Қоғам

Ауылдастар арасында

Елге жасаған сауап іс ерте ме, кеш пе елден қайтады. Қайтқаны емес пе, барыңды бардай, жоғыңды жоқтай аңыз ғып айтып жүреді. Өнеге жолы да осы, тәлім-тәрбие көзі де осы.

«ЖАҚСЫ БОЛСАҢ, ЖАРЫҚТЫ КІМ КӨРМЕЙДІ?»

Жақсы адам айналасына шуақ шашып, жақсылық жасайды. Бұл да өмір шындығы. Біздің ауылда ең жақсы бір адам бар, ол кім десем, есті бала кезімнен ақ халатты дәрігер Орынбасар Қарамолдаев деп ойлайтынмын. Өзі көркем, көркем болғанда да келісті тұлғасы, екі көзі мөлдіреп, қара шашы төгіліп, маңдайы жарқыраған жігіт бұрын-соңды болмағандай. Оның аузынан шыққан әрбір жылы сөзінің лебінен әлгінде әрең сөйлеп, ілбіп басқан пенденің өзі дертінен ілезде құлан-таза айығып кеткендейау деп қаласың. Дәл білмейміз, бірақ естуімізше, көп жыл орыс тілінде орта және арнаулы білім алғанының әсері ме, мейірімге толы ашаң жүзі мен қатқылдау мінезі, жып-жинақы ісі мен диагнозды дәл қоятын дәрігерлік ақыл-кеңесі, сол кезде оның ерекшелеу жаратылысы еуропа мәдениетінен тәлім-тәрбие көрген дара қазақ сықылды сезілетін. Қай сағатта да бос, сылдыр сөзден мүлдем аулақ, алдына қаралуға келген адамның ауруын жазбай танитын, сырқаттың емін іздеген күйі жаныңа шипа болуды ғана армандайтын.

Қалың ауылдастарының «О, біздің Орынбасар Қарамолдаевтай дәрігер қайда?» деп фельдшерлік қосынның өзін кәдімгідей медицина орталығындай еткен адамға ризашылығы әлі де айтылады. Бұл көңіл оның шынайы кәсіби адалдығы мен біліктілігінен, тазалық пейілінен туындаған болатын. Бар ғұмырын халыққа қызмет ету ғибратына арнаған ол қаншама адамның тамырын ұстап, кеселді дәл анықтайтын білім-біліктілігімен қатар өзінің ауылдастарының денсаулығын күзетіп, есен-саулығы үшін жеке өмірінің кейбір тұстарын «саналы түрде кейінге ысырып қойған» оқшау сәті де есте қалды. Сол ескі көз адамдарға қарап тұрсаң, апырай, өзі өмір сүрген қоғамға қалтқысыз қызметімен құрметті болуынан атақ-марапат сұраған жоқ, ешкімнен міндетті қызметіне бірдеңе дәметпеді. Ақ халатты абзал жан деп осындай жағасын кір шалмаған, әдепті, адал, мәдениетті кісілерге арнап айтса керек. Олар ақ жолдан таймаған адам бейнесінде көз алдымызда...

Жас ұрпаққа бұл ертегі кейіпкері емес. Білімге шөлі қанбаған жұрттан екенбіз. Шөлейт аймақтың шаңдағына белшесінен батып өскен жігіттер жан -жағынан анталап, жабысып баққан қалың шеңгеліне малтығып, көміліп қалмай шықты. Кішкене ауылдан түлеп ұшып, кеңбайтақ Қазақстанға танымал болған ардақты тұлғалардың абыройы мен өмір жолы тұнып тұрған үлгі емес пе?! Текті тұқым, жақсы тәрбие, құнарлы топыраққа түскен дән тәрізді, жемісін молынан береді емес пе? Білім-ғылымды, ізденісті серік еткен азаматтар лайықты атақдаңқтан, қоғамдық құрметтен, сыйсияпаттан кенде болған жоқ.

