауыз әдебиеті, оның ішінде айтыс өнері. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Айтыс – сөз барымтасы, қайта айтпаса қайтпайды қарымтасы», – деп атап өтті. Тарихы бірнеше ғасырға кеткен атамұра өнерді қорлауға, оған тіл тигізуге болмайды. Айтысқа тіл тигізу қазақ халқын қорлау, қазақы суырып салма қасиетімізді, шешендігіміз бен тапқырлығымызды қорлау деп білеміз. Бұлай деуімізге, қоғамдағы кей жағдайлар, түрлі түсініктер әсер етіп отыр.
АЙТЫСТЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРУҒА БОЛМАЙДЫ
Бүгінде осы асыл мұра айтысқа тиісіп, сынайтындар шықты. Жақында әлеуметтік желіге елімізге есімі белгілі Байбота ҚошымНоғай: «Айтыс – өнер емес» деген тақырыппен сын тұрғысындағы жазба жариялады. Автор жалғыз өзі жорта бермей, есіміне ел құлағын түретін біраз кісілердің пікірін де келтіріпті.
Мәселен, Кәкен Хамзин: «Айтыс өнерінің басы – ауызекі әдіс. Табиғилықтан алыстап кетті. Далалық, сахаралық кеңістіксіз айтыс қайдан болсын?», – десе, әйгілі жазушы Дулат Исабеков беделді баспасөздің бірінде: «Айтыс туралы бұрын да айтқанмын, сол ойымнан әлі айныған жоқпын. Шындығында айтыс дегеніңіз – арзан сөз, жеңіл ұйқас қана. Қорыта айтқанда, айтыс ескірді, оның енді еш керегі жоқ. Дәл осы айтыстың тоқтағанынан біз ұтылмаймыз. Қазақ қашанғы жеңіл сөз, арзан күлкіге алданып, айтыскерлердің айтқан көбік сөзіне малданып жүре береді. Біз де ғылымның, өнердің тілін игерейік, біз де сөзден іске ауысып, дамыған, өркениетті елдердің қатарына қосылайық», – деп пікір білдірді.
Ал, қазақтың көрнекті ақыны, Есенғали Раушановта бір сұхбатында: «Айтыс – қазақ поэзиясының деңгейiн түсiрiп жiбердi, бұл ащы шындық! Қазiр қарапайым қазақ айтыстағы «Әй, ауылың аман ба екен-ай, айналайын-ей» дегендi поэзия деп қабылдап қалды. Сосын Раушанов та сондай өлең жазса дейдi. Бiздiң әдебиет өстi. Заман ағымына сай айтыстың да өз аудиториясы болуы керек.
Оны жалпақ жұртқа тықпалап, «айтыскер ақын» деп жазба поэзияның ауылына сiңдiрiп жiберемiз. «Ұлтшыл болу – ескi шапан кию» деген сөз емес. Жасыратыны жоқ, бүгiнде айтыс адамдарды мақтансүйгiштiкке, бiреудi өтiрiк мақтауға, шоуға айналып барады», – депті.
Міне, осы жазбалардан кейін ойға шомып жүрген кезімізде, жамбылдық жас айтыскер Айтбек Тұрсынбай әлеуметтік желіде «TikTok» арқылы тағы да бір «ақпаратты» айтып үлгерді.
«Қазір кейбір үлкен айтыста мынау тақырыпты айт, мынау тақырыпты айтпа» деп нақты тапсырма береді. Мәселен, қымбатшылық, Олимпиададағы боксшылардың сәтсіздігі, жаттықтырушылар құрамының ауысуы, әскердегі сарбаздардың жағдайы, Елдос Сметовтың алтын медалін тағып суретке түскен сақалдыларды айтпау және бірқатар мәселелерді айтпау керек», – деп сұхбат беріпті.
Жалпы, айтыс туралы әңгіме көп. «Айтыс қазақ, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт секілді көшпелі түркі халықтарынан басқа арабтың бәдәуилер тайпасында, Үндістанның бірқатар халықтарында да болған сыңайлы. Олардың бәрі де оқитын кітабы, патша сарайларында өткізетін мүшәйрасы, тамашалайтын театры жоқ халықтардың қараңғы кезіндегі ас пен тойдың мәртебесін көтеру үшін жасалатын ісшараның бірі болған. Яғни, дәстүрлі думандарда халықтың көңілін көтеретін дала театры тақылеттес десек болады», – деп пікір таратып жүргендер де бар.
