Жамбылда не жаңалық?

Өзекті мәселелер талқыланды

Amanat партиясының облыстық филиалы жанындағы «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті. Оған аталған аймақтық кеңестің төрағасы Фарида Жүнісова төрағалық етті. Ал, отырысқа партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаев, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Равиль Төлебаев және басқа да азаматтар қатысты.

Жиында өңірдегі әлеуметтік тұрақтандыру қорына бағаның өсу қаупі жоғары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу және күзгі дала жұмыстарының атқарылу барысы туралы мәселелер қаралды. Ол бойынша «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Равиль Төлебаев, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаев және облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілі Қайыржан Оралбековтің есепті баяндамалары тыңдалды.

Іс-шарада кеңес мүшелері тұрақтандыру қорына тауарларды жергілікті шаруалардан сатып алу туралы мәселе көтеріп, делдалдық жүйені жою туралы ұсыныс берді. Сондай-ақ, шаруалардың тауарларын тікелей өткеру бойынша әлеуметтік базарды ыңғайластыру керектігін де жеткізді.

Кеңесте қант зауыттарының өнімді уақтылы қабылдауын қамтамасыз ету мен қажетті субсидия мәселесін шешу туралы жұмыстары да назарға алынды. Бұдан өзге, шаруа қожалықтардың жаңа техникалар алуына жағдай жасау керектігі де ескерілді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