Ауылдастар арасында
Елге жасаған сауап іс ерте ме, кеш пе елден қайтады. Қайтқаны емес пе, барыңды бардай, жоғыңды жоқтай аңыз ғып айтып жүреді. Өнеге жолы да осы, тәлім-тәрбие көзі де осы.
ТҮГІСКЕН: «БІР КӨШЕСІ БАР ҚАЛА»
Ел ішінде жүрген әңгіме. Бір ғана ауылдастар өмірінен де ешбір уақыт көшінен қалмай, бір-бірінен ажырамастан ұласатын ғибраттар сарынын кейде сағынасың, перзенттік сағынышпен еске түсіресің.
Бәріміз де жас болдық.
Қазақтың аталы сөзін әке-шешелерімізден естіп өстік. Естігеніміздің бәрін жанымызбен ұғына алдық па, жоқ, ұғына алмадық па деп те ойланып қоямыз.
Жер дүниеде не қымбат, не киелі, әрине туған жер қымбат. Киелі жердің елі де текті.
Кіндік қаның тамып, бесікке тербетілген, мәпелеп өсірген еліңнен қасиетті не бар? Аядай ауылды жер- жаһанға танытқан ерлеріңнен ардақты кім бар?
Кейде... Жел құм суырған сол бір ауыл көшесінен қазыналы қариялардың ізін көремін. Ізін көремін де өздерін іздеймін.
Түгі өскен, кең өрісті Түгіскен қай жағынан алып қарасаң да елімен егіз, уақытпен үндес болған байырғы ауыл.
Әне, Мәдениет үйінің маңында тұрған ескерткіш те өзгерген. Кешегі «Күн көсемнің» тас мүсінінің орнына... халықтың жүрегінен өшпей, ерлігі мен еңбегі жадыда жаңғырған Сапақ бидің, Сапақ датқаның сомдалған тұтас тұғыры тұр.
ХХ ғасырдың өткелінде әрісі Әулиеата, бергісі Талас атырабына сөзі өтіп, әділ би-шешендік қасиетімен танылған Сапақ датқаның алуан қырын бүгінгі ұрпаққа бойтұмардай ұстайтын кітап қып қолына беруде белгілі ғалым Нысанбек Төреқұлов, сондай-ақ, осы өңірдің тарихына жетік Әкбарбек Доспанбетов, Әбді Шынбатыров, Абдрахман Асылбеков, Ералы Әбілезов секілді ауыз әдебиетінің мұрасын жинастырып, белгілі бір деңгейде елеулі еңбек сіңірген қаламгерлерді ерекше ілтипатпен атап өткеніміз жөн.
Бұл қарапайым ауылдың атын шығарған бейнетшіл еңбеккерлерінің мемлекет пен қоғам мүддесі үшін төккен тері мен атқарған істерінің табысты болуы және тұрақты түрленуі ғана қатысты емес. Сол мейірімді кісілердің ұрпақтарына берген тәрбиесі мен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіре білуінен таба аламыз.
Қазақ елінің дархан адамдарының осы іргелі ауыл және оның тұрғындары жайында дуалы аузынан тараған дара сөздері де аңызға бергісіз түрлі әңгіме арқауына айналған.
Бояу, реңі нұрлы, нақыштары да әдемі, әуезді желісі де, тарихы да кейінгі ұрпақтың рухани тәрбиесіне таптырмас рухани қазына болып қалғаны рас.
«Ауылына қарап, азаматын таны!» деп тек біздің ауылдастарға арналып айтылғандай болып көрінетін сияқты.
Әулиелі елдің кеңістігі шөлейтті болса да ерекше табиғатқа бай және құнарлы жер. Мидай жазық Ақсай даласы, көкмайса Талас пен Аса өзенінің сағасы, Бекпенбет талы, Доспол бағы, солтүстігінде мұнаралы Ақкесене мен Көккесене, сексеуілді құм алқабының сағым ойнатқан өңірі Үшарал деп ежелден өрнек тартса, жаңасы Түгіскен атымен түгенделеді.
Қазіргі әкімшілік құжатында жазылып жүргеніндей, уақыт тозаңынан аршып алғандай әсерде Тоғызкент (кейінгі аумақтық картада солай көрсетіледі) атауымен тоғысады деп ұйқастырып айтсақ та сол таныс маң, сол киелі жер.
Бір сәт жалт қаратқан сәулелі сөздің өзіне тән ғажап сыр бар. Кейде оны елеп, ескеріп, айта жүрсек, кейде құмға сіңген тұнба секілді жоғалтып алатынымыз бар.
