Жаңалықтар

Ел қорғау –ерге міндет

Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Сондықтан, әрбір ер азамат әскерге баруды абыройлы міндет ретінде сезіне отырып, өз борышын өтеуді естен шығармауы тиіс.

Елімізде 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды жігіттер міндетті түрде әскерге шақырту алады. Осылайша, шақырту алған әрбір азамат Ата Заңға сәйкес Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына қабылданып, елдің тыныштығын күзетуге серт береді. Десе де, мүддесі берік, тәртібі қатал әскери өмірден қашатындар да кездеседі. Әйткенмен, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі екендігін ұғынатындар да жетерлік. Солардың бірі – қызылордалық Қасым Әбдіғани.

Сыр елінің тумасы «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-ші механикаландырылған бригадада мерзімді қызметтен өткен. Былтыр күзде әскерге шақырылған ол әуелгіде мұндағы өмірге үйренісе алмай, отбасы мен жақындарын сағынғанын жасырмайды. Оның үстіне, ерте тұру әрі уақтылы ұйықтауға дағдыланбаған оған темірдей тәртіпке бағыну да оңайға соқпаған. Алайда, оқу-жауынгерлік процестерден кейін бар қиындық артта қалған.

Бұл сарбаздың сөзін жерлесі Мадияр Өтеген де қолдады. Ол өз сөзінде әскердегі қызықтары туралы таңды таңға жалғап айтуға болатынын тілге тиек етті. Жаңа достар тауып, ата-анасы мен туған жерінің қадіріне жеткен ол әскери бөлімнің асханасындағы ас-ауқаттың дәмі өмір бойы есінде сақталатынын жеткізді. Ал, ефрейтор Абылайхан Нұрбай мұнда уақытты бағалауды үйренгенін айтады.

Иә, кешегі жасөспірім бозбалалардың бүгінде иығын тіктеген жас сарбаз атанғаны сүйсінтпей қоймайды. Олар аз ғана уақыт ішінде әскери өмірге бейімделіп, өз борыштарын адал атқарды. Бригада командирі подполковник Жәнібек Құранбеков бұл жауынгерлер әскери өмірде бір үйдің баласындай ұйымдасып, жауапкершіліктері мол екендіктерін дәлелдегенін атап өтті. Енді санаулы күндерден кейін олар отбасымен қауышпақ. Бұл күн сарбаздар үшін, ата-анасы мен ағайын-туыстары үшін тарихи әрі бақытты сәт екені сөзсіз. Осындай ісіне жауапты офицерлеріміз бен әскери қызметшілеріміз, жүрегінде жалыны бар жастарымыз барда тәуелсіз елдің қорғаны берік болары анық!

 

Есен ӨТЕУЛІ