Қазақ оқымыстыларының ортасында олжа салған Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, Алматы технологиялық университетінің президенті Құралбек Құлажанов, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Жетісу мен Әулиеата өлкесінде жерасты су көздерінің қорын зерттеуші ғалым, ұзақ жыл «Алматы гидрогеология» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметін атқарған Сейсенбек Мұстафаев, техника ғылымының докторы, профессор, М.Х.Дулати атындағы Жамбыл өңірлік университетінің үздік оқытушысы Сағатбек Мырзашев, мемлекеттік басқару қызметінде болып, екі мәрте Парламент депутаттығына сайланған Әбдіманап Көпберген, белгілі қоғам қайраткері, жиырма жылға жуық Жамбыл облысында үш ауданның әкімі болған Батырбек Құлекеев тәрізді қалың жұлдызды шоғырда ауылдастардың аты озған, бәсі жоғары болған. Әсте айтулы азаматт ардың әрбірінен мағлұмат беретін дерекдәйектің де бір әдемі тәртібі болуы керек-ақ.

Қазір әр ауылдың мәдени-рухани мұрасы мен тарихи деректері мектеп музейінде сақталған. Бұл өткенді ұмыттырмай, жадыда жаңғыртатын бір істің байламы болса керек. Бірақ, мектептің бір шағын бөлмесі тақырыптық таңдау бұйымдары мен ескерткіш, мұра дүниелеріне едәуір тарлық етеді. Әнеукүні ел ішінен шыққан кәсіпкер ініміз Ерлан Сұлтановтың «Ауылға жаңа заман үлгісінде музей ғимаратын салудың уақыты келді» деген ішкі ойын естіп, ата-бабасының аманатты рухында тәрбие уызы аузынан кетпеген мейірімі мен жанашыр пейіліне қатты риза болдық. Қарбалас, қым-қуыт тірліктің алып қазаны қайнаған Алматы секілді арман қалада өз іскерлігімен біраз шаруаның басын қайырып, кәсіпкерлік жұмысты шыр айналдырған Ерланның бұл бастамасы құдай-ау, іздесең, табыла бермейтін, өтінсең, сұрап ала алмайтын қандай құнды әрі бағалы дерсің. Қазақ мұндайда арғы тектілік туралы сөз айтады. Тегіннен тегін не болушы еді?!

Сөзі тастай, іске алғыр жігіттің қадірменді еңбеккер Сұлтан Сағымбеков қарияның ұрпағы екені есімізге түсті. Жұрт арасында «түйеші Сұлтан» атанған кісінің түбі бақуатты тұқымнан деп келетін арғы атасы Мықы мен Шегебай батырлардың тарихын там-тұмдап қана білетінбіз. Беріде ғана оның жайжапсарына қанықтық. Алты Алашқа әйгілі Үшаралдың көне мешітінің алаңқайында қос батырға ақтасты, мұнаралы күмбезді кесенені орнатқан осы Ерлан ініміз болатын. Қай сыныпта еді, 1970 жылы ма екен, бір күні мектепте дәстүрлі сырласу сағатында Сұлтан жәкемізбен кездесу өтті. Біздің ауылда сол кезде жалғыз түйеші кісі болған. Сыртынан қарағанда орта бойлы, мығым денелі, сұлу мұртты, өңінде бір жылылық шуағы бар кісі залға кірген бойда «Амансыңдар ма, қарақтарым!» деп бірден бауырына тартты. Дауысында әдемі ұяңдық бар екен. Мектеп директоры Әбдіғазит Жылқайдаров ағай өз сөзінде «Төрт түліктің ішінде Ойсылқараны білесіңдер ғой» деп таныстыра бастағанда қонақ болып келіп отырған кісі «Түйені түйе баққан адам біледі» деп бір күлдіріп алды. Расында түйеші жәкем түйе жануары туралы беймәлім деректердің талайын айтты.