Кезінде ұлы Жамбыл мен кемел өнер иесі Кенен ақындардың Талас өңірінде ізбасары болған Төреқожа ақынның «Ақ шағалалы Үшаралым мен көгілдір айдынды Түгіскенім» деп атамекен табиғатын жырлағаны талайғы өмір суреттері бар емес пе?! Қаймағы бұзылмаған, ұлттық салт-дәстүрді інжу- маржан қалпында сақтаған ауылға сонау алпысыншы жылдары Мәскеуде оқып жүрген Мұрат Әуезовтей ұлтшыл азаматтарды топтастырған «Жас тұлпар» ұйымының бір топ мүшесі ел ішін аралай жүрген сапарында ат басын тіреген екен. Көзбен көріп, естігендерін таспаға түсіріп, қағазға жазған. Қазыналы қариялардан жеткен әңгімеден ұққанымыз бойынша ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің асыл тұяғы емес пе, қоштасар кезде «Біз азбыз ағатайлар, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап, көп болу жағынан маңызды ештеңе жоқ», деп айтқанында айналасындағы адамдар дір ете қалдық, депті. Қытымыр заманның ызғарында ұлттық сананы селт еткізген бір ауыз сөздің өзі неге тұрады?
Беріде болған бір әңгіменің желісі еске түсіп отыр.
Алыста қалған жылдары еліміздің небір танымал өнер саңлақтары Жамбыл облысына жасаған гастрольдік сапарында Сарысу ауданының мақтанышы Түгіскен ауылына да келеді.
Кәдімгі қиян түкпірде жатқан қазақ ауылы, екінші жағынан алып қарасаң, облыс орталығы Жамбыл қаласынан 160 шақырым қашықтықта, Талас өзенінің төменгі сағасында қоныс тепкен ауылды тіптен шалғай деуге де онша келіңкіремейді.
Алыс болса да бір жақын жол бар.
Жүз шақырым деген не тәйірі?!
Араға сан мың шақырымды артқа тастап түу сонау Ресейдің Ленинград, Тула, Омбы ма, Орынборы ма, басқа да республикалардан қала өнерпаздары мен вокалды-аспапты ансамбльдерінің «Түгіскен» асыл тұқымды мал зауытына келіп жатады. Өзгесін білмейміз, біздің ауыл сол кездегі Одақтағы қаракөл елтірісін өндіретін шаруашылықтарды біріктіретін Мәскеудегі өндірістік треске тікелей қарайтын болғаннан кейін де осындай мәдени қамқорлық болды-ау дейміз. Артықшылығы да сонда болатын.
Құт дарыған Таластың дүркірей көтерілген еңбекшіл Түгіскенін төрткүл дүние болмаса да өз жерімізде 1970 жылдары түгел таныды. Жақсы аты бар ауылға қонақтардың да ат басын бұрып, келіп, кетіп жататыны да осындайда қалыпты жағдай еді.
Заманында атағы жер жарған, жұрт көзбе-көз бір көруді армандайтын өнер дүлдүлдерінің бұ жаққа келуіне міне, осындай ауылдың дәулеті мен ажарының бір-біріне сай болып, малды өңір еңбеккерлерінің социалистік жарыста алда және үлкен Мәдениет үйінің салынуы себеп болған шығар деп шамалаймыз.
Жер шалғайлығы деген ұғым себеп емес, алыс-беріс кезде көрші Бішкектен қырғыз театрының «Жәмила» немесе «Алғашқы мұғалім» спектаклін төбесі ашық жазғы клубта көрсетеді, ертесінде Алматыдан жас таланттар Жәнібек Кәрменов пен Рамазан Елебаев Ішкі істер министрлігіне қарасты өнер ұжымымен бірге келеді. Келесі аптада «Сарыарқа» ансамблі өнер көрсетеді. Жамбылдың «Алатау» ән-би ансамблін де көретін боламыз. О, пәлі, эстрада өнерінің ең жарық жұлдызы «Дос-Мұқасан «вокалды-аспаптар ансамблі ең әйгілі алғашқы құрамымен де, араға бірнеше жыл салып екінші мәрте тағы да концерт қойғанын жақсы білеміз. Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының қойылымын тамашалаудың өзі қандай керемет еді. Кәдімгі Шәмші Қалдаяқовпен ғажап ән кешін өткізген күндер сірә, естен шыға ма?
