Әлеумет

Абыройы биік азамат

Талас ауданының Құрметті азаматы, Талас аудандық мәслихатының депутаты Мақұлбек Мырзақұлов асқаралы 60 жасқа толып отыр. Ол саналы ғұмырының 25 жылын сот саласына арнап, Жаңатас қалалық сотында, облыстық сотта судья қызметтерін сапалы атқарған. Төрт жыл бойы Тараз қалалық сотын басқарып, абырой биігінен көрінді.

Мақұлбек Жапарбекұлы туралы әріптестері қай кезде де жылы пікір айтып, жақсы лебіз білдіруден жалыққан емес. Мәселен, Қазақстан Республикасы Жоғары сотының төрағасы болған Бектас Бекназаров: «Өз ісіне жауапты, нағыз адал азамат» деп жоғары баға берген.

Мақұлбек Жапарбекұлы 2023 жылдың наурыз айынан бастап, Талас аудандық мәслихатына Ойық, Кеңес ауылдық округтері бойынша сайланған депутат. Аталған екі округте 6 ауыл бар. Міне, осы алты ауылдың барлық мәселелерін мүмкіндігіне қарай шешуге Мақұлбек Мырзақұлов жауапкершілікпен атсалысып келеді. Атап айтқанда, Ойық ауылдық округіндегі төрт ауылдың көшелеріне тегіс асфальт төселді. Тұрымқұл ауылына таза ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Көктөбе ауылында жаңа мектеп салынып жатыр. Кеңес, Көшек ауылдары көріп отырған игіліктер де аз емес. Міне, осы жарқын істердің басы-қасында Мақұлбек Жапарбекұлы жүр.

Ол – үлгілі отбасының басшысы. 9 ұл-қыз тәрбиелеп, олар өмірден өз жолдарын тауып келеді.

Мақұлбек Жапарбекұлын асқаралы 60 жасымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, жұмысына табыс пен береке тілейміз!

 

Ізгі ниетпен,

жерлес інісі Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.