Әлеумет

Тыңғылықты дайындық – қуатты армия тірегі

Кез келген соғыс-жорық әрбір елдің тыныштығын бұзып, берекесін қашыратыны сөзсіз. Осы тұста «Бейбітшілік қаласаң, соғысқа дайындал» деген тәмсіл еріксіз ойға оралатыны да содан. Арқадан Алатауға, Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұланғайыр өлкемізді баһадүр бабаларымыздың мұрасы деп ұғынсақ, әскерилер қашанда қырағылық танытуы қажет.

Өйткені, «аттың жалында, түйенің қомында» жүріп, бар ғұмырын туған елін қорғау жолында жауынгерлік жорықта өткізген ата-бабамыздың аманатына қиянат етпеуге тиіспіз. Ерлік дәстүрін жалғап, кең байтақ даламызға қалқан бола білу үшін жаужүрек жауынгер атану жеткіліксіз. Бұл ретте сардардай сап түзеген мықты сарбаздардан құралған кәсіби армия жасақталғаны жөн. Ал, сол армияның ұтқыр әрі ұрысқа тастүйін дайын болуына кешенді түрде өтетін оқу-жаттығу жиындарының тигізер пайдасы зор.

Тәуелсіз еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтып, түрлі шабуылдардан қорғану амалдарының бірі – ведомствоаралық «Бекет-2024» кешенді оқу-жаттығуы. Жуырда ғана өңірімізде Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері жұмылдырылған дәл осы оқу-жаттығу түйінделді. Еліміздің Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов қорытындылаған жиын барысында қатысушылар дағдарыс жағдайы туындаған кезде қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың түрлі сценарийлерін пысықтады. Мәселен, лаңкестік шабуылға қарсы жаттығулар басталмас бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Айша бибі» оқу орталығының базасында облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына кіретін әскери міндеттілерге атыс дайындығы бойынша сабақтар өткізілген. Мұнан соң, олар өңірлік жедел штабпен өзара іс-қимыл жасай отырып, маңызды мемлекеттік және әскери объектілерді күзету мен қорғау мәселелерін іске асырған. Жамбыл облысында аумақтық қорғаныс бригадасының жауапкершілік аймағына осындай 160 нысан кіреді.

Оқу-жаттығудың бұл кезеңін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі басқа да әскери басшылар қадағалаған. Аймақ басшысы ел ішіндегі тыныштық пен қорғаныс қызметкерлерінің кез келген жағдайға әзірлігін шыңдауды мақсат еткен іс-шара қорытындысында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін баса айтқан еді.

Ал, ведомствоаралық оқу-жаттығудың қорытындысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов бірқатар нысандарды аралады. Ол дағдарыс жағдайлары туындаған кезде азаматтық халықты жинау пункттері орналастырылған орындарға барып, аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерін хабардар ету учаскесі мен әскери міндеттілерді алдын ала жинау пунктінің жұмысын ұйымдастыруды саралады. Бұдан бөлек, кешенді күштер мен құралдардың жинақталуы, олардың материалдық және техникалық құралдармен қамтамасыз етілу мәселелерін зерделеді. Еліміздің Қарулы Күштерінің Бас штабының бастығы жергілікті атқарушы органдар мен күштік құрылымдар бөлімшелерінің өзара іс-қимылының алгоритмдері мен тәртібін айқындайтын осындай оқу-жаттығуларды өткізуде.

 

Есен ӨТЕУЛІ