Мұндай сәулелі кезде ауыл өнерпаздары қанаттанып, елімізге әйгілі өнер таланттарымен танысып, олармен тонның ішкі бауындай араласып кетеді.
Ауылға алыс-жақыннан қандай өнер иесі келсе де оларды бірінші кезекте күлімдеп қарсы алатын сыпайылығы мен әзіл-қалжыңы жарасымды, өнерлі жігіт Володя ойға оралады. Біздіңше Бәке ағамыз сондай ашық-жарқын көңілімен, қыр-сырымен көпшілікке ұнамды еді. Бұл қай Володя дейсіз ғой?
Біздің ауылда қазақтың жайын ойлап, жоғын түгендеп жүретін Володя Эбель деген бір жаны жайсаң азамат болды. Өзінің сап-сары шашты, көзі көкшілдеу келген түрі болмаса, қазақша ағып тұрған, шешендік өнердің бұлағынан сусындап өскен, сырнай, мандолин тартып, қазақ әндерін нәшіне келтіріп салған өнеріне сүйсіне қарап, оны неміс баласы деп айту қиын еді.
Саялы Сарысуда да жұртты адамгершілік қасиеттерімен, кісілік адалдығымен жергілікті халықты риза еткен неміс жұртының осындай иманжүзді өкілдері аз болған жоқ. Айталық, аудан орталығы Байқадам (қазіргі Саудакент) ауылында Герольд Бельгер деген мұғалімнің (кәдімгі өзіміздің Гераға, қазақтың ұлттық руханиятына зор үлес қосқан қаламгер, қайраткер Гераға) қазақ балаларын оқытып, үйреткен ұстаздық таланты енді-енді таныла бастаған кезде біздің ауылда Эбель ағамыздың да абыройы асып тұрған-ды. Өзі көп жыл бойы автоклуб меңгерушісі бола жүріп ауылдастарына мәдени қызмет көрсетті. Кәдімгі қазақтың Бәке ағасы жергілікті ағайындармен сыйлы құда-жекжат, бауырмал, жанашыр азамат жағдайында қоғамнан өз орнын тапты.
Абзал жанның бірнеше буын бала- шағасы, ұрпақтары бүгінде тағдыр қосып, бақ қонған Түгіскенінде тұрып жатыр...
Бір ой бір ойды қуып әкетті ғой. Сөзден сөз туындап, әңгіме әңгімеге ұласты.
Сөз кіріспесінің кілтін айтайық.
Сөйтіп, Қазақстан жұрты аялы алақанына салған бір топ әнші-әртістерді ауылдың жақсы-жайсаңдары кеңшар кеңсесінің алдында құшақ жая қарсы алады. Ауданнан «Қазақконцерт» бірлестігінің өнер иелеріне ілесіп келген өкілдердің өзі бір қауым екен. Сол арада атағы жер жарған әншіні және оның қасындағы кісілерді күту үшін үй-үйге бөліп, орналастырады.
Ауылда жаңадан салынған өкіметтің тамдары көп болатын. Бір-біріне ұқсас. Соның бірі...
Ән қанатында қалықтаған композитор Әсет Бейсеуов көліктен жарқылдай күліп түсіп жатып: – Әй, қарақтарым, қорықпаңдар. Мен сендерді әдейі таңдап алдым. Екеуің де Алматыда оқыған екенсіңдер, – депті. Сол кезде жаңадан ғана өкімет тамынан үй алған жас отбасы сыйлы қонақтың бір ауыз жылы сөзден кейін әуелгі сасқалақтаған кейпінен кете бастаған.
– Жоғары шығыңыз! Төрлетіңіз! – деп асты-үстіне түсетін қазақпыз ғой.
Дастарқан жаюлы. Құрақ көрпе салулы. Жұмсақ орындықтар және бар.
– Е, айналайындарым-ай, мына үйлерің қандай жақсы! – деп жастарды мәз етеді. Сосын үй иелеріне қарап:
– Ауылдарыңызда қауын-қарбыз көп өседі екен. Әңгелек бар ма, сары әңгелек, бір тілім жесем бола ма?, – деп сыпайылық танытады.
– Әрине, әрине...
Шөлейтті әрі өзен сулы Талас өңірінің қауын-қарбызының төресі де, тәттісі де, дәмдісі де Түгіскен топырағында өспегенде, қайда өседі дейсің.