Көш-керуен тартқан түйелердің бейнеттен қолтығы бір кеппеген тіршілігі, желмая мінген қазақтың аңыз әңгімелерін естідік. Қос және жалғыз өркешті түйелер, бура, інген, бота дегеннен басқаны естіп көрмеген балалар түйеге қатысты қазақ сөздерінің соншама көп екеніне таңғалыспен аузын ашты. Сұрақ, сұрақтар жаңбырша жауды. Әдемі жымиған Сұлтан жәкем жауап беріп отыр. – Түйешінің еңбегі әр жүз түйеден қанша бота алумен бағаланады? – «Есігіңнің алдында елу інген боздасын»деп аталарымыз да ақ батасын берген. Елу бота – жақсы нәтиже. – Түйе қанша жыл жасайды? – Ең ұзақ жасайтыны З0 жыл. Қызды-қыздымен бір бала «Жәке, ат бәйгесі секілді түйе жарысын өткізуге бола ма?» деп сұрағанда әдемі жымиған қалпында «Қарағым, түйе де жүйрік жануар ғой. Кім біледі, естуімізше, кейбір араб елдерінде түйе жарысы өтеді дейді. Ал, бізде түйені спорттық жарысқа үйреткен ешкім жоқ. Өтінішіңді өкіметке айтайын енді» дегені сол екен, әдемі әзілге орай оқушылар бір-бірімен дуылдасып ала жөнелді. «Түйелерді түйе мініп баққан адамды көргеніміз жоқ... жуас түйе жоқ... буралар ұстатпайды... ботасын қатты қызғанады...

Түйешілер балалары да ылғи ат мініп жүреді. Түйенің жүні өте бағалы. Өркеш еті дәмді болады» деп... Әсері естен кетпес кездесуде Сұлтан жәкеміздің арада зуылдап қаншама жылдар өткенімен «Адам өзінде жоқ қасиеттерін айтпауы керек» деген бір сөзі жадымда қалыпты, мұның тағы бір себебі кездесудің ертесінде әдебиетші мұғалім Несіпбек Шардарбеков дәл осы сөз тіркесінің өзіне қатты ұнағанын айтып, мән-мағынасын өзі жиі жаздыратын еркін шығарма тақырыбына таңдап алған болатын. Қуанса қуана білетін, ренжісе шын ренжитін ғажап адамдардың қасиеті жұғысты болса, қане. Ал, «Ауданда төрт түлікті баққан кісілердің арасында «Октябрь революциясы» ордені сізге ғана беріліпті. Мұның қандай артықшылығы бар?» деп сұраған Қали Туғанбаев деген озат оқушының сорақай бойына (185 см болар) және «завферманың баласысың ғой» деген ауылдастық оймен мейірлене қарап қалғанда айналасы күн орнап арайланғандай болды. Одан әрі: «Бұл мемлекеттің наградасы ғой. Сұрап алған дәрежем жоқ, қарақтарым. Еңбегімді лайықты деп тапқан болар. Түйеші болу үшін ерінбей еңбек етіп, бұл жануарды мәпелеп бағуды білуің керек.

