Әлеумет

Құрыш қолды құрылысшы

Қордай ауданы, Қордай ауылының тұрғыны, аудан аумағына танымал кәсіпкер Дүйсебай Айтқожин

Ол 1961 жылы Қордай ауылында туған. Еңбек жолын Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң, Қордай ауданының Бетқайнар кәсіптік-техникалық училищесінде өндіріс шебері болып жұмысын бастаған. Көп ұзамай Қордай аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, аудандық жастар комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары Дүйсебай Айтқожин «ДТА және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, құрылысқа бет бұрды. Осылайша, іскер азамат жаңашылдыққа да тез бейімделді. Ол Қордай ауданының Көктөбе, Қордай, Ауқатты ауылдарында және Т.Рысқұлов ауданында клубтардың күрделі жөндеуіне басшылық жасаған. Аталған ауданның «Күнбатыс -1», Өтеген, Сарыбастау, Қалқұтты, Степное, Қызылсай, Шу ауданының Саттар Естемесов ауылында дәрігерлік амбулатория салу жұмыстарын жүргізген. Қордай ауданының бірнеше ауылында жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп, аудан орталығына кредиттік серіктестік ғимаратын салып берген. Мойынқұм ауданында, Шу ауданының Төле би ауылында көпір салып, елдің алғысын алды. Мойынқұм ауданының Ақсүйек ауылында көше жолдарын жөндесе, Меркі ауданында су құбырларын жүргізді. Қордай және Меркі аудандарында бірнеше әскери бөлімдер үшін ғимараттар салған. Оның Қордай ауданына ерен еңбегі сіңді деп айтуымызға болады.

Дүйсебай Тегісұлы «ДТА және К» серіктестігін басқарып, құрылыс жұмыстарымен айналысқан жылдары 55-60 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Ол қазіргі таңда да кәсіпкер ретінде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол әр жылдары облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың, Қордай ауданы әкімі және Қордай аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталған. Оның кеудесінде «Тәуелсіздігімізге 25 жыл», «Ата Заңның қабылданғанына 30 жыл» мерекелік медальдары жарқырайды. Дүйсебай Тегісұлы 63 жасқа міне осындай абыройлы іс, жүзеге асқан сүбелі жұмыстарымен жетіп отыр.

Ол сонымен қатар атамұра айтыс өнерінің жанашыры. Жары, белгілі айтыскер Күміскүл Сәрсенбаеваның жоғары деңгейде айтысуына ықпал етті. Қолдау көрсетті. Бірқатар айтыскерлерге және айтыстардың өтуіне демеушілік жасады.

Басына құт пен бақыт орнайды әлі,

Ізгі ісін алға қарай жалғайды әлі.

Жаны жайсаң жақсы адам кім десеңіз,

Ол – Дүйсебай Айтқожин Қордайдағы, – дей келе, Дүйсебай Тегісұлын мерейлі сәтімен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр тілейміз !

Ізгі ниетпен,

айтыс ақыны Есет ДОСАЛЫ.