Сары әңгелектің сан түрі, сорты дегенді білмейміз, ұзын столдың үстінде домалап жатады. Әп-әдемі, бұл әлемде жоқ әңгелектің иісі жан сарайыңды ашып, керемет дәмімен тіл үйіреді.
Көз жауын алатын, тәп-тәтті әңгелектерді тамсана иіскеп, сүйсінген композитор әңгелек қауынды өзінің қалтасында жүретін бәкісімен жарып, тіліп жеп рахат күй кешеді.
Аз-кем суыртпақтап балалық шағынан әңгіме түзген атақты әнші күн батып, көшелерде жамырай шам жаққан шақта ауыл басшысы Сейітжан Тасыбаевтың қызмет бабында мінетін кербез «Волга» көлігімен Мәдениет үйіне барады.
Ел азаматтары тал-терек, қара ағаш таласа өсіп, жасыл желекке көмкерілген әрі түп-түзу көшелермен жүріп ауыл ішін таныстыруды да ұмытпайды.
Сұлулықты сүйетін өнер саңлағы жолай алған әсерін «Ауыл көшелері бір- біріне ұқсайды ма? Оқтай түзу. Әдемі сәулет пен ұқыптылықтың қолтаңбасын аңғартады екен» деп көтермелей түсіп көңіл хошын білдіреді. Осындағы «ұқсас бір көше» дегені кейінірек кеңейтіп айтар ойын жұптап жеткізудің орнына жүреді.
Ел ішіне кеңінен танымал өнер шеберінің ән-думан кереметі өз алдына, тату-тәтті ағайынның қошеметіне риза болған Әсет ағамыз сахна төрінен «Айналайындар, ауылдарыңыз кілең бір көшеден тұратын қала секілді екен. Еңселі екі қабатты үйлерді көрдім, жақсы-жайсаң адамдарымен сөйлестім, көше бойы самаладай жап-жарық, жұлдызды түндеріңіз бен айлы түндеріңіз де тамылжып тұр» деген ақ еділ лебізіне орай көрермендердің дүркірей қол шапалақтауынан зал іші жарылып кете жаздайды.
Жақсы сөз – жарым ырыс.
Сол заматта көңіл шіркін биіктерге самғайды. Дүниенің бар қызығы болмаса да жақсы өмір сүрудің нұрлы шақтары мен әдемі ой үлкен-кішінің көкейінде жылт ете қалғаны анық еді.
Бұл сара сөз Алматыға да жетеді деп кім ойлаған?! Бірде өзінің төл туындысы «Отырар сазы» ұлттық этнографиялық оркестрінің концерті кезінде Нұрғиса Тілендиев: – Оу, ағайын, жақында композитор Әсет Бейсеуов ағаларың бір сұхбатында ауылдарың туралы «Құм ішіндегі қала» деп айтыпты. Рас екен. Ал, енді мен не дейін. Қазандарыңнан қақпақ кетпеген қара шаңырақ екенсіздер. Еңбекші қазақтардың түзелген тұрмысына куә болдым. Ауылдарыңда малға бай адамдар балаларын оқытудан дүниесін аямайтын мінезді деп естідім, жастарды өнер, білім, ғылымға беріңдер!», – деп аталы сөзін толқи, тебірене айтқан күндерді сірә, кім болса да ой үстінде қуана қабылдаған.
Бұл екі эпизод та ауылдың береке- бірлігіне ащы терін төгіп, өз дәуірінде ардақталған ағалардың, бүгінде арамызда көбісі жоқ, жаны жәннатта болсын, сол марғасқа жандар іргесін қалаған тірліктің арқасында сақталған.
Шын мәнінде, ұмытылмас оқиғаны жадында сақтап, бүгінге дейін оқтын- оқтын еске салатын зерделі ауыл түлектері, ел ағалары, әзиз әже-апалар мен өзін құймақұлақ қариялардың сарқыты деп санайтын қағылез жандар. Солардың бірі – ауылдың көзі тірі шежіресі іспеттес біздің Қалекең. Әңгімешіл, көзәйнегін әлсін-әлсін оң қолымен сипап, түзеп қойып, апыл-ғұпыл ой тарқатар еді. Ұшқан ұя «Түгіскен» орта мектебінде он жыл бірге оқыған сыныптас досым Қали Омаровтың көрген көзі мен естіген сөзінен білгеніміз аз емес. Бал дәурен балалық шақта оның сурет өнеріне талпынысы әжептеуір еді, келешекте Әбілхан Қастеевтей әрбір картинасы теңдессіз бағаға ие ұлы суретшідей болмаса да жолын қуып, нәпақасын өнер еңбегінен таба ма деген үміт болды. Олай болмады, қадірменді Омар ақсақалдың кенже баласы оқуын оқыды да ауыл мәдениеті мен өнерпаздарының жұмысына жегілді де қалды. Жап-жаңа Мәдениет үйінің жарық күндері мен жұлдызды түндері Қалисыз қалай болмақ?
