Жаңалықтар

Жаңатас тұрғындары баспаналы болды

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Сарысу ауданына жұмыс сапары жергілікті тұрғындармен кездесуден басталды. Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиын барысында әуелі аудан басшысы Сәкен Мамытов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндады. Оның айтуынша, осы жылдың 1 қазанында аудандық бюджет кірістері бөлігінің жоспары 107 пайызға орындалған. Бұдан бөлек, қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысына сәйкес, инвестиция тартудан өзге барлық салаларда оң динамика қалыптасқан.

Мәселен, есепті кезеңде өнеркәсіп саласында 69,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100 пайызға орындалған. Ал, ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын 6 ауылдық округте жүзеге асыру бағытында 5 миллиард теңге бөлінген.

Мұнан соң, облыс әкімі аудан басшысына азаматтарды жұмысқа орналастыру, ауызсу мәселесін шешу, тұрғындарды баспанамен қамту мен жылыту маусымына дайындық мәселелерін айрықша назарда ұстауды тапсырды. Сондайақ, Ербол Шырақпайұлы биылғы жылдың шілде айында орын алған төтенше жағдайдың салдарынан, дәлірек айтқанда, нөсер жауыннан зардап шеккен жаңатастықтар мемлекет қолдауын шынайы сезінуі қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, Тараз-Жаңатас бағытындағы жол бойында орын алған автокөлік апаттары 12 пайызға артқанын еске салған аймақ басшысы жауаптыларға жылдамдықты асырып, жол ережесін жөнсіз бұзатындарды заң аясында қатаң жауапкершілікке тартуды жүктеді. Ал, жиын соңында бірқатар тұрғындар облыс әкіміне көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, талап-тілектерін ортаға салды.

Мысалы, Түркіст ан ауылдық округінің тұрғыны, «Болашақ» шаруа қожалығының төрағасы Марат Ыстыбаев бидай мен арпа секілді ақ егістің бағасы тым төмендеп кеткенін атап өтті. Ол өз сөзінде облыс әкімінен жергілікті шаруаларға мейлінше көмек көрсетуді сұрады. Ал, зейнеткер Сейітқадыр Әбдіхалықұлы сарысулық жастар үшін жұмыс орындарын ашу мәселесін алға тартса, жалынды жастар қауымының өкілі Бауыржан Балғабаев аурухана салу және оқушыларды автобуспен қамту жұмыстарын қолға алуды сұрады. Өз сөзінде аймақ басшысы барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын жеткізіп, атқарушы билік түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге күш салатынын баса айтты.

Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев Жаңатас қаласындағы №6 шағын ауданында орналасқан қайт а жаңғыртудан өткен көппәтерлі тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады. Облыс әкімінің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында аймақта тұрғын үйлер салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Нәтижесінде жыл өткен сайын тұрғын үй құрылыстарының көлемі арта түскен. Мәселен, биыл облыс бойынша 750 мың шаршы метр тұрғын үйді ел игілігіне беру жоспарланған. Ал, өткен жылы бір мың пәтерлі 19 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2 569 пәтерден тұратын 51 көпқабатты тұрғын үйдің кілті иелеріне табысталмақ. Бұдан бөлек, былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған осал топтар үшін 864 пәтер сатып алынса, осы жылы олардың саны 1 575-ті құрайды деп күтілуде. Айта кетейік, 2023 жылы Жаңатас қаласында 185 азамат баспаналы болса, биыл 3,2 миллиард теңгеге 78 пәтер сатып алу көзделуде. Ал, меншік иесі өз қаражатына жөндеп, бас-аяғы 34 отбасыға қоныс тойын тойлауға мүмкіндік сыйлаған аталған пәтерлер 445 миллион теңгеге мемлекеттік қорға сатып алынған. Өз кезегінде біраз жыл кезекте тұрып, енді ғана өз үйінің кілтін алған тұрғындар дән риза. Солардың бірі – Мәлика Әмірханқызы. Алты баланың анасы осыдан төрт жыл бұрын көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тұрыпты.

Айта кетейік, жас ананың тұңғыш перзенті 13 жаста болса, сүт кенжесі небәрі алты айлық. Көпбалалы ананың ендігі арманы – көз көрген ұлқыздарының білім алуына қолайлы жағдай жасап, олардың болашақта өз мамандықтарының майталманы болуға тәрбиелеу.

 

Есен ӨТЕУЛІ