Бала-шағам да шаруаға жәрдемдеседі, соның арқасында менің қарауымдағы мемлекет малының бірде-біреуі шығын болған емес. Қанша, жүз түйе ме, екі жүз түйе ме, барлығы дін аман...» деп біраз сыр ағытты. Біздің ауылда жүрек қалаған кәсіптің атақ-даңқы мен құрметін көтеретін басқа да жағы бар еді, соның арасында «түйешінің баласы», «атақты механизатордың баласы», «жылқышы қарияның кенжесі», «сауыншының қызы», «қошқаршының баласы», «завферманың ортаншысы», «бухгалтер ағайдың үлкен баласы», «Ленин орденді шопанның баласы» деген жайшылықта жиі айтылатын «ауылдастық анықтама» ол кезде кілең еңбек адамының образын ардақтаудың идеологиясы сияқты тым қымбат көрінеді. Бұдан не төмендететін, кіл саяси астар іздеудің қажеті жоқ, қоғамдық түсіністік және ауылдың өзіндік кісілік ділі бар. Жасыратын несі бар, қоғам төңкеріліп ауысқанда бетіне жел тимеген ақ саусақтар емес, көбінесе сол бейнетті жасай білу тәрбиесі қанға сіңген әулеттің, еңбек адамдарының ұрпақтары жаңа заман үдерістеріне тез-ақ бейімделді. Қадірменді атасы ұзақ жыл түйе бағып, шынайы еңбек ері болғанын мақтаныш еткен Ерлан секілді іскер жігіттер жаңа заманда керекті тірлікке тірек болуға жарап, дәулеті мен бақытын ауылдастарымен бөліскісі келеді. Бұл да ошағынан қазан түспеген ауыл тәрбиесінің жемісі. Ата аманатына адалдық.

Құдай-ау, мына ата бөліскен, ақша бөліскен, атақ бөліскен уақытта тапқан дүниесіне, ішкен-жегеніне мәз болып, ата-бабасының мәңгілік мекенін әлдеқашан ұмытып кеткен безбүйректерден сақтасын! Кейде, қызық, адам сенбейтін жағдай да болады. Былай: «Үшарал мен Түгіскен ауылдарының мұзды айдынында қыс айларында шайбалы хоккейден командалық жарыс өтіп, конькимен жүйткіп сырғанау бойынша түрлі бәсеке өтетін» немесе «Ауылдың қақ ортасынан Талас өзенінің суы жарып ағатын» деп айтсақ, қазір жас балалар «соның жұрнағы қайда?» екенін сұрауы мүмкін ғой. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан».

Бүгінгі қазақ ауылына не тән? Дәл осыдан он бес жыл бұрын ауыл кітапханасында бір топ ақсақалдармен ел қамы, қоғам тәрбиесі жайында әңгімелесіп, өткен-кеткен тарихтың тағылымды сабақтары туралы пікір алысқан едік. Жақсы адамдардың ақжарма тілектерін есту де шын бақыт қой. Сол алысты жақындатып, ауыл тірлігін түзеуге жүрегімен жанашыр ағайындық сұхбаттасуда Қалмахан жәкем: «Мейрамбек қалқам, қазір Амангелді газ кен орнын игеру мәселесін естіп жүрміз. Біздің ауылға газ отынын жеткізу қалай болар екен?» деп сұрағанын ұмытқаным жоқ. Бұл бір қол жетпес арман тәрізді еді. Айнала отырған кісілер де елеңдеп, «Не дегеніңіз, болып жатса, қане. Солай болса, қатып кетер еді» дегендей бас изескенбіз. Ең бастысы, Талас пен Мойынқұмның сексеуілді даласынан шыққан кен қорының мөлшеріне байланысты ой айтылған-ды. Ел тілегі оңынан орындалды. Бұл егемен ел болудың арқасында, әлеуметтік дамудың нәтижесінде жүзеге асқан үлкен жетістік екені рас.

Ауылдың әлеуметтік жағдайына жаңа леп әкелді. Жыңғыл, шеңгел шауып, тезек отын жағатын уақыт артта қалды. Қазір қарасаң, көгілдір отынды тасымалдайтын құбыр автожол жиек-жағалауымен жарысқандай. Сары түстес құбыры сан ондаған шақырымға созылған күйінде Талас өңіріндегі Амангелді кенішінен ежелгі қанаттас ағайындардың Бөлтірік, Көшек, Үшарал ауылдарынан асып, Сарысудың Түгіскен, Майлыкөл, Бетпақдалаға қарай жол сілтейтін Шағалалы елді мекені мен байырғы Доспол ауылына дейін жетті. Жаңа заман өзгерістерінің Түгіскен тәрізді ежелден түтіні түзу ауылды айналып өте алмайтыны анық. Өйткені, бұл қалыпты жағдайды жаңғыртуға талпыныстың күшті болуынан, әрі ауыл түлектерінің айнымас менталитеті. Танымалдық феноменін тек игі істер мен ізгі істерден тапқан жұрт.