Аппақ арман жолы қайда қалды дейсіз бе? Алматыда жоғары білім алып, ауылдың бас энергетигі қызметіне оралған Әбиірбек Зәуірбеков ағасының 1965 жылдары мектепте салған сан алуан суреттерін таланттың қолтаңбасы, ал менікі оның жанында түкке тұрмайды ғой, деп санаған Қалекең одан да гармон тартып, гитарада ойнап, ұрмалы аспапты музыка әуеніне салып, ән шырқағанды қалап алғанын айтпаса да түсінгенбіз.
Әттең, осы ыңғайда бір ғана өкініш бар. Талай жыл бедерінде мектеп пен клубта, кейінірек Мәдениет үйінің ішкі қабырғасында Жаңа жыл, көктем мерекелерінде ілулі тұрған көлемді картиналар мен бояулы суреттердің таңдаулысын ұқыптылықпен жинастырып, мұрағатта сақтауға келгенде самарқаулық таныттық.
Біздің бала досымыз секілді ауылдастарым арасында қалаға барып, арнаулы орта немесе жоғары білім алған талай қыз-жігіттер ел ішіне оралып, еңбек етті, қызмет атқарды. Туған жерге туын тікті.
Қазіргі ауылдардың тірегі де, арқа тұтар ардақтылары да сол кісілер. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап біздің ауылдың жастары жоғары білім алуға бүтін сынып оқушылары болып ұмтылыс жасады. Елуінші жылдары сегіз жылдықтан он жылдыққа, тіптен он бір жылдық оқу бағдарламасына көшкен мектеп тарихында тұңғыш түлектің бірегейі – Ыстыбек Зәуірбеков ағай Алматыға оқу іздеп барып, жоғары білім алады. Мәскеуде ілім-білімін жетілдіреді. Қыр баласының зейінді қарым-қабілеті мен ерік-жігері оны мансап баспалдақтарына тез көтерді. Мемлекеттік басқарудың саясатына араласқан Ыстыбек аға қырық жасында Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы лауазымында абыройлы қызмет атқарып, жұрт сенімі мен үмітін ақтады.
Сырбаз мінезді, әр сөзіне терең мән беріп, кісілік мәдениетін аңғартып тұратын Ыстыбек ағаның туған еліне деген ыстық ықыласы айрықша сезілетін. Ол кісі ре спублика лық деңгейде түрлі жауапты қызметтерді атқарып, зейнетке дейін ұзақ жыл Қазақ тұтыну қоғамына қарасты «Қаракөл бұйымдары» өндірістік орталығының директоры болды. Сәйкестік пе, қаракөл қой өсіріп, қаракөл елтірісін жұмсақ алтынға балаған ауылда өскен азаматтың дәл сол мекеменің республикалық деңгейде тізгінін ұстағанын айта жүрдік.
Абзал жанның құтты шаңырағында бір кездескенімізде «Аға, ауылға жыл үзбей барып жүресіз, жайлаулар мен қыстауларды аралайсыз. Бәрі таныс жер. Өткен кезеңдер туралы естелік жазып берсеңізші?» деп өтініш еткенбіз. Жылы ғана жымиып, басын изеп күлімдеген қазыналы қария көп ұзатпады, бір шағын жазбасын қолыма ұстатты.
Қуанып кеттім. Оқушы дәптеріне көк сиямен төгілтіп жазылған екен. Жәй мақала-естелік емес, көркем әңгіме. Кейіпкері бала досы – Жұман Мұсаев. Иә, Жәкең екеуінің балалық шақтарында Аса өзені, Қарашоқы жайлауы, Талас өзенінің бір сағасы Астаукөл суында жаз бойы шомылып, ойнап, тайға мініп жарысқаны, ауыл қарияларының алдында ертегі оқып, батырлар жырынан үзінділер жаттағаны, тоқал там мектепте сабақ үйренгені, торғайды қалай аулап, тұзақ құрған «аңшылықтары» жайында бала сезімімен жазған екен. «Мен ондай едім, мұндай едім» деген емес әдеттегідей. Мансап пен байлыққа байланған дүниеден мүлдем аулақ жүрген адамның таза, шынайы пейілін ұқтым.
Шіркін! Балалық шаққа саяхат жасаған ағаның «Жұман шопыр боламын, машина айдаймын деп армандайтын еді. Арманына жетті ғой» деп күліп отыратын. Қалың шашын бозқырау шалған, ер кескінді кісі алыста қалған жылдардың ауыр, жеңілін үнсіз ғана түсіндіргендей.
Жас ұлғайған сайын өз орныңды біліп жүрген дұрыс болады, деп айтар ағалар ақылы.
Дәйім кісілік күрескерлік, бейнет жасау, жанын салып тірлік ету, туыстық қамқор болу ұғыммен өмір сүрген ата- әжелеріміз айтқан Қаратау сырты, Құм мен Шу, кәрі Бетпақ, Талас жағалауы, Әулиеатаға бару, Ташкент асу деген керілген кең дүниенің тылсым сырларынан бұл өлкенің өткен-кеткеніне жетік ел адамының әңгімесін еститінбіз. Ауылдан ұзап шығып, білім алу жолын ашқан Әбу Төлепбергенов, Әбдірәлі Жамбаев, Жамат Төребеков, Сүлетай Қанқожаев, Дүрімбек Әлібеков секілді азаматтардың елуінші жылдың қарсаңында Қапланбек кеңшар-техникумының түлектері болып ауыл тірлігіне оралғанын, Алматының жоғарғы оқу орындарында оқыған ағайынды Кеңе схан мен Асылхан Мырзатов, Әмірхан Мәуленқұлов, Нұрәлі Мәдіомаров, Жолдыбай Ысқақов, Кемал Топиев, сондай-ақ аз білімімен-ақ шаруашылықтың есеп-қисап жұмыстарын шыр айналдырған Мырзатай Жұмаділов, Өметай Мұсаев, Мәулен Туғанбаев және басқа да ат үстінен түспеген, би сөзін айтқан алдыңғы буын өкілдерінің ұзақ тізімін жалғастыра беруге болады.
Малды ауылдың мазасыз әрі қызықты жылдары, әрине қандай да бір оқиғалармен қатар жүретіні белгілі. Бір ұшын айтсақ, Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу ұраны ұйқы қашырған әрі жан таптырмаған, бәлкім, сол заман саясатына қарай мақтаныш туғызған кезең еді.
1981 жылы 8 маусымда Алматыда қой шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесі өтеді. Бұл ел тарихы үшін ерекше кеңес болды. Бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаев қазақша сөйлеп ашып, Үкімет төрағасы Бәйкен Әшімов қазақша баяндама жасады. Сол алқалы жиында 25-тің бірі болып «Түгіскен» асыл тұқымды қой зауытының директоры Сейітжан Тасыбаев та сөз сөйлеп, ерен еңбек табыстарының қыр-сыры мен келешекте атқарылатын маңызды міндеттер туралы айтты. Егер сол алқалы жиында Жамбыл облысынан «шопандардың маршалы», екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев екеуінің ғана сөз сөйлегенін ескерсек, бұл елеулі мәртебе еді. Түгіскеннің көк елтірісі Ұлыбритания елінде өткен халықаралық көрмеге екі мәрте қойылды деген ақпарат қазіргідей аткөпір емес, жұрттың бәрі оқитын санаулы газетте жарияланып жатады.
Ендеше... Елдік берекесі мол ауыл қайда? Тұс-тұстан «Қайдасың, тарлан Түгіскен?» деп ат қойғандай ынтыққан жұрт жақсыны көрмек үшін деп және ойламай ма, бәрі де заңдылық.
Ай сүйген Алматы мен жұлдыздары жарық Түгіскен ауылының арасын жақындатқан сол күндер, сол бақ қонған жылдар, сірә, ұмытыла қоя ма екен?
Ағалардың артында өшпе с ізі мен адал еңбектің өшпес ізі қалды. Сағынышқа ұласқан сыйластық қалды.
Тәуелсіз Қазақстан географиялық картасынан өз ауылымның атауын көрген сайын алыстап кеткен өткен өмірлерінің өкінішінен қызығы көп екенін ылғи да айтып, жазғым келіп тұрады.
Уақыт шіркін бірде білетінінің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз деген сөздің жай үйлесім үшін айтыла салған сәтті бір фраза емес екеніне көзіңді мықтап жеткізерін ол кезде кім ойлаған?
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
(Жалғасы келесі санда)