Кім не десе де еркі. Сөзінде мазмұн, айғақ болса мейлі ғой. Алайда, көненің көзінде асыл қазынамыз, атамұра өнерімізге дәлелді – дәлелсіз тіл тигізе беру жөн емес шығар?! Бәлкім, айтысты жоққа шығармай, кейбір айтыс ақындарына сын айту жөн болар...
АЙТЫС ӨНЕРІ ЕШҚАШАН ЕСКІРМЕЙДІ
Әрине, жоғарыда айтылғандай, белгілі азаматтардың пікірлеріне де құлақ асуға болады. Бір ғана айтарымыз бар. Атап айтқанда, жақсы ағалар айтқан: «Айтыс ескірді, оның енді еш керегі жоқ. Дәл осы айтыстың тоқтағанынан біз ұтылмаймыз» немесе «Айтыс қазақ поэзиясының деңгейiн түсiрiп жiбердi, бұл ащы шындық!» деген ойларымен келісе алмаймыз. Себебі, атамұра айтысты жоққа шығаруға, айтыс тоқтасын деп кесіп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Қазақ өнері барда айтыс ешқашан ескірмейді. Әр кезде жаңа таланттар шығып, жаңғырып отырады. Қазақ поэзиясының деңгейін айтыс ешқашан түсірмейді, бірақ деңгейі төмен кейбір айтыскерлер түсіруі мүмкін.
Айта алса, сол арзан өлең айтып жүрген айтыскерлерді атын атап, түсін түстеп нақты сынауға болады. Кезінде, марқұм Оразалы Досбосыновтың қарсыласы Дәулеткерей Кәпұлына: Жүйріктей жетпеген бір таңасары, Қуанта алмай отырсың қарашаны. Дәулет-ау, осы біздің айтыс жайлы, Білгіштер білгенінше бал ашады. Неше түрлі пікір бар ел ішінде, Әркім өз білгенінше таратады. Біреулер мүлдем айтыс керексіз деп, Біреулер оған қарсы таласады. Сол жөнінде сен бүгін ойыңды айтшы, Ақылыңның жетсе егер шама-шарқы. Өткір болмаса да мен қабылдайын, Қолды кейде өтпес пышақ қанатады, – дегені бар еді.
Арада жылдар өтсе де аяулы айтыс өнерін жазғыру жалғаса берерін білгендей айтылған осы шумақтың қай жері олқы? Немесе Мұхамеджан Тазабековтің: Келмейді бұл қазаққа сырттан қайғы, Сырттағы елге өзі де сұқтанбайды. Алдын алып көрмеппіз аурудың, Дертің де дер кезінде құнтталмайды. Есіріп есі кеткен жас буындар, Ертең ұлық болғанда жұртты алдайды. Жастарында тәрбие-тәлім болмай, Жұлдызы жанып тұрған ұлт болмайды.
Ағаштың да діңгегін ақтап тұрсаң, Өріктің өзегінде құрт болмайды, – дегені айтыстың қай шамаға өсіп кеткенін көрсетпей ме? Сол секілді түркістандық Бекарыс Шойбековтың, қызылордалық Мұхтар Ниязовтың қай шумағын алып қарасаңыз да тың теңеуге, образға, астарлы әзілге, тереңдікке толы. Ал, қазір еліміздің әр аймағынан Сырым Нығызбай, Бексұлтан Орынбасар, Нұрмахан Жақыпбек және өз облысымыздан Қанат Мырзахан, Дархан Әбдіманат, Алина Айдаралы, Санжар Даярбек секілді талантты жас айтыскерлер шығып, айтыстың туын биік көтеруде. Сонда, айтыс ескірді, тозды, тоқтасын деген пікірлер қайдан айтылып жүр, ондай ойлардың айтылуына қандай негіз бар деп те ойланамыз.
Бұл туралы елге белгілі азаматтардың да пікірін білген едік. Ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов: «Айтыс – қазақтың шешендік сөз өнеріндегі данышпандығы. Айтыскерлер сөздің құнарын бабалардың сөзінен, қазақтықтың өзінен іздеуі керек. Кейбір арзан ойлы, жеңіл сөзді серік еткен айтыскерлер бар. Асыл өнердің дамуын ондай өресіздердің деңгейімен өлшеуге болмайды. Айтыс жаңашыл сипатта, шын талантты айтыскерлердің өнерімен дамып отыруы тиіс», десе, ақын, Мәдениет саласының үздігі Қасқырбай Нарбатыр: «Қазақтың ұлттық мәдениетінің бір қыры – айтыс.
Кешегі Жамбыл, Кенен, Біржан, Сара, Ұлбике, Жаңылдықтың сара сөзі бүгінгі буынның бағдаршамы. Айтыс – елмен сырласу, елдің көкейіндегіні дөп басу. Тапқыр шумақтарды көрерменнің дуылдап қолдап әкететіні бекер емес қой. Айтыс – қазақ тілін дамытудың бірден бір құралы. Өмірдің өзі кейде жауабын айтыстан тауып отыр. Айтыс өрісін тауып, өркендей берсін», – деді. Ал, белгілі айтыскер Алтынкүл Қасымбекова: «Айтысқа отыз бес жыл бойы тер төгіп келемін. Бала күнімнен жаныма серік болған өнер. Айтыс мені көтерді, мен айтысқа лайықты қызмет еттім деп ойлаймын. Ал, енді әлеуметтік желіде жазылып жатқан пікірге келейік. Бір жерінде: «Патша сарайларында өткізетін мүшәйрасы, тамашалайтын театры жоқ халықтардың қараңғы кезіндегі ас пен тойдың мәртебесін көтеру үшін жасалатын іс-шараның бірі болған дейді. Сонда өздеріңіз ойлаңыздар, театр толық дамымаған кезде айтыс елдің ойынан шыққан өнер деңгейінде болған. Бұл – айтыстың биіктігі. Түйіндеп айтқанда, айтыс бұрын болған, қазір де, келешекте де бола береді. Мен бұл пікірді сахнада айтысып, сөз өнерін сезінген адам ретінде айтып отырмын. Жер бетінде бір қазақ қалғанша тұғырдан түстпейтін өнер – айтыс», – деді.
АЯУЛЫ ӨНЕРГЕ ӨМІРІН БЕРГЕН АҚЫНДАР БАР
Аяулы өнер айтыс – қазақтың биік тұғыры, шындықты шырылдатып айтар мінбері. Сол айтыс өнерінде аңызға айналған тұлғалар бар. Әйгілі Есенқұл Жақыпбековты, Халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенованы осы қатарға қосуға болады. Мұндай дара тұлғалар Әулиеата топырағында да бар. Әйгілі Аяз Бетбаев, Шырын Мамасерікова бір кездері сахнаға сән берді. Айтыс өнерінде құбылыс болған Шорабек Айдаров, өзіндік сөз өрнегі бар Айтмұханбет Исақов бар өмірлерін қазақ айтысына арнады. Олар дайындаған шәкірттер қазір еліміздің айтыс өнеріне қызмет етіп жүр. Марқұм Серік Қалиев, Әзімбек Жанқұлиев айтысқа еңбек сіңіріп кетті. Әзімбек Жанұлиев бар болғаны 41 жыл ғұмыр кешсе де, ел арасында тапқыр шумақтары, құлақта әсем әуені қалды. Байзақ ауданында екі жыл сайын Әзімбек Жанқұлиевтың рухына арналған ақындар айтысы өтіп тұрады.
Бұл үрдіс желісін үзбей, жалғаса береді деген тілегіміз бар. Әулиеатаның айтыс мектебіндей мектеп көптеген облыста жоқ. Қазіргі таңда Қанат Мырзахан, Дархан Әбдіманат, Әсет Дүйсебаев, Рай Дөңбай, Айтбек Тұрсынбай, Дидар Апбасов, Дидар Басықараев, Санжар Даярбек, Алина Айдаралы, Айсұлу Жүнісбек, Нұржан Манатбек секілді жамбылдық жастар республикалық деңгейде көш басынан көрінуде. Жастардың соңынан оқушы ақындар да өнерге қадам басуда. Олар қазақ айтысын өрге сүйрейтін айтыстың нағыз келешектері.
P.S. Бір сөзбен айтқанда, айтыс деген – қазақтың рухы. Қазақ халқы барда атамұра айтыс өнері жасай беретіні анық. Айтыскер ақынды аса құрметтеп бағалайтын, төріне шығаратын тұрғындар өте көп. Бұл – айтыс өнеріне деген құрмет. Сондықтан, айтыстың тұғыры қай кезде де биік. Егер сын айтылса, айтысқа емес, ақынға айтылуы керек.
Есет ДОСАЛЫ