Және... Жақсы өмір сүру мен абыройлы болып жүрудің жолын, қатал тәртібін жетік біліп, ерте сезінген адал, бір-біріне бауырмал, еңбеккер адамдар тұрады. Жол үстінен не көресің? Мидай далада маң-маң басқан түйелер мен үйір-үйір жылқы, кең өрісте бытырай жайылып жүрген қойешкі ендігі көз сүйсіндіріп, көңілді қуантады. Бүгінгі жазбамызда әңгімелеген аға ұрпақтың көрнектісі Сұлтан Сағымбеков ақсақалдың осы жаңа замандағы ізбасарлары төрт түлікті, оның ішінде түйені мотоциклмен емес, ана американдықтар секілді «Джип» автокөлігімен бағып жүрсе де таңғалмайтын уақыт келді. Бүгінгі жетістікті айтайық. Бұл Түгіскенде қазір жер дүниенің ең әйгілі, жайлы және қуатты жеңіл автокөліктерін көруге болады. Шүкір айтайық. Үлкен ауылда жылдамдық заманының темір тұлпарларын тізгіндеп ұстаған жақсыжайсаңдары мен бай-бағыландары көп. Адалынан айтайық. Бәрі де өскен, өркендеп жатқан ауылын мақтаныш етеді. Жол түсіп ауыл барғанда қаншама ой түйіп, сыр ағытасың. Өйткені, қазақ баласы үшін ауыл – мәңгілік темірқазығы, өмірінің жұлыны. Әйтсе де ауылдың бәрі бірдей емес. Тұрмысы әрқилы.

Біз бір нәрсені түсініп алуымыз керек деп ойлаймыз. Егер азаматтары мықты, елдік мінезді ұрпақтары көп болса, онда ауылдың арқасүйері бар деген сөз. Бірлік идеясы мен ұжымдық ынтымақтастықтың сарқылмас көзі осында жатыр. Жаңа заманның ауылы қандай болуы керек? Біздің қоғамда біраздан бері «болашағы бар не келешегі жоқ ауылдар» деп айтылатын ауыр тақырыптың жиі талқылауға түсіп жүргені де бекер емес. «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді?» деп ұлы Абай айтқанындай, қазір ұлттық құндылықтарды бағалау мен дәстүрлі адами қағидаларды қадірлеудің өзіне түрлі көзқарастар туындап, өзара арпалысқан кезеңде керегесі кең ауыл түлектерінің де адаспай, жаңылмай есейіп, білімді азамат, жақсы тұлға болуын ойлауға да әділетті қадамдар, жаңашылдық қажет.

Ауыл ұғымына ендігі жерде ескі стиль, иі жұмсақ көзқарас, бұрынғыдай тек қонақ күтуге бірыңғай жаралғандай жөн-жо сық мүлдем жарамайды. Сол себепті мемлекеттік қолдаудың мағынасы мен рухани тиімділігі әрдайым алда және ашық тұрғаны абзал. Әсіресе, ауылдарда дәулетті, жеке азаматтардың инвестициялық бастамасы мен меценаттық қызметінің өзіне де ықыласты жағдай туғызу қажет. Бұл сауапты іске зор құрметпен қарау және қадірлеу мемлекеттік мәні бар тірлік. Бұл ретте өркенді өмірді, ар-ұятты, ұлттық абыройды артық көрген ауылдың кешегісі мен бүгінгі шынайы болмысын жан-жақты түсіне білуден артық қандай өнеге болуы мүмкін.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, 
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері